Accessibility links

Зейнеткер билікке жақын газетті сотқа бермек


Зейнеткер Мұхит Дербісалин. Алматы, 4 қыркүйек 2012 жыл.
Зейнеткер Мұхит Дербісалин. Алматы, 4 қыркүйек 2012 жыл.
Алматылық зейнеткер «Свобода слова» газетінің бас редакторын сотқа тартуға тырысып жүр. Бірақ іс құжат шырмауынан шыға алар емес. Мұндай істер сот тәжірибесінде бұрын да болған.

Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Мұхит Дербісалин 2012 жылдың қаңтарынан бері «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжановты 2011 жылдың желтоқсанында жарияланған екі мақаласы үшін Алматының Бостандық аудандық соты арқылы жауапқа тартуға тырысып жүр.

Мұхит Дербісалин газеттің бас редакторын «Одақтар пен тілдер туралы» мақаласындағы «Өз басым Қазақстанда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алуы тиіс деп есептеймін» деген сөздері үшін айыптайды. Ал «Қазақ қысын» кім дайындады?» деген екінші мақаласындағы «Керітартпа ұлтшыл патриоттарды өзінің партиясының қатарына тартқан Серікжан Мәмбеталин» деген сөздері үшін жауапқа тартқысы келеді.

Мұхит Дербісалин талап-арызының мәтінін өңдеп бітіп, 2012 жылы қыркүйек айында Бостандық аудандық сотына жолдады. Алайда судья Татьяна Черныш талапкерден сотқа дейінгі процедурадан өтіп, кейбір жайттарды пысықтауды тапсырып, бір ай уақыт берді. Сөйтіп бұл іс бастапқы қалпына қайта оралды. Алайда жанжалдың себепкері де, талапкердің де алған бетінен қайтар ниеті жоқ.

«ҚАЛАУЫҢЫЗ НЕ?»

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен зейнеткер Мұхит Дербісалин сотқа дейінгі ескерту хатын «Свобода слова» газетінің редакторына қазан айының басында жібергенін айтты.

Ол Евгений Рахымжановтан жазғандарын терістеп, газет арқылы кешірім сұрауын талап етеді. Егер редактор кешірім сұраудан бас тартса немесе талабын жауапсыз қалдырса, сотқа тағы арыз жазуға бекініп отыр.
"Свобода слова" газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов. Алматы, 4 қыркүйек 2012 жыл.
"Свобода слова" газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов. Алматы, 4 қыркүйек 2012 жыл.

«Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Мұхит Дербісалиннің ескерту хатын алғанын растады.

– Бірақ ол кісіге не керек екенін түсінбедім. Сондықтан газеттің қазанның төртінде шыққан санында оның хабарламасын стилистикасы мен орфографиясын өзгертпестен жарияладым, – дейді Евгений Рахымжанов.

«Свобода слова» газетінің 4 қазандағы санының «Сот тартысы» деген айдарында «Қалағаныңыз не?» деген атаумен Мұхит Дербісалиннің сотқа дейінгі ескерту хабарламасының мәтіні шықты. Газет редакциясы мәтіннің алдына «зейнеткер оқырманымыз қойып отырған талаптың төркінін түсінбедік» деген кіріспе сөз жазыпты.

«Редакциямызға таяуда М.Дербісалиннің сотқа дейінгі ескерту хаты келді. Біз оның шағым-талаптарын ықыласпен қанағаттандырдық, бірақ түп төркінін түсінбедік. Сіздің қалауыңыз не? Дербісалин мырзаның талап-тілектерін түсінуге, бәлкім, оқырмандар көмектесер. Сондықтан оның жолдауын редакциялық өңдеусіз, толық жариялап отырмыз» деп жазады «Свобода слова» газеті кіріспе сөзінде.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Евгений Рахымжанов «Свобода слова» газетінің 2011 жылдың 1 желтоқсаны күні шыққан санында «Одақтар мен тілдер туралы» деген редакторлық мақаласын жариялады. Мақала желісіне Қазақстанның Ресей және Беларусьпен бірге Еуразиялық одаққа кіруі арқау болған. Автор бұл мәселенің «басқа жолы жоқ» деген пікір білдіреді.

Ол өз мақаласында «Бұрынғы советтік республикалардың өркендеуі үшін жалғыз ғана жол бар, ол – Советтер Одағын экономикалық тұрғыдан қайта құру. Алғашқы қадам жасау үшін Еуразиялық одаққа Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина кірсе жеткілікті. Бірақ бұрынғы советтік блок экономикалық одаққа толық біріксе, тіптен тамаша болар еді» деп жазған.
Бұрынғы советтік республикалардың өркендеуі үшін жалғыз жол бар, ол – Советтер Одағын экономикалық тұрғыдан қайта құру.
Евгений Рахымжанов.

Рахымжановтың мақаласындағы екінші түйінді ой – Қазақстандағы орыс тілінің орны туралы мәселе. Оның пікірі «Қазақстанда орыс тілі өзінің нақты орнын алуы тиіс» дегенге саяды.

«Ресми тіл позициясының екіұштылығы қоғамда барған сайын наразылық тудырып отыр. Рас, бұл наразылықтың себептері әр түрлі. Мысалы, ұлтшыл патриоттарға орыс тілінің конституцияда мемлекеттік тілмен қатар тұруы ұнамайды. Олар «бұл – халықты шатастыру, орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілген деп түсіндіру» деген уәж айтады. Қазақ интеллигенциясының 138 қайраткері қол қойған хат пен оған ілесе жарық көрген біраз түсініктемелердегі мұндай қақпа сөздерге орыс тілін өз ана тілім немесе қолдануға ыңғайлы тіл деп есептейтін жандардың аздаған күңкілі ғана естілді. Бұл күңкіл ақыры орыс тілін Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл деп жариялау туралы әлдебір талапқа ұласты» деп жазады «Свобода слова» газетінің бас редакторы.

Евгений Рахымжанов Қазақстандағы орыс тілінің орны туралы мәселедегі өз ұстанымын бұдан әрі нақтылай түсіп, «Өз басым орыс тілі Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл болуы тиіс деп есептеймін» дейді.

Зейнеткер Мұхит Дербісалин «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжановты осы сөздері үшін айыптайды.

«РЕАКЦИОНЕР ҰЛТШЫЛ ПАТРИОТТАР» ДЕГЕН КІМДЕР?

Мұхит Дербісалин Евгений Рахымжановпен әуелі «Қазақстанда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл болуы тиіс» деген ұсынысы үшін соттаспақ. Рахымжановтың бірінші мақаласы шыққан бетте оған дереу хат жазғанын, бірақ Рахымжановтың екінші мақаласынан оған жанама жауап оқып, зығырданы қайнағанын жазады.

Зейнеткердің айтуына қарағанда, ол редактордың ашық жауабын «Свобода слова» газетінің 2011 жылдың 22 желтоқсаны күнгі санында жарияланған «Қазақ қысын» кім дайындады?» деген мақаласынан оқыған. Мақала Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе кентіндегі қанды оқиғалардан бір апта кейін жарық көрген.
Зейнеткер Мұхит Дербісалин. Алматы, 12 қыркүйек 2012 жыл.
Зейнеткер Мұхит Дербісалин. Алматы, 12 қыркүйек 2012 жыл.

Автор бұл мақаласында Жаңаөзен оқиғаларын «кімнің қоздырғаны» туралы өз жорамалын жария еткен.

«Мұхтар Әблязов пен Рахат Әлиев жүргізіп жатқан ақпараттық соғыстың дәстүрлі қатысушыларының, яғни БТА-ның бұрынғы басшысының қызметімен бұрыннан байланысы бар әлгі қоғамдық белсенділердің қатарына жаңа адамдар қосылды. Ол – керітартпа ұлтшыл патриоттарды өз партиясының қатарына тартқан Серікжан Мәмбеталин...» деп жазады газеттің бас редакторы.

Бұл жерде зейнеткер Мұхит Дербісалин газеттің бас редакторының «керітартпа реакцияшыл ұлтшыл патриоттар» деген сөзіне кінә артады.

«Рахымжановтың реакцияшыл ұлтшыл патриоттар деп отырғаны – тіркелмеген «Халық рухы» саяси партиясы мен оның жетекшісі Мұхтар Шаханов! Мен - қарапайым оқырманмын, қазақпын. Өзіме «Мұхтар Шахановтың керітартпалығы неде?!» деген сауал қойып отырмын» деп жазыпты Мұхит Дербісалин талап-арызында.

Ал Евгений Рахымжанов өз мақаласында Мұхтар Шахановтың есімін атамағанын айтты. Кезінде «Руханият» партиясын Мәмбеталинмен қатар Шаханов та аз уақыт басқарғаны белгілі.

– Оның үстіне мен мүлде Шахановты меңзеген жоқпын. Ал Серікжан Мәмбеталинге келсек, онымен өзім сөйлестім, оның маған артар еш кінәсі жоқ, – деді Рахымжанов Азаттық тілшісіне.

Бірақ Мұхит Дербісалин өзінің талап арызында «Руханият» пен »Халық рухының» қосылуы, Серікжан Мәмбеталин мен Мұхтар Шахановтың бірігуі – айтулы оқиға әрі табиғи заңдылық! Елдің саяси сахнасында мұндай қуатты одақтың пайда болуы – бүкіл қоғам дамуының барысымен болжанған оқиға. Билік те, қоғам да жасампаз ынтымақтастыққа негізделген осындай күшті де конструктивті оппозицияға зәру. Бұл одақ өзінің ар-намысын бағалай білетін және сындарлы патриотизм рухымен қуаттанған қазақ ұлтының қайта өрлеу процесінің кепілі, қозғаушы күші болуы мүмкін және тиіс. Бұл одақ елдің іргелі ұлты мен оның айналасындағы ұлттық диаспораларды тұтас мемлекет етіп қалыптастырудың бастауы болуы тиіс! Рахымжанов сияқтылардың соқтықпа саясатының көздеген мақсаты белгілі! Алайда ешкім де, ештеңе де мына қайта өрлеу процесін тоқтата алмайды!» деп жазыпты.
Рахымжановтың реакцияшыл ұлтшыл патриоттар деп отырғаны – тіркелмеген «Халық рухы» саяси партиясы мен оның жетекшісі Мұхтар Шаханов! Мен - қарапайым қазақпын. «Шахановтың керітартпалығы неде?!» деген сауал қойып отырмын.
Мұхит Дербісалин.

Зейнеткер Дербісалин өзінің талап арызының соңында: «Әлиев пен Әблязовтың қатарына Мәмбеталин мен Шахановты қитұрқы мақсатпен қосақтап таңу мені қатты қайран қалдырды, ашу-ызамды тудырып, зығырданымды қайнатты. Талай күнді ұйқысыз өткізіп, ауыр ойларға шомдым. Мұның жауабы ретінде осы талап-арыз туды» деп жазған.

Зейнеткер Дербісалин өзінің сәтсіз аяқталған алғашқы талап-арызында моральдық нұқсанның өтемақысын 30 миллион теңгеге бағалаған. Бірақ енді ол бір миллион теңгеге тоқталды. Өзі бұл соманы «ұлттық және жеке басымның ар-намысы мен абыройына, денсаулығыма келген нұқсанның орнын ешбір толтыра алмайтын түкке тұрғысыз символикалық қана сома» деп атапты.

«БАСҚАНЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАУҒА ЕШКІМ ӨКІЛЕТТІЛІК БЕРГЕН ЖОҚ»

«Әділ сөз» баспасөз өкілдерін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Азаттық тілшісінің «Билікті жақтайтын зейнеткердің билікке жақын газеттің редакторының үстінен шағым түсіргені қалай?» деген сауалына «саясаткерлерлердің есімдері аталғанымен, бұл істің астарында ешқандай саясат жоқ» екенін айтты.

– Өзіне тікелей қатысы жоқ болса да, кез келген тақырыпты, мәселені өзіне жапсыра беретін адамдар болады. Ондай адамдар бізде де бар. Міне, бұл жерде де әлдебір саяси бағдар немесе басылымның бағыты туралы мәселе жоқ. Бұл – жеке адамның мәселесі. Бұл арада әңгіме ар-намысты қорғау туралы болып отыр. Бұл – әркімнің жеке құқығы. Егер мақалада адамның аты-жөні аталса, ол сотқа арыз жазып, өзін қорғауына болады. Ал мына мақалада оның есімі аталмайды, – деді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, зейнеткер Мұхит Дербісалиннің сотта жеңіп шығуына үміт жоқ, өйткені талапкер болуға оған ешкім өкілеттілік бермеген.

– Мейлі, кім қалай атаса, олай атасын – бірақ ешқандай ұлтшыл патриоттар өздерінің ар-намысын қорғауға оған өкілеттілік берген жоқ, – деп түсіндірді Тамара Калеева.

Баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісінің айтуынша, сөз еркіндігі мен пікір еркіндігі жайындағы құқықтар Қазақстан конституциясында анық жазылған.
Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.
Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.

– Өзінің ойын, оның ішінде тіл туралы да пікірін білдіруге кез келген адамның құқығы бар. Бұл ешкімге – ұлтқа да, халыққа да, мемлекетке де – ешқандай нұқсан келтірмейді. Рахымжанов бұл арада өзінің сөз еркіндігі мен пікір білдіру құқын пайдаланды. Бізде пікір білдіргені үшін соттамайды, әр адам өзіндік пікір-көзқарасы болуға құқылы. Меніңше, судья бұл талап-арызды қараудан түпкілікті бас тартуы тиіс, – дейді Тамара Калеева.

Ал зейнеткер Мұхит Дербісалин «Рахымжановтың ісін» соңына дейін жеткізбекке бекініп отыр:

– Өзім ауыр сырқатпын. Жақын күндері Астанаға төртінші рет химиялық емге бармақпын. Оған барып келгенше он шақты күн өтеді. Біраз емделіп алған соң, қазанның аяғына таман Алматыға келемін. Рахымжановқа ескерту хабарламасын жібергеніме сол кезде бір ай болады. Егер ол менің талаптарымды орындамаса, сотқа арыз беремін, – дейді Мұхит Дербісалин.

Билікті жақтаушы тұлға билікке жақын журналистің үстінен арыз жазып, сотқа беруі (яғни «Рахымжановтың ісі») – Қазақстанда сирек кездесетін жағдай. Әдетте билікті жақтаушы зейнеткерлер мұндай талап арыздарды «халық атынан» оппозициялық тұлғаларға қарсы жазып, тіпті жеңіп те жатады. Қаскелеңдік зейнеткер Сейіткерім Қожаназар 2006 жылы Қазақстан президенті Назарбаевтың атына айтқан сөздері үшін оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинмен соттасқан. Қуанышәлин ол жолы екі жылға түрмеге кесіліп, бірақ рақымшылыққа ілініп, жазаны өтеуден босатылған.

Бұл мақаланы журналистің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG