Accessibility links

Зейнеткер зейнетақыны есептеу жүйесіне наразы


Зейнеткерлер төлем орталығында тұр. (Көрнекі сурет)

Зейнеткерлер төлем орталығында тұр. (Көрнекі сурет)

40 жыл шахтада қызмет еткен Нина Рекало зейнетақысының дұрыс есептелмегенін, оған зейнетақы төлеу орталығының «айыпты» екенін айтты.

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының әкімшілігіне қарайтын Шахан поселкісінің тұрғыны Нина Рекало 1986 жылы зейнетке шыққан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, зейнетақы қайта есептелді. Зейнеткердің сөзінше, «әділетсіздіктер сол кезде-ақ басталған».

«ӘДІЛЕТСІЗДІК»

- Совет үкіметі кезінде менің шахтада жұмыс істеген 40 жылдық тәжірибем ескеріліп, 120 рубль зейнетақы тағайындалған. Бұл - сол кездегі есеп бойынша максималды зейнетақы мөлшері. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң, 2002 жылы зейнетақыны қайта санау барысында базалық зейнетақы мөлшерлері тағайындалды. Ең төменгі зейнетақы – 5 мың 500 теңге, жоғарғысы – 9 мың 810 теңге, ал жұмыссыздыққа қатысты берілетін зейнетақы мөлшері – 9 мың 872 теңге болды. Ал маған тіпті ең азынан да төмен - 5 мың 213 теңге тағайындалды, - дейді Нина Федоровна.
Жинақтаушы зейнетақы қорының баннеріне қарап тұрған зейнеткер. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жинақтаушы зейнетақы қорының баннеріне қарап тұрған зейнеткер. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


Нина Федоровнаның айтуынша, есептеу кезінде «табысы мол тау-кен өндірісінде қызмет еткенін ешкім ескермеген».

- Мол табысты тау-кен өндірісін «халық шаруашылығымен» теңестіріп қойған. Соңғысындағы орташа табыс - 15 айлық есептік көрсеткіш. Ал тау-кен өндірісіндегі табыс - 25 айлық есептік көрсеткіш. Осылайша зейнетақыға қосылатын ақшадан тағы да қағылдым, - дейді сұқбаттасымыз.

ҚАЙТА ЕСЕПТЕУ

Нина Рекало зейнетақыны тағайындау кезінде жұмысының зиянды болғаны, жеңілдіктер мен жекелеген коэффициенттер ескерілмегенін де айтты.

- Бұдан бөлек, 1994 жылғы үкімет қаулысына сәйкес, «ең төменгi жалақы мөлшерi өзгерген кезде, зейнетақылардың барлық түрлерi қайта есептелуі» тиіс. Ол бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiнiң зейнетақыларының мөлшерi ең төменгi жалақы көлемiнен он есе, ал зейнеткерлердiң басқа санаттарының зейнетақылары жетi есе аспайтын болып белгiленген. Яғни жыл сайын жалақы көлеміне қарай зейнетақы да өзгеріп отыруы тиіс еді. Бірақ мен ол туралы тек 2003 жылы ғана білдім, - дейді зейнеткер.
Зейнеткерлер көшеге осындай плакат ұстап шықты. Алматы, 2 наурыз 2011 жыл.

Зейнеткерлер көшеге осындай плакат ұстап шықты. Алматы, 2 наурыз 2011 жыл.


Мәселені анықтау үшін Нина Рекало зейнетақы төлеу жөніндегі жергілікті орталыққа барған.

- Ондағылар маған 1994 жылы қайта есептеу туралы арыз жазғансыз дейді. Мен ондай арыз жазған емеспін. Жазуы мен астына қойылған қол да менікі емес. Қаншама ай жүріп сол арызды әрең қолыма түсірдім де, оны қаржы полициясына тапсырдым. Себебі бұл - заңды құжаттарды бұрмалау. Ал менің зейнетақым жыл сайын өскен емес, тек кеміп отырды, - дейді сұхбаттасымыз.

Қаржы полициясының жауабында Нина Рекалоның арызын қарастырып жатқандары, арызға қатысты арнайы сараптама жүргізетіндері, «сараптама аяқталғанға шейін қылмыстық іс қозғай алмайтындары» айтылған.

ДЕПАРТАМЕНТ ЖАУАБЫ

Осы мәселе бойынша аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа хабарласқан Азаттық тілшісіне қызметкерлер өздерінің «тек зейнетақыны үйлестірумен» ғана айналысатындарын айтып, «кімге қанша зейнетақы беру керегін департаменттегілер біледі» деді.

Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облыстық департаментіне хабарласқанымызда, қызметкерлер Нина Рекалоны «жақсы білетіндерін» айтты.

Бас маман Гүлнар Ғабдолла «зейнеткердің арызы бойынша арнайы тексерулер болғанын, зейнетақының тағайындалуында ешқандай заң бұзу анықталмағанын» айтты.

- Совет үкіметі кезінде зейнетке шыққанда, азаматтың еңбек өтілі ескеріліп, сол бойынша зейнетақы тағайындалатын. Әрине, еңбек стажы көптер, жұмысы ауырлар көбірек алатын. Ал қазір заңнамаға сәйкес зейнетке шыққан адам еңбек өтілінен өзге, үш жылдық айлығы жөнінде анықтама беруі тиіс. Егер оны өткізбесе, бір ғана еңбек кітапшасындағы стажын көреміз де, минималды зейнетақы тағайындаймыз, - деді Гүлнар Ғабдолла.
Совет кезінде еңбек өтілі ескерілетін. Стажы көптер, жұмысы ауырлар көбірек алатын. Қазір еңбек өтілінен өзге, үш жылдық айлық анықтамасы керек. Өткізбесе... минималды зейнетақы тағайындаймыз.

Маманның айтуынша, азаматтардың зейнетке шыққанда кем дегенде 20 жыл еңбек стажы болуы тиіс. Осы негізгі 20 жылдық стаж 60 пайыз болып белгіленеді де, одан кейінгі әр жыл 1 пайызға есептеледі. Мәселен азаматтың 25 жыл стажы болса, оған 65 пайыз жазылады. Осы пайызға үздіксіз жұмыс істеген кез келген 3 жылдың орташа айлығы көбейтіледі. Нәтижесі – азаматқа тиесілі зейнетақы. Бұған көп балалы аналарға және тағы басқа қосымша коэффиценттер қосылады.

- Біз осы ережеге сәйкес белгілейміз. Ал Нина Федеровнаның қолында тек еңбек кітапшасы мен оның кен-тау өндірісінде қызмет еткені жайлы құжат қана болды. Соған сәйкес зейнетақы тағайындалды. Бұдан бөлек, елдегі орташа айлық көрсеткіші өзгеріп отырған сайын, зейнетақы мөлшері өзгереді. Соларды қоса келе, Нина Федоровнаға 39 мың теңгеге жуық зейнетақы төленеді. Бұл - орташа зейнетақы, себебі қазір елде минималды зейнетақы 17 мың 491 теңге болса, максималды – 60 мың 302 теңге, - деді Азаттыққа түсініктеме берген Гүлнар Ғабдолла.

Ал зейнетақыны бұлайша есептеумен келіспейтін зейнеткер Қарағанды облыстық прокуратурасына да шағым түсірген.

Шахан поселкесінде Нина Рекало сияқты, «зейнетақыдан желіндік» деп ойлайтын тағы 13 адам бар. Шілде айында бұл кісілердің барлығы прокуратураға арыз өткізген, бірақ әлі жауап келмеді.

Нина Федоровна «заң бұзғандарды жауапқа тарту керек қой, бірақ соған мен сенбеймін - үміт қана бар» дейді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG