Accessibility links

Шылым шегетін ерлер азайып, әйелдер көбейіп келеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандық әлеуметтік зерттеу орталықтарының бірі темекі тартушы әйелдердің саны жыл санап өсіп бара жатқанын, ал шылымқор ерлердің саны 10 жылда 14,1 пайызға азайғанын айтады.

20 жастағы бойжеткен Айжан Кемерова (аты өзгертілді – ред.) үш жылдан бері темекі тартып жүргенін айтады. Ол күніне оншақты тал шылым шегеді.

– Темекіге әуестік 11 сынып оқып жүргенде басталды. Жанымдағы құрбыларыммен бірге тарта бастадым. Бір қорап темекіні екі күн шегемін. Денсаулығыма зиян екенін білсем де іздеп тұрамын. Темекіні тастауға тырысып көрмедім. Кейін отбасын құрған соң ойланып көрермін, – дейді кейіпкеріміз.

СОҒЫС ФАКТОРЫ МЕН ТЫҒЫЛЫП ТАРТУ

80 жастағы алматылық ақсақал Рамазан Әліпбаев 1945-50-ші жылдарда қалалық әйелдер темекі тартып, ауыл әйелдері насыбай атқанын айтады.

– Соғыстан кейінгі заманда ауылдағы әйелдер насыбай ататын. Көбі ауруға ем болады деп атса, кейбірі темекінің орнына қолданатын. Әйелдер насыбайды қолдарымен уқалап, тілдерінің астына немесе қызылиегіне салып жүретін. Тіс ауырса да насыбай атты. Ал ауылда темекі тартып жүретін қазақ әйелдері жоқ еді, – дейді сұхбаттасымыз.

Ақсақалдың айтуынша, 1950 жылдары қаладағы әйел адамдар ашық темекі тартпайтын.

– 1950-60 жылдары Семей, Өскемен, Алматыда жұмыс істедім. Өскеменде ауыр зауыттарда істейтін әйелдердің бәрі темекі тартты. Олар «шаршағанымызды басады» дейтін. Кейде жастар көп баратын жерлерден де темекі тартатын қыздарды анда-санда көріп қалатынбыз. Бірақ оларға халықтың көбі таңырқай қарайтын. Сондықтан әйелдер де темекіні ашық тарта бермейтін. Темекі тартатын адамдарды билік те ұнатпайтын. Сондықтан әйелдер түнгі уақытқа дейін тығылып тартатын. Түн уақытында ғана, ешкім көрмейді-ау деген жерлерде ашық тартып жүрді, – дейді ақсақал.

БІРЖАҚТЫ ЖАЗҒЫРУ

50 жастағы Жандарбек Қайырбеков 1980-90 жылдарда да әйелдер темекіні жасырын тартқанын айтады.

– 1990 жылдары Совет Одағы ыдырағаннан кейін қала көшелерінде темекі тартатын әйелдерді көп көре бастадық. Өзім де 18 жастан бастап темекі тарттым. Темекіні көбіне базарда сауда сататын, зауыттарда, құрылыста жұмыс істейтін әйелдер тартты. Ал қазақ ауылдарында әйел адамның темекі тартуы оғаш көрінді. Ауыл әйелдері күйеулеріне темекі іздеп жүретін. Оқушы және студент қыздар үшін темекі тарту ең жаман қылық көрінді. «Шылым шегу тек еркекке тән» деген қағида болған. 1990 жылдары елде темекі тапшылығы болып, махоркаға сұраныс артты. Қаладағы еркектер де, әйелдер де газетке махорканы орай салып, шеге беретін. Ал қазіргі заманда темекі тартатын әйелдерге қоғам үйреніп кетті, – дейді.

Қазіргі қазақстандық қоғамда «темекі тартатын әйел» бейнесін біржақты жағымсыз етіп сипаттау үрдісіне қатысты әлеуметтік желілердің жас қолданушылары да пікір білдіріп тұрады.

«Аузынан түтіні бұрқырап тұрып, темекі ұстаған қызды жазғырып, жаман қасиеттің бәрін сол қызға тақап қоятын жігіттерге таңмын. «Олар болашақ ана ғой, шекпесін» деп құтылады. Жігіттер де – болашақ әке. Ұрық та сау болу керек...» деп жазды Facebook желісінің Эльвира Ерғалина есімді қолданушысы ақпанның 1-і күні.

«ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІНІҢ 9,3% ШЫЛЫМ ШЕГЕДІ»

Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын қазақстандық мамандардың бірі Айжан Шабденованың айтуынша, Қазақстанда 1990 жылдардан кейін шылым шегетін әйелдердің саны артқан.

– 2010 жылғы сәуір-мамыр айларында Еуропа Одағының HITT (Health in Times of Transition) арнайы грантымен «Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы» (ҚПЗО) Қазақстанда темекі тартатын ерлер мен әйелдер арасында әлеуметтік зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу ЕО-ның LHH жобасының аясында бірінші рет 2001 жылы жасалған. 2010 жылы Қазақстандағы әйелдердің 9,3 пайызы шылым шегетіні анықталды. 2001 және 2010 жылды салыстырғанда Қазақстанда темекі тартатын әйелдердің саны азаймай отыр, – дейді маман.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының мәліметі де ҚПЗО зерттеуімен ұқсас. Осы орталықтың өкілі Әсем Алмасбекова:

– Қазақстанда темекі тартатын әйелдер саны өсіп келеді. Біздің зерттеуіміз бойынша, 2001 жылы темекі тартатын әйелдердің мөлшері – 7,5 пайыз болса, 2010 жылы 9,4 пайызды құраған, – дейді.

Ал ҚПЗО-ның дерегіне сүйенсек, Қазақстанда темекі тартатын ер адамдардың саны керісінше азайып келеді. Мәселен 2001 жылы қазақстандық ерлердің 65,3% шылым шексе, 2010 жылы темекі тартатын еркектердің үлесі 51,2% болған.

Қазақстандағы темекі шегетін әйелдердің жасы көрсетілген инфографика.
(Зерттеуді жүргізген - ҚПЗО )


КҮН САЙЫН – ОН ТАЛ ТЕМЕКІ

Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметі бойынша, қазақстандық әйелдердің 54,5 пайызы күніне 10-20 тал темекі шегеді.

Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің күнделікті темекі шегу қарқыны (күніне шегетін темекі саны)
(Зерттеуді жүргізген - ҚПЗО )


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемдегі әйелдердің 12% шылым шегеді. Әйелдер арасында темекі тарту ең көп тараған ел – Дания. Ондағы әйелдердің 37 пайызы шылымқор.

Құрметті оқырман, ал сіз темекі тартасыз ба?
XS
SM
MD
LG