Accessibility links

Зейнеткерлер қымбатшылық пен жемқорлық үшін президентті айыптады


Зейнеткерлер "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында. Aлматы. 30 шілде 2010 жыл.

Зейнеткерлер "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында. Aлматы. 30 шілде 2010 жыл.

Жұма күні Алматы қаласының бір топ зейнеткерлері «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қалалық филиалына шағымданып келді. Олар партияның өкілімен кездесіп, оған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған үндеуді табыс етті. Үндеуде «елдегі жемқорлық пен кедейшілікке тек қана президенттің өзі кінәлі» деп атап көрсетілген.




«ПРЕЗИДЕНТ АУЗЫН ЖАПҚАНША, БАЗАРДАҒЫ БАҒА КӨТЕРІЛІП КЕТЕДІ»

Алматылық бір топ зейнеткердің Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған үндеуінде, елді кедейшілік пен жемқорлық жайлады деп жазылған. Сонымен қатар, қазақстандық шенеуніктердің әрекеттеріне наразылық білдіріпті.
"Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында зейнеткерлер өз талаптарын айтып отыр, Алматы. 30 шілде 2010 жыл.
Үндеу жолдаушылар билік басында отырған шенеуніктер жоғарыға жалған мәлімет жеткізіп, халықтың шынайы мұң-мұқтажы айтпайды дейді. Зейнеткерлердің айтуынша, жылдан жылға қымбаттап жатқан коммуналдық қызмет тарифтері қариялардың қалтасын әбден қағып болған.
– Президент, «зейнетақыны қосып жатырмыз» деп жар салады. Ол небәрі 3-5 мың теңге шамасында. Ал, бұл ақшаны қымбатшылық бірнеше есе қайтарып алады, - дейді зейнеткер Мәдэл Исмаилов.

– Назарбаев айтады пенсияны көбейттік деп. Аузын жауып үлгермейді, базарда екі есе, ең азы біржарым есе бағасы көтеріліп кетеді. Оның керегі не? Ана жаққа жаздық, әкімге жаздық, әділет басқармасына министрліктерге жаза бердік. Керек қылмайды ешкімде. Енді, президент жауап берсін – дейді зейнеткер Мәдэл Исмаилов.

СЕГІЗ ЖЫЛДА – ТОҚСАНЫНШЫ ҮНДЕУ

Алматылық зейнеткерлер билік тарапына соңғы сегіз жыл ішінде осымен 90-шы рет үндеу жолдап отыр екен. Бұған дейінгі, үкімет, парламент, президент әкімшілігінен бастап түрлі инстанцияларға жіберген 89 арыз - шағымның бір де біріне жауап ала алмағандарын айтады. 90-шы үндеуді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне арнаған.

Алдымен, зейнеткерлер арыздарын арқалап Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігіне барыпты. Бірақ ұйым жақтан біз жартымды жауап ала алмай қайттық, дейді олар. Содан кейін зейнеткерлердің «Нұр Отан» партиясына баруына тура келген. Мұнда олар, партияның әлеуметтік-экономикалық аймақтық бағдарламалар жөніндегі сектор меңгерушісі Қадыр Бергенов бастаған билік өкілдерімен кездесті.

Зейнеткерлердің зарын тыңдап болған партия өкілі қолдан келген көмекті аямаймын деп шығарып салды. Ал Азаттық радиосына берген сұхбатында Қадыр Бергенов өзінің ойын жасырмады.
Зейнеткерлер "Нұр Отан" партиясы қалалық
филиалының сектор меңгерушісі Қадыр Бергеновпен
кездесіп тұр. 30 шілде 2010 жыл.
– Бұларды уағыздап отырған, кішкене қаржыландырып отырған оппозициялық партияларымыз ба, қозғалыстар ма деген пікір туып отыр. Өйткені зейнеткерлер әр айдың 30-ы күні партия өкілдігіне жұмысқа келгендей келеді. Мен енді бәрін жасаймын, анализ жасаймын. Бірақ өзгертемін деп айта алмаймын. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ – дейді Қадыр Бергенов.

Ал оппозициялық "Азат" ЖСДП-ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбайдың бұл турасындағы пікірі мынандай болып шықты:

– Зейнеткерлерді опозициялық ұйымдар үгіттеп, солар қаржыландырып отыр деу мүлде саяси сауатсыздық. Кімді кім айдап салды дегеннің орнына билік өкілдері зейнеткерлердің сол мәселелерін шешіп бермей ме?! - дейді оппозиция өкілі

Осымен тоқсаныншы үндеулерін жолдаған зейнеткерлер, қашан жауап болғанға дейін тоқтамайтындарын айтады. Енді олар адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға шағымданамыз дейді.

ҮНДЕУДЕН ҮЗІНДІ

Алматы зейнеткерлерінің үндеуінде былай делінген:

"Қариялар мен мүгедек жандардың жағдайын жасап жатырмыз деген айғай-шу, салтанатты есептер зығырданымызды қайнатады! Мұның бәрі өтірік қой, Президент мырза! Сіздің шенеуніктеріңіздің біздің елде емес, басқа бір қиял әлемінде өмір сүретін сияқты: олар бізді естімейді! Істері де сау адамның ақылы жетердей емес. Әлеуметтік жағдайларыңды сендерден артық білеміз деп, бізді осындай зейнетақыға тамаша өмір сүріп жатыр дегенді ұялмай айтады! Өздері не деп тұрғандарын түсінбейтін сияқты. Адам емес, бағдарлама орнатып қойған роботтар тәрізді. Зейнетақымыз төмен, баға мен тариф қымбаттап барады деген мұңымызды естімеген адамдарша «зейнетақы 25 пайыз қосылды» дегенді, көк тиынға татымайтын қайдағы бір жеңілдіктерді айтады. 25 пайыз дегендері 3-5 мың теңге екенін түсінбейді. Соның өзін саудагерлер мен коммуналдық мекемелер құзғынша үптеп кетеді."

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG