Accessibility links

Павлодар әкімі шағымдарды SMS арқылы қабылдайды


Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов тұрғын үйдің жылу құбырларын тексеріп жүр. Павлодар, ақпан 2012 жыл. (Сурет әкімнің ресми сайтынан алынды).

Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов тұрғын үйдің жылу құбырларын тексеріп жүр. Павлодар, ақпан 2012 жыл. (Сурет әкімнің ресми сайтынан алынды).

Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке қала тұрғындарының арыз-шағымы мен ұсыныстарын жеткізіп тұратын арнайы веб-сайт аз болғанға ұқсайды. Ол қазір жұрттың арызын SMS арқылы қабылдай бастады.


Павлодар әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Әлмұхамбетова Азаттық радиосына хабарлағандай, SMS арқылы әкімге күніне 50, ал аптасына 300-ге жуық арыз-шағым, ұсыныс түскен. Әкімге жіберілген алғашқы SMS хабарламаларда қаладағы ең күрделі мәселелер айтылған. Олар – қоғамдық көлік, жылу құбыры мен баспана мәселелері. Әкім кейбір іске қатысты абонентке бірден қоңырау шалып, өзі жауап берген екен.

«ӘКІМ ӨЗІ ҚОҢЫРАУ СОҚТЫ»

Әлия Әлмұхамбетованың айтуынша, кезек күттірмейтін өзекті мәселелер туралы хабарлама иелеріне әкім өзі телефон соғып, мән-жайды білген.

Мәселен, әкім көп қабатты үйлердің бірінде тұратын Гүлнар есімді тұрғынды аса қатты аязға қарамастан үй тұрғындарының жиналысына қатысуын сұраған.

Павлодарда тұрғындарды үйлерінен шығару кезінде Марат Нұркенов қарсылық танытып, 10-қабаттан секіріп кетті. Павлодар, 24 мамыр 2011 жыл. (Сурет respublika-kaz.info сайтынан алынды).

Павлодарда тұрғындарды үйлерінен шығару кезінде Марат Нұркенов қарсылық танытып, 10-қабаттан секіріп кетті. Павлодар, 24 мамыр 2011 жыл. (Сурет respublika-kaz.info сайтынан алынды).

Гүлнәр ғана емес, осы үйдің тұрғындарының көбі қала әкімімен кездесу үшін аулаға жиналған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, күннің демалыс екеніне қарамастан, Оразгелді Қайыргелдинов шағым түскен нысандарды барып көрген.

Әкім жертөлеге түсіп, жылу құбырларының жағдайын тексеріп, пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) төрағаларымен сөйлесіп, шара қолданды деп жазады аймақтық БАҚ.

Баспасөз хатшысы айтқандай, әкім кейбір қоңырауларға қысқаша түрде «рахмет» деп жауап берген.

- Жергілікті газеттердің бірінің сайтында жылусыз қалған көп қабатты үй тұрғындарының шағымына әкімнің «рахмет» деп жауап жолдағаны жазылған, - дейді баспасөз қызметі.

«РАХМЕТТІҢ» ЖАЛҒАСЫ БАР

Азаттық радиосы жергілікті басылымда жарияланған осы ақпарат бойынша жылусыз қалған үйдегі тұрғындардың бірі - Светлана Карницкаямен хабарласты. Ол жұмысшылардың жылу құбырын жөндеуді аяқтап жатқанын айтты.

Жылу құбырлары жөнделген соң үйге де жылу келген. Сөзді қалжыңға бұрған Светлана Карницкая:

Павлодардағы әлеуметтік дүкеннің ашылу салтанаты. 9 сәуір 2009 жыл.

Павлодардағы әлеуметтік дүкеннің ашылу салтанаты. 9 сәуір 2009 жыл.

- Біздің тұрғындарға Дариға Назарбаеваға ғашық екенін SMS арқылы айту ғана қалды. Әзірге әкімге қала орталығында аса биік жерде орналасқан ауа-райы градуснигін жөндеу туралы ұсыныс түсіпті,- дейді.

Хабарламаны жіберген абонент көзге бірден түсетін биіктегі градусник қаланың мақтанышы деп есептейді.

Әкім қалалық сәулетшілер басқармасына осы ұсынысқа қатысты арнайы нұсқау берген.

ЕСЕП БЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, қала тұрғындарымен ұялы телефон арқылы байланыс орнату туралы ұсынысты қала әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың өзі айтқан.

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Әлмұхамбетованың айтуынша, бұл әкімнің жарнамасы емес. Ақпан айының соңына қарай Қайыргелдинов тұрғындарға есеп беруі тиіс.

- Қала тұрғындары алдында есеп беру үшін, қала әкімі осындай қадамға барды, - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Павлодар қаласы әкімшілігі сайтында ақпан айының басында жарияланған ақпарат бойынша, мұнан былай кез-келген тұрғын шағымы мен ұсынысын әкімнің атына ұялы телефон арқылы жолдай алады. «Бұл атқарушы биліктің жұмысын жақсарту үшін керек» дейді әкімшілік.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG