Accessibility links

«Халықтық IPO-ны» жаңа компаниялар тірілте ме?


Жүк пойызы. Көрнекі сурет.

Жүк пойызы. Көрнекі сурет.

Жуырда «Халықтық IPO» қосымша жекешелендіру бағдарламасы аясында халыққа «ҚТЖ», «Қазатомпром» мен «Самұрық-Энерго» акциялары ұсынылмақ.

Бүгін Астанада парламент сенатында өткен дөңгелек үстелде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова «Самұрық-Энерго» компаниясынан кейін «Халықтық IPO-ға» «Қазақстан темір жолы» және «Қазатомпром» компанияларының акцияларын шығару жоспарланғанын хабарлады.

— Қазір бұл компаниялар трансформация бағдарламасына қатысып жатыр. Оларда активтерін кең ауқымда қайта құрылымдау мен құрылымын қайта ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Менің болжамымша, компаниялардың құнын арттыруға бұл шаралардың себі тиеді әрі қаржы нарығына 10 пайыз минус бір акция көлеміндегі тиісті үлесті шығаруға көмектеседі. Бірақ бұл бағдарламаны біртіндеп жалғастыру үшін акцияларды биржаға шығару 2016 жыл немесе 2016 жылдың аяғы деп жоспарланған, - деді Елена Бахмутова.

Оның айтуынша, қазір «Самұрық-Энерго» компаниясы «Халықтық IPO-ға» шығуға әзір. Жиын сыртында Бахмутова журналистерге «әуелі 2015 жылы деп ойлағанбыз, бірақ 2016 жылға қарай жылжытқан қисындырақ болып тұр» деп мәлімдеді.

Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары. Астана, 14 мамыр 2015 жыл

Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары. Астана, 14 мамыр 2015 жыл

— Әзірше түпкілікті бекіткен жоқпыз, қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдармен алдын-ала хат алмасып, "бағдарламаны қайткен күнде жалғастыру керек" деп қателікке ұрынып қалмау керектігін түсіндірдік, мұны ұлттық экономика министрлігі сияқты органдар түсінеді. Бағдарламаны біртіндеп, мақсатты әрі саналы түрде жүргізу керек, - деді Елена Бахмутова.

Сенат депутаты Рашид Ахметовтың айтуынша, 2012-2014 жылдары IPO-ға 76 мың жеке тұлға тартылған, ал бағдарламаның келесі кезеңдерінде Қазақстан азаматтарының кемі бір пайызы «халықтық акционер» бола алады.

Дөңгелек үстелге қатысқан КЕGOC компаниясы басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің мәлімдеуінше, соңғы дерекке сәйкес, 40 мыңнан аса жеке тұлға компания акционері ретінде тіркелген.

Бірақ КЕGOC компаниясы акцияларын сатумен айналысқан ресейлік «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының бас директоры Тимур Турновтың айтуынша, сатып алушылардың көбі Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Астана сияқты ірі қалаларда тұрады.

Тимур Турнов, КЕGOC компаниясы акцияларын сатумен айналысқан ресейлік «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының бас директоры. Астана, 14 мамыр 2015 жыл

Тимур Турнов, КЕGOC компаниясы акцияларын сатумен айналысқан ресейлік «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының бас директоры. Астана, 14 мамыр 2015 жыл

— Келесі жарияланым кезінде KEGOC акциялары бағасының қымбаттау мүмкіндігі мол екеніне сенімдімін. Келесі кезеңге тәжірибе жинақтап қалған өте көп клиент қайта қатысады деп ойлаймын, -деді Тимур Турнов.

Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы 2012 жылдың желтоқсанында басталған. Қазірге дейін бағдарламаның екі кезеңі аяқталып, «ҚазТрансОйл» мен KEGOC (қазақстандық электр желілерін басқару компаниясы) компанияларының акциялары сатылған.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мамандарының мәлімдеуінше, бағдарламаның басты міндеті - Қазақстан азаматтарына елдегі ең ірі кәсіпорындардың акцияларын иелену мүмкіндігін беру.

Бірақ бағдарламаның олқы тұстары жетеді. Былтыр KEGOC компаниясы "акциялары алғаш бекітілген бағасынан арзан сатылды" деп хабарланған. Бағдарлама бойынша 2012 жылы сатылымға шыққан «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары да биржада алғашқы бағасынан арзанға саудаланған.

Азаттық ертеректе Stratfor стратегиялық зерттеулер агенттігі сарапшыларының «Қазақстан үкіметінің «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске қосу шешімі елдегі ұлғайып келе жатқан тұрақсыздық пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қартайып, елді басқара алмайтын халге жеткенде туындайтын белгісіздік қаупімен байланысты» деген пікірін келтірген болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG