Accessibility links

Отбасын табу


Артем мен Кристинаны асырап алған Валентина Шитикова. Алматы, 4 маусым 2016 жыл.
Артем мен Кристинаны асырап алған Валентина Шитикова. Алматы, 4 маусым 2016 жыл.

Балалар үйінен екі бала асырап алған Алматы қаласының тұрғыны патронат отбасы болу тәжірибесімен бөлісті.

42 жасар Валентина Шитикова балалар үйіне қыз асырап алуға барғанын, бірақ алдымен Артем есімді ұл баланы жолықтырғанын, кейін Кристинаны да бауырына басқанын айтады.

1997 жылы Валентина алматылыққа тұрмысқа шығып, Ақтөбеден Алматыға келеді. Күйеуі Ақтөбенің ұшқыштар даярлайтын училищесінде оқиды, оны бітірген соң әлемнің түрлі елдеріне ұшады. Соңғы жылдары Африкада жұмыс істеп жүріп, емделмейтін сырқатқа ұшырайды, содан дүние салады.

Олар 15 жыл бірге өмір сүреді, бір-бірін қатты жақсы көреді. Өткенді еске алған Валентина денсаулығында айтарлықтай кілтипан болмағанын, бірақ жұбайы екеуі «бала көтеру тұрғысынан бір-біріне сай келмегенін» айтады.

- Ұзақ уақыт өмірдің мәні туралы ойлана келе балалар үйінен бала асырап алуды ұйғардым, - дейді Азаттыққа Валентина Шитикова.

Оның айтуынша, балалар үйіне ұзақ уақыт барған, оларды бақылап жүрген, солайша 2011 жылдың соңында патронат ана болу туралы шешім қабылдаған.

Ол кезде Кристина бес жаста, ал Артем онда болған екен. Валентина олардың туған ағасы мен қарындасы екенін кейін біледі. Фамилиялары бірдей – Сечкиндар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Валентина Шитикованың патронат отбасы

Туыстары басында Валентинаның таңдауын құптамайды, тек біраз уақыт өткен соң ғана оған көмектесе бастайды.

- Есің дұрыс емес деді. Ерлі-зайыптылар балаларды тәрбиелеуге алуға жүрексінеді, ал сен екі баланы жалғыз өсірмексің деп жан-жағымнан шулады. Бірақ мен қырсықпын, алған бетімнен қайтпаймын, - дейді Валентина Шитикова.

Артем мен Кристина - қазір оның үлкен көмекшілері. Кристинаның денсаулығында ақауы бар – қолының сол жақ білегізі дұрыс жетілмеген, бірақ оның ашық-жарқын, елгезек болуына кедергі келтірмейді. Патронат анасы оның өте мейірімді екенін айтады.

- Балалар мен «жаңа ананың» бір-біріне үйренісуіне біраз уақыт кетті, шиеленісті жағдайлар да болды, кейде тіпті мүлдем түсінісе алмаған кездер де бастан өтті. Бірақ бәрі тез қайтатын: бөлмелеріне тарап кетіп, сәлден соң татуласады, - дейді Валентина.

Балаларға патронат қамқоршы болу кезінде айтарлықтай қиындықтар туындамады, тек өте көп құжат жинау керек болды дейді ол. Балаларды отбасына патронат үлгісінде қабылдаған жағдайда баланың заңды өкілінің құқығы мен міндеттері отбасы мен баланы патронат тәрбиелеушіге берген қамқорлыққа алу мекемесінің уәкілетті қызметі арасында бөлінеді.

Валентина Шитикованың асырап алған қызы Кристина Сечкина. Алматы, 4 маусым 2016 жыл.
Валентина Шитикованың асырап алған қызы Кристина Сечкина. Алматы, 4 маусым 2016 жыл.

Валентина Шитикова балаларды бір жылға алады, жыл сайын шартты ұзартып, қол қойып отырады. Алматыда оның үш бөлмелі пәтері бар. Өзі ұзақ уақыт бухгалтер болып жұмыс істеген. Күйеуі тірі кезінде жеке кәсіппен айналысқан, дүкенді жалға алған. Жақында өзінің оптикалық дүкенін ашты.

Ол патронат ана ретінде мемлекеттен қаржылық көмек алады.

- Патронат педагогтың жалақысы 35 мың теңге, әр балаға 20 мыңнан артық береді. Бұл қаржы бізге жетіп тұр, өзім де жақсы қаржы табамын. Саяхатқа шығуға тырысамыз, өткен жылы Түркияға бардық, биыл ол қауіпті, Алакөлге барамыз, - дейді Валентина Шитикова.

Бос уақытында отбасы тауға шығып, саябақтар мен желекжолдарды аралағанды ұнатады. Балалар әр жазда «Спутник» балалар лагерінде тегін демалады. Биыл Кристина - үшінші, ал Артем сегізінші сыныпты бітірді.

Әңгімеге Артем араласып, әр демалыс сайын үйді жақсылап жинайтындарын, Кристинаның жұмыртқа қуырып, ботқа пісіргенді ұнататынын айтады. Аяғына шеге кіріп, анасын таба алмай жүрген Артемді балалар үйіне бейтаныс адамдар әкеп тастайды. Біраз уақыттан соң одан бас тартады, кейін №1 Алматы қалалық балалар үйіне қарындасы Кристина да келеді. Балалар үйіне патронат ана да, балалар да құрметпен айтады.

- Балалар үйінде тамаша педагогтар бар, Кристинаның сүйікті тәрбиешісі – Ұлдана мама. Ол жерге жиі барамыз, басқа балалармен кездесіп тұрамыз. Балалар өз ата-анасын еске алғанды ұнатпайды, бірақ кешіреміз дейді, - дейді Валентина Шитикова.

Балалар үйіне жиі барамыз, басқа балалармен кездесіп тұрамыз. Балалар өз ата-анасын еске алғанды ұнатпайды, бірақ кешіреміз дейді

Кристина Валентинаны мама деп атайды, ал Артем атын айтады. Отбасына көршілері, құрбылар және марқұм болған ерінің достары көмектеседі. Киім-кешек, азық-түлік әкеледі, мектеп формасын мемлекет береді екен.

Валентина балаларға жоғары білім беруді жоспарлап отыр. Қазір Артем спорт мектебіне барады, семсерлесуге қызығады. Кристина ағылшын тілін үйреніп жүр, биге барады. Артем тоғызыншы сыныптан соң Суворов училищесіне бармақ, ал Кристина жануарларды жақсы көреді, патронат анасының айтуынша, оның ветеринар болуы мүмкін.

Артем Азаттыққа Валентина анасын қатты жақсы көретінін және ешқашан ренжітпейтінін айтты. Оның ата-анасы, туыстары бар, бірақ оларды мүлдем көрген емес. Оған Валентинаның қасында болған жайлы, балалар үйіне оралғысы келмейді.

Орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG