Accessibility links

Журналист әшкерелеушіден айыпталушыға айналды


Павлодар облыстық «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин.

Павлодар облыстық «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин.

Павлодар облысы әкімі резиденциясындағы зорлауға қатысты әрі аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың ұлы куәгер ретінде тергелген іс тараптардың бітімімен аяқталды. Енді әкім Бозымбаев жергілікті газет редакторы тарапынан ақша бопсалау ісі бойынша жәбірленуші деп танылды.

Павлодар облысы әкімі резиденциясында қыз зорлау фактісіне қатысты журналистік тексеру жүргізген Ярослав Голышкиннің қамауда отырғанына бір айға жуықтады. ҰҚК-нің арнайы жасағы павлодарлық «Версия» газеті редакторы Ярослав Голышкинді облыс әкімінен «аса ірі көлемде ақша бопсалау» айыбы бойынша тұтқындаған. Бұл аса ауыр қылмыс қатарына жатады әрі айыпты деп танылған адамды жеті жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл оқиға басталған кезде Голышкиннің жақтастары «ол облыс әкімі баласының қатысы бар журналистік зерттеу жүргізді» деп мәлімдеген. Бірақ енді облыс әкімінің баласы куәгер ретінде ғана тергелген әу бастағы оқиға – зорлау ісі тараптардың бітімімен жабылды. Енді журналист әкім Бозымбаевтың баласына қатысты әлдебір айыптаулар жазылған видео үшін 500 мың доллар ақша бопсалау ісі бойынша күдікке ілінді.

Бүгін Алматыда өткізген баспасөз жиынында Ярослав Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко ақша бопсалау ісін «тергеу барысында заң талаптарын бұзуға жол берілді» деп мәлімдеді.

Адвокат іске қатысты тергеу амалдарын тиісті құзырлы орган жүргізбеді деп санайды. «Меніңше, бұл істі республикалық ҰҚК қарамауы керек. Себебі бұл - ішкі істер органдары айналысатын іс. Екіншіден, мені қорғауымдағы адаммен кездестірмеу үшін қолдан кедергі жасап отыр. Облыстық прокуратураға жазған шағымдарыма ешқандай жауап келген жоқ» деп мәлімдеді Дмитрий Куряченко.

"Версия" газетінің қамаудағы бас редакторы Ярослав Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко (оң жақ шетте) баспасөз жиынында отыр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.

"Версия" газетінің қамаудағы бас редакторы Ярослав Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко (оң жақ шетте) баспасөз жиынында отыр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.

Ярослав Голышкин мен адвокаты екеуі журналиске тағылған айыптың негізсіз екенін мәлімдеп, бас прокуратураға хат жолдаған.

"Өзінен ақша бопсаламақ болған адамды жәбірленуші Бозымбаев мәлімдемесінде нақты атап көрсеткен. Онда Голышкиннің аты-жөні мүлде жоқ" дейді адвокат.

«Зорландым» деп мәлімдеген қыздың құрбысы Эльмираның анасы Жұлдыз Құлиева қызының куәгерден айыпталушыға айналып, қазір абақтыға жабылғанын айтады. Анасының айтуынша, бұған дейін ҰҚК іс бойынша маңызды куәгер ретінде екеуін де қорғауға алып, оларды құпия пәтерде ұстаған.

Дмитрий Куряченконың болжамынша, Ярослав Голышкиннің журналистік зерттеуі кезінде жинаған материалдары әлдекімдердің қолына түсіп, Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевты бопсалауда пайдаланылуы мүмкін.

Әкімдіктің баспасөз қызметі «тергеу амалдары жүріп жатыр» әрі «іске қатысты бүкіл ақпаратты БАҚ-тан естіп отырмыз» деген уәжбен комментарий беруден бас тартты.

Әкімнің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов бұл фактіге қатысты жеке пікірін ғана білдіріп: «Бұл іске Ярослав Голышкиннің қатысы барын естігенде қайран қалдым. Ярослав өзінің жазықсыз екенін әрі бұл іске қатысы жоғын дәлелдеп шығады деп үміттенемін» деді.

Сот процесі барысын көптеген журналистер мен кейбір қоғамдық бірлестіктер бақылап отыр. «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы істі әділ әрі толық тексеруді қамтамасыз етуге шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG