Accessibility links

Бұрынғы еңбек өтілі ескерілмейтіндер


Оралман әйелдер. Алматы облысы, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Оралман әйелдер. Алматы облысы, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Моңғолиядан келген оралмандардың 2014 жылдан бастап зейнетақысы күрт азайған. Оған «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімнің үзілуі себеп болған.

Қазір Алматы облысы Текелі қаласында тұратын оралман Ғабду Жанымхан Моңғолияда – 25 жыл, Қазақстанда – 13 жыл еңбек еткен. Бірақ былтыр зейнетке шықққанда Моңғолиядағы өтілі ескерілмей, оған Қазақстанда базалық зейнетақы ғана тағайындалған.

«КҮТПЕГЕН ӨЗГЕРІС»

- Былтырға дейін зейнетке шыққан оралмандар Қазақстанның басқа азаматтарымен бірдей зейнетақы алды, аяқ астынан болған өзгеріске таңырқап қалдық, - дейді ол.

Ғабду Жанымханның сөзінше, Моңғолиядан келген оралмандарға зейнетақының бұлайша күрт азаюына «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күшін жою» деп аталатын 2014 жылғы сәуірдің 8-інде шыққан үкімет қаулысы себеп болған.

- «Бұл қаулы не үшін керек болды?» деген сауалды бір топ оралман Қазақстан президенті әкімшілігіне, үкіметке жолдадық. Бірақ ешқайсысынан тұшымды жауап келмеді, - деген ол хаттарын Азаттық тілшісіне көрсетті.

Ғабду Жанымхан. Алматы, 3 наурыз 2015 жыл.

Ғабду Жанымхан. Алматы, 3 наурыз 2015 жыл.

Сыртқы істер министрлігінің Ғабду Жанымханға жазған жауабына қарағанда, Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы 1993 жылы жасалған келісім 2014 жылдың қараша айына дейін автоматты түрде ұзарып келген. Бірақ былтырғы сәуірдің 8-індегі қаулы бойынша, қараша айында үзілген.

Осыған орай моңғолиялық оралмандарды зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша құқықтық қатынастар бұл келісіммен реттелмейтін болған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі келісімшарт үзілген соң Қазақстан азаматтарының Моңғолиядағы еңбек өтілі есепке алынбайтынын, сол себепті я әлеуметтік жәрдемақы, я мемлекеттік базалық зейнетақы екеуінің бірін алуға болатынын хабарлаған.

«ҚАЗІР ЕҢБЕК ШАРТЫ ЖОҚ»

Ғабду Жанымхан бұл мәселеге тек өзі ғана емес былтырдан бері зейнетке шыға бастаған басқа көптеген оралмандар кез болып, наразы болып жүргенін айтады. Азаттық осыған орай денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен жазбаша хабарласқанымен, «Моңғолиямен арадағы келісімді үзу не үшін қажет болды?» деген сауалға толық жауап ала алмады.

Министрлік сарапшысы Ғазиза Иманғали Азаттыққа бұл мәселемен таныс екенін, «шағымданып жүргендердің көп екенін» айтты. Мекеменің ресми жазбаша жауабына қарағанда әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы екі мемлекет арасындағы келісім 1990 жылдардың бас кезінде «ұзақ мерзімге жасасқан еңбек келісімімен жұмыс істейтін және екі мемлекет аумағында тұрақты тұратын азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру» үшін жасалған. Ал қазір «ұзақ мерзімді еңбек шарты бойынша еңбек қызметі жүзеге асырылмайды». Сол себепті 1997 жылдан бері Қазақстанда «оралман» ретінде ресми мәртебесі бекітілгендер ендігәрі еңбек шарты бойынша келгендер қатарына жатқызылмайды.

Бұл мәселені депутаттар алдына да, тиісті министрлікке қойдым. Әзірге мардымды жауап алмадым...

Өзін «парламентте көші-қон заңы бойынша жұмыс тобында жұмыс істеп жүрмін» деп таныстырған белсенді оралман Қайрат Бодаухан да мұндай мәселенің бар екенін растайды. Оның сөзінше, 1990-жылдардың басында Моңғолиядан көшкен оралмандардың көбі – еңбек шарты бойынша келгендер. Ол шарт бойынша Қазақстанға келген Моңғолия азаматтарының бұрыны еңбек өтілі есепке алынуы тиіс.

- Қазақстан көші-қон саясатын жасап, арнайы заң қабылдаған соң «еңбек шарты» деген ұғым алынып қалды. Солай екен деп бұрынғы шартпен келгендердің еңбек өтілі ескерілмеуі дұрыс емес деп санаймын. Бұл мәселені депутаттар алдына да, тиісті министрлікке қойдым. Әзірге мардымды жауап алмадым, көбіне «ол келісімді Моңғолия үкіметі бұзған» деген жауап айтады. Көші-қон туралы заңға осы мәселені кіргізіп, шешеміз деп үміттеніп отырмыз, - дейді Қайрат Бодаухан.

МОҢҒОЛИЯНЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі Моңғолия парламентінің депутаты Бәкей Ағыпарұлымен сөйлесіп, бұл мәселеге қатысты мән-жайды сұраған еді. Оның сөзінше, зейнетақысы кесілген бұрынғы оралмандардың арызы Моңғолияға да жеткен.

- Моңғолия үкіметінен сұрау салғанымда олар «бізге қатысы жоқ» деді. Соған қарағанда Қазақстан келісімді үзу жөнінде ұсынысты өзі жасаған сияқты, - дейді ол.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Моңғолиядағы өкілі, Моңғолия азаматы Хабсаттар Омарұлы болса 2014 жылы Қазақстан мен Моңғолия үкіметаралық комиссиясының отырысында келісім тоқтатылғанын, бірақ тоқтату жөнінде ұсынысты Қазақстан жағы ұсынғанын айтады.

Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі «Қазақстан жағы ұсынған соң келісімді үздік» деді. Бірақ Моңғолия үкіметі егер Қазақстан келіссе, келісімді жалғастыруға әзір отырғандығын айтты.

- Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі «Қазақстан жағы ұсынған соң келісімді үздік» деді. Бірақ Моңғолия үкіметі егер Қазақстан келіссе, келісімді жалғастыруға әзір отырғандығын айтты, - деді ол.

Хабсаттар Омарұлының сөзіне қарағанда көші-қон заңы қайта қаралғаннан кейін Қазақстанға көшемін деушілер көбейген. Бірақ Моңғолиядағы еңбек өтілі есептелмейтіні көшуге ниеттенушілерді күтпеген жерден кідірте бастаған.

«Көші-қон туралы» жаңа заң бойынша парламенттің жұмыс тобына қатысушы Қайрат Бодаухан да, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің аты-жөнін атамауды өтінген өкілдерінің бірі де Моңғолиядан келген оралмандардың еңбек өтілін толық есептеу жөнінде мәселе үкімет пен парламентте қайта талқылана бастағанын айтты.

Қазақстанға алыс-жақын шетелдерден соңғы 24 жылда бір миллионға жуық оралман көшіп келген. Олардың 70 мыңға жуығы – Моңғолиядан тарихи отанына қоныс аударған этникалық қазақтар.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG