Accessibility links

Пастор Қашқымбаевтың ісі


«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің тұтқындалған пасторы Бақытжан Қашқымбаев уақытша қамау орнында денсаулығына қауіп төніп, тиісті ем ала алмай жатыр деп жазады азаматтық белсенділер.

Қыркүйек айының соңына таман әлеуметтік желілерде «Благодать» пресвитериан шіркеуінің қылмыстық айып тағылып, алты айдан бері Астанадағы уақытша қамау орнында отырған пасторы Бақытжан Қашқымбаевтың үндеуі жарияланды.

Ол бірнеше ауыр дерті бар екенін, тиісті медициналық көмек ала алмай жатқанын жаза келе, тым болмаса ешқайда кетпеу туралы қолхат бойынша үйіне шығаруын сұрайды. Азаматтық белсенділердің жазуынша, Қашқымбаевтың денсаулығы өте нашар.

ШИПА ЖӘНЕ ҚҰДАЙҒА СЕНУ

67 жастағы пастор Бақытжан Қашқымбаевтың екі баласы «Әкеміз сырқат, осыдан үш жыл бұрын жүрек талмасына ұшыраған, аяқтарының тамыры кеңейген. Ауруханаға жатқызу керек. Бірақ тергеушілер әкеміздің денсаулығы мен жасын елемей отыр» дейді.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев әйелі Әлфиямен бірге отыр. Отбасылық сурет.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев әйелі Әлфиямен бірге отыр. Отбасылық сурет.

​Пастор биыл жазда бірнеше апта этаппен айдауда жүріп, Алматыдағы психиатриялық клиникада болды.

Бақытжан Қашқымбаев дінге 47 жасында, отбасымен бірге Қарағанды қаласында тұрғанда жұбайы Әлфия Қашқымбаева дауасыз дерттен айыққан соң бет бұрыпты. Пастордың ұлдары Кәрім мен Асқардың айтуынша, дәрігер-педиатр Әлфия Қашқымбаева Иса пайғамбарға жалбарынған соң дертінен жазылған. «Анамыздың дертінен айыққаны оған қатты әсер етіп, әкеміз христиан дінін зерттеуге кірісті» дейді балалары.

Бақытжан Қашқымбаев Мәскеудегі діни семинарияны бітіріп, діни атақ алып, Астанаға миссионер болып келген.

– Библияны оқи бастаған әкеміз жылдан жылға өзгеріп, өмірін қайта електен өткізді. 30 жылдан астам уақыт тартқан темекісін де бір сәтте тастап кетті. Отбасындағы кикілжіңдер де тыйылды, – дейді Кәрім Қашқымбаев.

Бақытжан Қашқымбаев Астанаға көшкенге дейін Қарағанды политехникалық университетінің экономика және машина жасау кафедрасында жұмыс істеген. Ол – экономика ғылымдарының кандидаты.

Пастордың үлкен ұлы Кәрім әкесінің жолын қуып, дінтанушы мамандығын алған, қазір ол – «Свет любви» пресвитериандық шіркеуінің пасторы. Екінші ұлы Асқар – композитор. Пастор Қашқымбаевтың екі ұлынан алты немересі бар. «Немерелерінің «Атам қайда?» деген сұрағына жауап бере алмай қиналамыз» дейді пастордың ұлдары.

– Балалар бізден «Атамыз пастор болса, сені де түрмеге отырғыза ма?» деп сұрайды. Жан баласына қиянаты жоқ аталарын не үшін қамауға алғанын олар түсінбейді, – дейді Кәрім Қашқымбаев.

Әкелерін не себепті қамауға алғанын пастордың ересек ұлдары да түсінбейді.

– Оны тұтқындаған кезде әкем «нағыз христиан болғаным үшін, қазақ болғаным үшін қуғындап отыр» деді, – дейді Азаттық тілшісіне Асқар Қашқымбаев.

Ағайынды жігіттердің айтуынша, полицейлер шіркеуді тінткен кезде қазақша Библия тауып алып ашуланған.

– Олар бізге «Адамдар мына кітапты оқып, өзгереді» деді. Бірақ Библияны бүкіл әлемде түрлі тілде оқиды емес пе? Оны оқығанда тұрған не бар? – дейді Кәрім Қашқымбаев.

«ҚҰДАЙДЫ, АДАМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН»

«Благодать» шіркеуіне келушілер пастор Қашқымбаев туралы тек жақсы пікір айтады. Мұндағылар оны «бәрін ақ жүрегімен істейтін адам» дейді. Шіркеуге келушілер пасторға қатысты жайт тезірек анықталғанын тілейді.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Отбасылық сурет.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Отбасылық сурет.

– Құдайды, адамдарды өте қатты жақсы көреді. Бір-бірімізге мейірім танытқанымызды естігенде қатты қуанады. Өйткені оның жүрегіндегі ізгілік біздің жүрегімізге де орнады, – дейді пастормен 13 жылдан бері таныс әйел.

Оның айтуынша, пастордың тұтқындалуы көп адам үшін күтпеген жағдай және қасірет болған.

Шіркеудің есімін айтпауды өтінген тағы бір қызметшісі пасторды «ақкөңіл, бауырмал жан» деп сипаттайды.

– Алда-жалда біреуді ренжітіп алса, жасы 67-де болса да, бала сияқты тізерлеп тұрып, жылап кешірім сұрайды. Бақытжан Кәрімович кімнің болсын қайғы-мұңын бөлісіп, жаны қалмай бәйек болып жүреді. Университетте жұмыс істегенде баспанасы жоқ студенттерді үйіне тұрғызатын. Олардың бәрін «балам» дейтін. Шіркеуге келген соң тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерге стипендия тағайындады. Жаны жайсаң кісі. Жаратылысынан ізгі жүректі адам деп осындай жандарды айтса керек, – дейді шіркеу қызметкері.

Шіркеуге келушілердің айтуынша, пастор шахмат ойнағанды, серуендеп, балық аулағанды жақсы көреді.

– Ғұмырында қармаққа ілетін құрттан басқа ешкімге қиянат жасамаған адам, – дейді Кәрім Қашқымбаев.

Бірақ пастор туралы жылы лебіз білдірген адамдар «жұмысыма немесе туыстарыма кесірі тимесін» деген қауіппен аты-жөндерін атамауды өтінді. Олардың кейбіреуі «тиісті адамдар» сөйлесіп, «Шіркеуде не болып жатыр? Діни қауымға неге мүше болдың?» деп сұрағанын айтады.

ПАСТОРҒА ҚАРСЫ ІС

Өткен жылдың ақпан айында шіркеуге келушілердің бірі Ләззат Әлменованың анасы «пастор Бақытжан Қашқымбаев уағыз кезінде қызымның психикасына әсер етті» деп полицияға арыз жазады. Бірақ Ләззат Әлменованың өзі «Ақыл-есім дұрыс. Пасторға тағатын ешқандай кінәм жоқ, «Адам денсаулығына қасақана ауыр зардап келтіру» бабы бойынша оған қатысты қозғалған істі жабуды талап етемін» деп, түрлі ведомствоға арыз жазды.

Ләззат Әлменованың мәлімдеуінше, анасының полицияға арыз жазуына екеуінің арасындағы жанжал себеп болған. Мұсылман анасы қызының христиан дінін қабылдағанын құптамаған. Бірақ Ләззат Әлменованың бұл мәлімдемелері еленбей, оны психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызып, дәрігерлер «параноидтық шизофрения» деген диагноз қойған. Бұл диагнозға пастор Қашқымбаевтың ұлдары да күдіктенеді.

Пастор Бақытжан Қашқымбаевтың арызының алғашқы беті. Астана түрмесі, 19 шілде 2013 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаевтың арызының алғашқы беті. Астана түрмесі, 19 шілде 2013 жыл.

​– Тергеушілер «Сіз құдаймен сөйлесесіз бе?» деп сұрайды. Діндар адам қалай жауап берсін? «Иә, онымен дұға арқылы, Библияны оқу арқылы сөйлесемін» дейді. Тергеушілер «Құдаймен сөйлеседі екен, демек ол – шизофреник» деп жазады. Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын, іске тіркелген қағаздан оқыдым, – дейді Асқар Қашқымбаев.

Биыл мамыр айынан бері қамауда отырған Бақытжан Қашқымбаев айыпты деп танылса, үш жылдан жеті жылға дейін сотталуы мүмкін. Оны тамыз айында Алматыда психиатриялық сараптамадан мәжбүрлі түрде өткізді. Құқық қорғау ұйымдары мұны «диссиденттерді тұқыртудың советтік практикасының қайта жандануы» деп атайды.

РИМ ПАПАСЫНА ХАТ

Пастордың отбасы Рим папасы Францискіге жолдаған хатында «өз өкілеттігін асырып жіберген ұйымның бұрмаланған ұйғарымы негізінде жалған айып тағылды» деп жазылған.

Пастордың ұлдары «Әкеміздің тұтқындалуы – шіркеуге келушілерді қорқыту- үркіту амалы және ислам дінінен христиан дініне өткен этникалық қазақтарға қарсы ескерту шарасы. Бұл – қолайсыз діни топтарға қарсы үлкен қуғын-сүргіннің бастамасы» дейді.

АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі мәселелері жөніндегі комиссиясы «Благодать» протестанттық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевты қамаудан босатуға шақырды. Америкалық ұйым «Қашқымбаевтың ісі мен діни қызмет туралы осыдан екі жыл бұрын қабылданған даулы заң Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, көптеген азаматының дін еркіндігі құқығын шектеді» деп мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG