Accessibility links

Қазақстандағы 1,5 миллионнан астам зейнеткердің 90 мыңы ғана жоғары зейнетақы алады


Дүкен алдында қайыр сұрап тұрған зейнеткер. Ақтөбе, қазан, 2009 жыл.
Дүкен алдында қайыр сұрап тұрған зейнеткер. Ақтөбе, қазан, 2009 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы жолдауында зейнетақының орташа мөлшері осы жылы 30 пайызға ұлғайтылады деп жариялаған болатын. Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлем мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 50 пайызына дейін өседі делінген. Алайда зейнетақы алушылар оған аса қуанып отырған жоқ.



Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттары бойынша, жалпы зейнетақы мен жәрдемақыларға төленетін қаржыны 2010 жылғы 555 миллиард теңгеден 2011 жылы 1 триллион теңгеге дейін өсіру жоспарланған.

Қазақстанның «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес ең төменгі зейнетақы мөлшері 24 мың теңге болуы тиіс. Ал ең жоғары зейнетақы мөлшері 52 мың теңгеден астам болып көбейтіледі деп айтылған.

Алайда Өсімдіктану институтында ғылыми қызметкер болып істеген Бекзада Исаева зейнетақымен қатар коммуналды төлемдер мен азық-түлік бағасының қымбаттауы қиындық туғызады деп есептейді.

Бекзада Исаева 35 жыл бойы ұстаз болып қызмет еткен. Зейнетке шыққанына біраз уақыт болса да қаржы жетпегендіктен жұмысқа тұруға мәжбүр екен. Ол қазіргі кезде жасы ұлғайғандар тек зейнетақыға ғана өмір сүре алмайды деп санайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттары бойынша, қазір Қазақстанда 5 миллионға тарта азамат әртүрлі санат бойынша әлеуметтік жәрдемақы алады.

2010 жыл қараша айының соңында болған парламент сенатының жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова 2011 жылдан бастап республикалық бюджеттен базалық зейнетақыны көтеруге 46 миллиард теңге, барлық санаттағы зейнетақыны көтеруге 149 миллиард теңге қарастырылған деп мәлімдеді.

Келесі сұхбаттасымыз зейнеткер Жақсымбек Әбілов қазір қосымша табыс үшін күзетші болып жұмыс істейді. Жекешелендіріліп кеткен құрылымда бухгалтерлік есеп қызметі тоқтағандықтан еңбек өтелімі толық есептелінбей ең төменгі мөлшерде зейнетақы алып отыр.

Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанда 1 миллион 650 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың ішінде 500 мыңға тарта зейнеткер ең төменгі және одан сәл ғана жоғары зейнетақы алады. Ал орташа зейнетақы алатындар саны 500 мыңға жуық. Ал ең жоғары зейнетақыны 90 мың ғана адам алады. Зейнеткерлердің 20 пайызы Совет Одағы уақытында зейнетке шыққандар болса, қалғаны 1990 жылдан бастап зейнетақы алып келе жатыр екен.

Зейнеткерлер құқын қорғау қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсымбек Әбілов 1998 жылы қабылданған зейнетақы реформасы бірқатар зейнеткерлердің құқын бұзып отыр дейді.

Ол кезінде жіберілген кемшілік пен қателікті жоюдың нақты тетігінің жолын көрсетіп, 2008 жылдан бері барлық билік орындарына ұсыныс хат жазып келетінін айтты.

Алайда хаттарға жауап беріп отырған халықтың әлеуметтік құқын қорғау министрлігі қағазбастылықтан асып, нақты іс жасай алмай келеді дейді зейнеткер. Ол ендігі кезекте премьер-министр мен президентке қайрылу ғана қалды деп санайды. Зейнеткер осы жолы қосылған 30 пайыздан үлкен көмек болмайды дейді.
XS
SM
MD
LG