Accessibility links

Анасы түрмедегі ұлының денсаулығына алаңдайды


Павлодардағы түрмесі тұтқындары туыстарының түрме алдына жиналған кезі. 16 қыркүйек, 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Павлодардағы түрмесі тұтқындары туыстарының түрме алдына жиналған кезі. 16 қыркүйек, 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресми орган «Дутчактың түрмеде қысым көрмегенін» Азаттыққа енді ғана мәлімдеді. Тұтқынның анасы кездесу уақыты жетсе де ұлын көре алмай отырғанын айтып шағымданады.

Павлодар қаласындағы АП 162/4 қатаң режимдегі колониясында отырған сотталушы Юрий Дутчактың анасы Татьяна Дутчак түрмедегі ұлын уайымдап жүр. Ол желтоқсанның басында Юрий Дутчакты біреулер аяусыз сабап, азапқа шыдамаған ұлы тілін шайнап тастағаны жайлы хабар алғанын айтады.

«ҰЛЫМ ӨЗІНЕ ЕШҚАШАН ҚОЛ ЖҰМСАМАС ЕДІ»

Татьяна Дутчак содан бері колонияға қанша барса да ұлының жағдайын біле алмағанына, тіпті онымен желтоқсанның 11-і күнгі ұзақ мерзімді заңды кездесуін де ала алмағанына наразы.

– Қазір олар ұлымды мүлде көрсетпейді. Себебі оны ұрып тастаған. Тілін 11 жерден тілген дейді. Оны сондай деңгейге өздері жеткізген, – дейді Татьяна Дутчак.

Оның сөзінше, колония әкімшілігі ұлының үстінен «өз-өзіне қол жұмсау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғамақ болған, бірақ Юрий Дутчак колония басшысын кінәлап өлім аузындағы хатын жазған соң іс қозғауды тоқтатқан.

– Менің ұлым ешқашан да өз-өзіне қол жұмсамас еді. Себебі оның түрмеден шығуына аз-ақ ғана уақыт қалған. 2015 жылы қаңтар айында шығуы керек. Оның бес баласы бар, балаларын ол қатты жақсы көреді. Соларды көру үшін түрмедегі соңғы күндерін санап жүрген. Бәрі де оның өз-өзіне қол жұмсамайтынын біледі, – дейді тұтқынның анасы.

Татьяна Дутчак түрме әкімшілігінің енді ғана желтоқсанның 19-ында ұлымен кездесуге рұқсат бергенін айтты.

«ДУТЧАКҚА ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛГЕН ЖОҚ»

Азаттық Павлодар қаласындағы АП 162/4 қатаң режимдегі колониясында отырған Юрий Дутчактың денсаулығы жайлы мәліметтерді растауын не терістеуін сұрап, республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) хабарласқан еді. ҚАЖК Дутчактың азапталғаны туралы мәліметті жоққа шығарды.

«Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті АП 162/4 мекемесі әкімшілігі тарапынан сотталған Ю.Ю.Дутчакқа қандай да бір психологиялық, физикалық, моральдық қысым көрсетілген емес. Қазіргі таңда сотталған Ю.Ю.Дутчактың денсаулығы қанағаттанарлық» делінген ҚАЖК Азаттыққа желтоқсанның 15-інде жіберген ресми жауапта.

Ал АП 162/4 қатаң режимдегі колониясы басшылығы Юрий Дутчак жайлы сауалымызға телефон арқылы жауап бермейтінін айтты.

«БҰЛ ЖҮЙЕНІ ҚАЛАЙ ТҮЗЕТУГЕ БОЛАРЫН БІЛМЕЙМІН»

Түрмедегі Юрий Дутчактың «соққыға жығылғаны туралы» алғаш хабар таратқандардың бірі, Шығыс Қазақстан облысында тұратын құқық қорғаушы Наталья Малышева «Қазақстан түрмелерінде мұндай оқиғалар жиі болатынын» айтады.

– Сотталушының денсаулығын тексеру үшін құрылған арнайы медициналық комиссия құрамында міндетті түрде тәуелсіз сарапшы болуы керек. Себебі мұндай комиссия келген кезде оларға жақсылап тұрып дастархан жаяды. Комиссия сотталушыларға тіпті бармайды да, «бәрі жақсы, бәрі дұрыс» деп жаза салады. Бұл жүйені қалай түзеуге болатынын мен білмеймін, – дейді құқық қорғаушы.

Қазақстан түрмелеріндегі азаптау оқиғалары – елдегі құқық қорғаушыларды ғана емес, халықаралық ұйымдарды да алаңдатып отырған мәселелердің бірі.

Қазақстандағы адам азаптау оқиғалары қарашаның 17-18-і күндері БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде де сөз болған. БҰҰ комитеті тәртіп сақтау орындары қызметкерлерінің азаматтарды азаптауы жайлы көптеген хабарларға қатты алаңдаған. Комитет мүшелері Қазақстан билігін азаптау мен қатыгездікте «нольдік деңгейдегі шыдам» саясатын іске асыруға шақырған. БҰҰ өілдері сөзінше, кез келген зорлық болмайтынын, мұндай іске қатысы бар кез келген қызметкер жазаға тартыларын анық мәлімдеу керек. БҰҰ комитеті Қазақстандағы қамау орындарының бәрін бейнекамерамен және дауыс жазу құралдарымен жабдықтау керегін айтқан.

Қазақстан үкіметі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің түрмедегі жағдайды оңалту жайлы айтқан ұсыныстарын алдағы төрт жылда орындауы керек.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG