Accessibility links

Зейнетақы реформасы: бір үміт, мың күдік


Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннері. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннері. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартып, Бірегей зейнетақы қорын құрғаннан кейін де пенсия жүйесінің реформасы бітпейді. Енді жұмыс берушіні табыстың бес пайызын зейнет қорына аударуға міндеттемек.

Алдағы төрт жылда Қазақстанның зейнетақы жүйесінде тағы өзгерістер жасалады. Базалық зейнетақы көлемі анықталып, азаматтардың зейнетақы салымдарын жинау тәртібі белгіленеді.

ЕКІ ТЕТІК

Бұл жайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусым айының соңында "Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" жарлыққа қол қойған соң белгілі болды. Билік „тұжырымдаманың мақсаты – зейнеткерлер кедейшілігінің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру“ дейді.

Тұжырымдамада екі жаңа тетік анықталған. Біріншісі 2017 жылғы шілденің 1-іне дейін енгізіледі. Яғни, бұл жоспар бойынша азаматтың еңбек немесе зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындалады.

Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннеріне қарап тұрған адам. (Көрнекі сурет)

Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннеріне қарап тұрған адам. (Көрнекі сурет)

Екінші тетік – 2018 жылдан бастап зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу. Ол бойынша жұмыс беруші өз есебінен жұмыскер табысының бес пайызы мөлшеріндегі соманы жұмыскердің зейнетақы қорына аударып отырады. Ал жұмыс берушіден түскен осы жарналар капиталға, жеке бір тұлғалардың меншігіне айналмайды, зейнетақы алуы тиіс азаматтарға төленеді. Болашақта зейнетақы мөлшері жұмыс берушінің бес пайыздық жарнасына қарай қалыптасқан жинақ бойынша анықталады. Зейнетақы төлемінің бұл түрі жүйеге кем дегенде бес жыл қатысқан азаматтарға тағайындалады.

БЕС ПАЙЫЗДЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?

Сарапшылардың бұл жаңалықтарға көзқарасын „жауаптан сұрақ көп“ деп сипаттауға болады. Кейбір мамандар „мемлекет азаматтардың кәрілігін қамтамасыз етуден қашқақтай бастады“ дейді. Осылайша, зейнетақы қорын қалыптастыру жауапкершілігі азаматтар мен жұмыс берушілердің міндетіне өтеді.

Мұндай өзгерістерді қолдамайтындар да бар. Мысалы, сарапшы Айдар Алибаев:

Айдар Алибаев.

Айдар Алибаев.

- Бұл ұсыныстардың барлығы бұрыннан бар зейнетақы жүйесінің құрылымы мен әрекет ету тетіктерін өзгертпейді. Салымшылардың жинағына әсер етпейтіндіктен, зейнетақы жүйесіндегі жағдайды жақсартпайды, - дейді.

Бұрыннан бар 10 пайыз аударымға қоса, табыстан 5 пайыз жарна төлеу де күмән тудырады. Кейбіреулер „енді жаңа қаржы ресурсын табу үшін жұмыс беруші қызметкердің жалақысын азайтуға мәжбүр болады“ дейді. Немесе қаржыны „конвертке” салып беру әдісі көбейеді, оған ақшасын болашақта емес, қазір алуға құштар азаматтар да келісуі мүмкін.

Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесі шешілмей қала береді. Статистикалық агенттік дерегі бойынша, осы жылдың бірінші тоқсанында олардың саны 2 миллион 600 мың адам болған.

ЖҰРТТЫҢ ҮМІТІ МЕН КҮДІГІ

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тұрғындар әртүрлі қарайды. Мысалы, астаналық Рахат Икибаев реформаның тұжырымдамасына қызықпайды, себебі ол әскери мекемеде қызмет етіп, зейнетке шыққан.

Қоғамдық белсенді Рахат Икибаев. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қоғамдық белсенді Рахат Икибаев. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

- Зейнетақы жүйесі қандай болады, қандай реформа қабылданып жатыр – ол жағы маған қызық емес. Себебі, зейнетақым тағайындалған, оны алып жатырмын. Біз, әскери зейнеткерлер – қоғамның өзінше бір жеке шоғырымыз. Егер менің зейнетақымды азайтса, әскери зейнеткерлер наразылығын пикетке шығу арқылы білдіреді, - дейді ол.

Алматы қаласының тұрғыны Меруерт Әлсейітова Азаттыққа берген сұхбатында өзгерістердің пайда беретініне күмәні бар екенін айтты.

- Бұл жүйе туралы естідім, бірақ ойымда көптеген сауалдар туындады. Қазір қызметкерлер жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударады. Түсінуімше, оған қоса жұмыс беруші зейнетақы қорына тағы бес пайыз аударуы тиіс екен. Ол зейнетке шыққан қызметкердің базалық зейнетақысы мен жинақталған сомамен анықталған негізгі зейнетақысын алуына көмектеседі дейді. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ сауалым мынандай: жұмыс беруші бес пайызды қайдан алады? Олар өз қалтасынан төлейді дегенге сенбеймін. Демек, қызметкердің есебінен ұстайды, - дейді ол.

"Зейнетақы туралы заң жобасы". Карикатураның авторы - Ғалым Смағұл.

"Зейнетақы туралы заң жобасы". Карикатураның авторы - Ғалым Смағұл.

Қазақстанда зейнетақы жинақтау жүйесі 1998 жылы енгізілді – осы уақыттан бері жұмыс берушілер қызметкер табысының 10 пайызын зейнетақы қорында ашылған жеке есепшотына аударып келеді. 2013 жылға дейін елде ондаған жеке зейнетақы жинақтау қорлары (ЗЖҚ) мен бір мемлекеттік ЗЖҚ болды. Өткен жылы билік қазақстандықтардың барлық шоты мен жинағын жеке ЗЖҚ-дан мемлекетке өткізетінін мәлімдеп, бірегей жинақтау қорын құрды. Бұл қоғамда біраз пікірталас тудырды, бірақ барлық қаржы жинағы бірегей қорға аударылды. Қазір ресми дерек бойынша, ол қорға төрт триллион теңгеден астам (21 миллиард доллар шамасында) қаржы жинақталған.

(Мақаланы дайындауға Мақпал Мұқанқызы қатысты. Орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG