Accessibility links

Көп зейнеткерге мерекелік шай кермек татиды


Көшеде демалып отырған қарт адам. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

Көшеде демалып отырған қарт адам. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

1 қазан - Дүниежүзілік қарттар күні. Алматы әкімдігі бұл күні қарттарға арнап дастархан жаяды. Кейбір қарттар азық-түлікке әзер жететін мардымсыз зейнетақысы өседі деп үміттенеді.

Қарағандылық 83 жастағы Тоқтарбай Разиев әйелі қайтыс болған соң Алматыға, балаларының қолына көшіп келген. Балалары әкесіне күтім жасау үшін көшіріп алған.

Тоқтарбай ақсақал ғұмыр бойы инженер болып істеген. Соғыс уақытында егістікте картоп пен қызылша қазған. Оның айтуынша, 43 мың теңге зейнетақысын түгел балаларына береді. Аяғы мен белі сырқыраса да, дәрі-дәрмек сатып алмайды. Таяққа сүйеніп жүреді.

- Зейнетақыға ақша қосылар түрі жоқ, ақыры күтумен өлетін шығармын. Мемлекетке өкпелімін. Қазір бәрі қымбат қой. Тегін дәрі де жоқ. Дүкеннен сатып алатын нан, май, сүтіңе ғана күн сайын 500-700 теңге қалдырасың. Немерелеріме ұсақ-түйек сыйлық алғым келеді, бірақ шамам жоқ. Аузымыз етке де жарымайды, - дейді Тоқтарбай Разиев Азаттық тілшісіне.

Ал 83 жастағы Александра Андрееваның зейнетақысы Тоқтарбай Разиевтен сәл көбірек. Ол «70 мың теңге зейнетақымның жартысынан көбін дәріге жұмсаймын» дейді.

ШАЙ МЕН ПАЕК

Қазақстан президентінің жарлығымен қарттар күні енді бір күн емес, тұтас бір ай бойы аталып өтеді.

"Жастар" сарайында арзан жол жүру билетінің кезегіне тұрған зейнеткерлер. Астана, 13 сәуір 2011 жыл.

"Жастар" сарайында арзан жол жүру билетінің кезегіне тұрған зейнеткерлер. Астана, 13 сәуір 2011 жыл.

Алматыда бұл күні қарттарды дастарханға шақырып, мерекелік концерттер ұйымдастырылады. «Мерекеге алдын ала қам жасалады. Жыл басында бекітілген жоспарда жыл бойы аталып өтетін іс-шаралар мен мерекелер толық ескеріледі» дейді Алматы қаласы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Әмір Құлмаханов.

Қарттар күні жергілікті әкімдік бұрын жұмыс істеген жүз жақты қызметкерін дастарханға шақырып, одан соң мерекелік концерт ұйымдастырады.

- Қаладағы барлық мекеме-ұйымдарда әр түрлі іс-шаралар өтеді. Әр мекеме өз ардагерлерін ғана құттықтайды. Ардагерлерге азық-түлік үлестіреді. Демеуші табылып жатса, ақшалай көмек те берілуі мүмкін, - дейді Әмір Құлмаханов.

​«Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостинаның мұндай акцияларға қатысты пікірі мынадай:

- Әкімдік бір тәрелке көжеден артық ештеңе іше алмайтын қарттарға несіне дастархан жаяды екен. Оның орнына ақшасын берсе, зейнеткерлер қыста азық ететін бір шелек картоп сатып алар еді ғой.

«Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 13 қазан 2010 жыл.

«Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 13 қазан 2010 жыл.

«Поколение» - зейнеткерлерді әлеуметтік жағынан қорғау үшін құрылған қозғалыс. Қозғалыс белсенділерінің айтуынша, «қазір мемлекеттен ешқандай көмек жоқ». Бұрын қозғалыста 98 адам болған, қазір 20 зейнеткер ғана қалған.

Ирина Савостина өзінің 52 мың теңге зейнетақысын «аз» дейді. Оның айтуынша, «медицинаның ақылы болуы, коммуналдық қызмет пен азық-түліктің қымбаттығы қарттарға ауыр тиіп тұр».

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ҮСТЕМЕ АҚЫ

Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері – 41 мың 200 теңге, Алматыда – 43 мың 500 теңге. Алматылық зейнеткерлердің арасында "Совет Одағының батыры" атанған екі адам бар - олар 229 мың зейнетақы алады. 23 зейнеткер "Социалистік еңбек ері" ретінде 123 мың 310 теңге алады.

Көп балалы аналардың зейнетақысына қосымша 11 мың теңге қосылған. Алматыда олардың саны – 760 адам.

Алматы қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Зиядин Ағыбаевтың айтуынша, «биыл Алматыда қарттар күніне орай зейнетақыға ешқандай үстемеақы қарастырылмаған». «Қала билігі жергілікті бюджеттің шамасына қарай көмек көрсетеді» дейді ол.

Азаттық тілшісі Алматы тұрғындарына "Қарттарға құрмет көрсетіліп жатыр ма?" деген сауал қойып, пікірлерін білді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG