Accessibility links

Пастор бір ай бойы психиатриялық тексеруден өтеді


Протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

Протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

Протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевты мәжбүрлі түрде тексеру үшін Алматыдағы уақытша қамау орнынан психиатриялық орталыққа әкеткен.

Астанадағы «Благодать» протестант шіркеуінің пасторы, 67 жастағы Бақытжан Қашқымбаевты мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өткізу үшін 5 тамыз күні Алматыдағы республикалық психиатрия орталығына конвоймен жеткізген. Бұл ақпаратты орталықтың аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкері растады.

ОҚШАУЛАУ

Күзетулі камерада отырған Бақытжан Қашқымбаевты бір ай бойы тексереді. Пастор осы уақыт ішінде ешкімді, туыстары мен адвокатын да көре алмайды.

– Ондай адамға тіпті судья мен тергеушілер де жолыға алмайды, – дейді психиатрия орталығының қызметкері.

Оның айтуынша, мәжбүрлі түрде тексеруге келген адамға дүйсенбі, сенбі және жексенбіден өзге күндері сәлемдеме беруге рұқсат етілген.

Пастор Бақытжан Қашқымбаевты психиатрия орталығына алып кеткені туыстары оған тамақ беруге уақытша қамау орнына барған кезде ғана белгілі болды.

– Кеше Алматыдағы туыстарымыз арқылы сәлемдеме бермек болғанбыз. Оны 5 тамыз күні таңертең бір айға алып кеткенін сол кезде айтыпты да есіктерін жауып алыпты, – деді пастордың ұлы Асқар Қашқымбаев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

ПАСТОРДЫ ҚОЛДАУ

«Благодать» протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевты мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өткізу туралы шешімді тергеуші шығарған еді. Ал 19 мамырда Астана қаласының Алматы аудандық соты пастор Қашқымбаевты 17 шілдеге дейін қамауға үкім етіп, кейін ол шараны тағы бір айға ұзартқан.
Пасторға «уағыз кезінде психологиялық әсер ету тәсілін қолданды» деген айып тағылған. Бірақ «зардап шегуші» денсаулығына зиян келмегенін айтады.

Пастор «шіркеуге келушілердің бірі – 34 жастағы Ләззат Әлменованың денсаулығына ауыр зиян келтірді» деп айыпталып, мамырдың 17-і күні қамауға алынған.

Оған «уағыз кезінде психологиялық әсер ету тәсілін қолданды» деген айып тағылған. Бірақ «зардап шегуші» Ләззат Әлменова денсаулығына зиян келмегенін айтады.

Соттың бұл шешіміне апелляция беру ісінен ештеңе өнбеді.

Бақытжан Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, пасторды психиатриялық бір айлық тексеруден өткізу шарасы 5 тамызда басталған, ал оның қамауда отыру мерзімі соңғы рет 17 тамызға дейін ұзартылған. «Сондықтан жуырда тағы бір сот өтіп, пастордың қамақ мерзімін тағы бір айға ұзартуы мүмкін» дейді адвокат.

Пастор Қашқымбаевты құқық қорғаушылар қолдады. Олардың арасында шетелдік ұйымдар да бар. Америкалық Russian Ministries ұйымының Еуразиядағы діни наным-сенім бостандығы жобасының жетекшісі Уэйд Құқық қорғаушы әрі журналист Александр Харламов.

Құқық қорғаушы әрі журналист Александр Харламов.

Кьюсактың Азаттыққа айтуынша, Қашқымбаев діни қызмет туралы жаңа заң бойынша қысымға ұшыраған.

АҚШ-тың діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF) да Қазақстанда діни ұстанымына байланысты «діни араздық тудырды» деген айыппен қамауда отырған екі азаматты дереу босатуға шақырған. Оның бірі – мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өтіп, дені сау екенін анықталған атеист құқық қорғаушы әрі журналист Александр Харламов (63 жаста), екіншісі – «Благодать» шіркеуінің пасторы, «адамның денсаулығына ауыр зардап келтірген» деген айыппен қамауға алынған Бақытжан Қашқымбаев

Александр Харламов ісі халықаралық деңгейде жария болған соң психиатриялық орталық өзін ауру деп шешім шығара алмағанын айтады. Қазір оны Риддер қаласында «діни араздықты тудырды» деген айыппен сотқа тартып жатыр.

АҚШ-тың діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы «бұл екі оқиға, осыдан екі жыл бұрын заңға енгізілген қатаң шектеулермен қоса, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтірді» деп мәлімдеген Аталған шектеулерден соң Қазақстанда көптеген азаматтардың діни бостандығы бұзылғанын атап өткен ұйым «Қазақстан енді Орталық Азияда діни сенім еркіндігі жөнінен көшбасшы ел емес» деді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG