Accessibility links

Қамаудағы редакторға әріптестері адвокат іздейді


Қазақстандық басылымдар. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық басылымдар. (Көрнекі сурет)

«Версия» газетінің журналистері зорлық туралы зерттеу жасаған соң қамалған бас редакторына адвокат іздестіріп, мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаеваға ашық хат жазып, қол жинап жатыр.

Павлодар облыстық «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин мамырдың 16-сы күні екі айға қамауға алынып, Павлодардың тергеу абақтысына түскен. Редакция ұжымы қазір оны қорғайтын «білікті әрі тәуелсіз» адвокат іздестіріп жатыр.

– Бүгін (мамырдың 20-сы күні) Астанадан бір адвокат келді. Бірақ ол бұл іске әлі кіріскен жоқ. Өз басшылығымен ақылдасу үшін, Астанаға қайтып кетіп қалды, – деді «Версия» газетінің тілшісі Тамара Абубакарова.

Оның сөзінше, қазір Ярослав Голышкинді қорғап жатқан жергілікті адвокат «уақыты жоқ, жұмысы көп, оның үстіне ақпарат құралдарымен байланысқа жоқ адам». Сондықтан журналистер «білікті әрі тәуелсіз, оның үсітне әрдайым журналистерге ақпарат бере алатын» адвокат іздейді.

– Ондай адвокаттың қызметі аз ақшаға түспейтінін білеміз, Голышкиннің отбасы қазіргі адвокаттың өзіне 200 мың теңгедей төлеп отыр. Сондықтан көпшіліктен көмек сұрап, ақша жинау туралы ұсыныс айттық. Қанша керек екенін де, қанша қаржы жиналатынын да әзірге білмейміз, – дейді Тамара Абубакарова.

38 жастағы Ярослав Голышкин «Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан ақша талап ету ісі» бойынша тергеліп жатыр. Әріптестерінің сөзінше, ақпан айынан бері Павлодарда «облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады» деген сыбыс шыққан. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған соң, Голышкин журналистік зерттеу жасаған. Журналист зорлық оқиғасына қатысты бір қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Голышкинге мәлімет жинауға көмектескен адамдар кейін Қанат Бозымбаевтан ақша талап еткен. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе куәгер болып танылған. Енді ол күдікті ретінде қамауға алынды.

Жергілікті БАҚ-қа түсініктеме берген Павлодар облысының прокуроры Мұхтар Жөргенбаев «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин аса ауыр қылмыс істеді деген күдік бар, оған қатысты айғақтар жиынтығы бар» деп мәлімдеген.

Алайда Голышкиннің әріптестері «бұл – қателік, не бұған дейін жергілікті әкімдікке байланысты мақалалар жазып жүрген редакторға қарсы жасалған шара» деп біледі. Сондықтан қамаудағы журналистің әріптестері мейлінше қорғау амалдарын қарастырып жатыр. Редакция қазір парламент мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаеваға ашық хат жазып, қол жинау үстінде.

Бұл жайтқа қатысты комментарий алу үшін Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен хабарласу мүмкін болмады. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов «ешқандай түсініктеме бермейтінін» айтты.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG