Accessibility links

Сауалнама: қазақстандықтар интернетке көбірек сенеді


Интернет қарап отырған азамат. Астана, 22 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет қарап отырған азамат. Астана, 22 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет пен телевизия - Қазақстандағы қала тұрғындарының негізгі ақпарат көздері. Сарапшылардың айтуынша, халық интернеттегі ақпаратқа көбірек сенеді.

«Құқықтық медиаорталық» ұйымы қазақстандықтардың ақпарат құралдарының қай түрін таңдайтынын зерттеді. Белсенділер екі ай бойы Қазақстанның 14 аймағынан дерек жинады. Сауалнамаға әр облыс орталығы мен Алматы, Астана қалаларынан 100 адамнан қатысты. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл сауалнама Ресей Қырымды бөліп алған Украина дағдарысына дейін жүргізілген.

БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ТАНЫМАЛДЫҚ

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, қала тұрғындары ақпаратты көбінесе телевизия мен интернеттен, сосын газет-журналдан алады. Ал радио хабарларын тыңдайтындар аз. Жұрт «Жаңалықтар» сияқты хабарлар мен музыкалық бағдарламаларды көбірек көріп, көбірек оқып, тыңдайды.

Сауалнама қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын «Хабар» және «Қазақстан» сияқты мемлекеттік телеарналар тиісінше төртінші және алтыншы орындарды иеленген. Шетел телеарналарының ішінде алдыңғы орында – «Первый канал», «Россия» және «НТВ» телеарналары.

«Құқықтық медиаорталық» ұйымының белсендісі Диана Окремова.
«Құқықтық медиаорталық» ұйымының белсендісі Диана Окремова.
- Зерттеу нәтижелері мемлекеттік тапсырыс арқылы ең көп ақша алатын ақпарат құралдары халық арасында онша танымал емес екенін көрсетті. Мысалы, 2012 жылы бюджеттен 10 миллиард теңге алған «Хабар» арнасы танымалдық рейтингінде небәрі алтыншы орынды иеленді. Салық төлеушілердің есебінен қаржыландырылатын «Казахстанская правда» газеті де жұрт іздеп жүріп оқитын басылым емес, - дейді азаматтық белсенді Диана Окремова.

Бірақ белсенділердің зерттеуінде мемлекеттік «Казахстанская правда» газеті таралым жөнінен үшінші орын алған. Бұл басылымның оқырманы көп дегенді білдіреді.

Бірақ біз зерттеу барысында бір жайтты - Қазақстанда басылымдардың көбін жұрт мәжбүрлі түрде жаздырып алатынын ескермедік. Газетке мәжбүрлі түрде жазылатын бюджеттік мекеме қызметкерлері «жазылдық» деп есептеп, басылымды сатып алмайды, - дейді «Құқықтық медиаорталық» заңгері Гүлмира Біржанова.

ТІЛ МЕН АУЫЛ ФАКТОРЫ

Белсенділердің айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың көбі ақпаратты орыс тілінде алғанды жөн көреді.

Бас редакторлар клубы президенті Кенжеболат Жолдыбай зерттеу нәтижелеріне күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, қазір Қазақстанда қазақ тіліндегі баспасөзге сұраныс бар. Ал қазақ тілді оқырмандар мен телекөрермендердің көбі ауылдық жерде тұрады, әрі зерттеуге қатыспаған.

Ойнап жүрген ауыл балалары. Қызылорда облысы, Көмекбаев ауылы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ойнап жүрген ауыл балалары. Қызылорда облысы, Көмекбаев ауылы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
​ - Халықтың 97 пайызы қазір тек қазақ тіліндегі басылымдарды оқып, қазақ телевизиясы хабарларын ғана көріп, қазақ радиосын ғана тыңдайтынына сенімдімін. Олардың үлес салмағы әр аймақта әр келкі, бірақ халықтың көп бөлігі қазақ тілінде ақпарат алады, - дейді Кенжеболат Жолдыбай.

Оның айтуынша, зерттеу бұл жайтты ескермей жүргізілген, енді оны толықтыру қажет.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының өкілі Марат Райханов та бұл пікірді қостайды. Оның айтуынша, зерттеу Қазақстанның ірі қалаларын ғана қамтыған. Ал елде халқы аз шағын қалалар көп әрі онда тұратын оқырман мен көрермен тек қазақ тіліндегі басылымдарды оқып, қазақ тілінде шығатын хабарларды көреді

ЗЕРТТЕУ КЕЗІНДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР

Баспасөз белсенділері қарсыластарының сынымен ішінара келіседі. Бірақ олардың айтуынша, зерттеу жүргізу кезінде көп қиындық туған. Біріншіден, Қазақстанда бұл тақырыппен айналысатын социологтар аз. Екіншіден, аймақтарда зерттеушілерді (интервьюерлерді) оқу орындары мен бюджеттік мекемелерге кіргізбей, сауалнама жүргізу қиын болған.

Көбі «мұны не үшін өткізіп жүрсіңдер?» деп жақтырмады, - дейді заңгер Гүлмира Біржанова. Оның айтуынша, республикалық телеарналар мен газеттерден балама ақпарат алу мүмкіндігін жоғалтқан көрермендер мен оқырмандардың көбі интернетке ауысқан. Қазақстанда жабылып қалған медиаресурстардың көбі қазір интернет кеңістігіне көшкен.

Билік қысым көрсетіп отырған, интернет арқылы тарайтын "Ассанди-Таймс" газетінің редакциясы. (Көрнекі сурет)
Билік қысым көрсетіп отырған, интернет арқылы тарайтын "Ассанди-Таймс" газетінің редакциясы. (Көрнекі сурет)
​ - Әлемдегі саяси жағдайдың тұрақсыздығына байланысты мемлекет ақпараттық ортаны көбірек бақылауға және оған ықпалын күшейтуге тырысып отыр, - дейді Диана Окремова.

Медиа сарапшылардың айтуынша, осы себепті интернеттегі түрлі мультимедиалық жобаларға аудиторияның сұранысы артқан. Бірақ құқық қорғаушы ұйымдардың мәлімдеуінше, Қазақстанда интернеттен еркін ақпарат алуға қатысты да қиындық көп. Билікке жақпаған веб-сайттар жиі бұғауланып, санаулы оппозициялық веб-сайттарға браузер арқылы ғана кіруге болады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG