Accessibility links

Бензин сапасын жүргізушілер де анықтай алмақ


Бензин тексеретін құрал
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00
Жүктеп алу

Азаттық тілшісі бензинді тестермен тексеріп көрді. Алматы, 17 қаңтар 2013 жыл.

Ұлттық тұтынушылар лигасы бензин сапасын тексеретін тестерді тегін таратып жатыр. Ал Қазақстан жанармай сапасы жөнінен 100 елдің арасында 70-орында тұр.

Алматылық көлік жүргізуші Сәбит Қызырханов – бензин сапасын тексеруге арналған тестер шыққанын естіп, оны алғандардың бірі.

«Енді қарапайым халық тестер арқылы өзі пайдаланып жүрген бензиннің сапасын анықтай алады. Бұл – нағыз халыққа керекті құрал. Тестерді алған соң бірнеше рет тексеру жүргізіп көрдім. Тестер қағазды бензинге батырып алдым. Сапасыз бензин болса қағазда дақтар пайда болып, түсі өзгеріп кетеді екен. Енді қай жанармай құю станциясының (ЖҚС) бензині сапалы екенін біліп жүреміз, бензин сапасы да жақсара түсер деп үміттенемін» дейді Сәбит Қызырханов.

ТЕГІН ТЕСТЕР

Тестерді тегін таратып жатқан Қазақстан тұтынушылар ұлттық лигасы әр жүргізушіге он тестер береді.

«Тұтынушы тестер арқылы кез келген ЖҚС-дан алған бензинін тексеріп, сапасыз бензинді байқаса, тестерді ұлттық лигаға әкелуі тиіс. Біз мониторинг жасап,
Алматыдағы жанармай құю станцияларының бірі. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы жанармай құю станцияларының бірі. (Көрнекі сурет)
сапасыз бензин сататын ЖҚС тізімін тұтынушылардың ұлттық лигасы сайтында жариялаймыз» дейді лиганың Алматы қалалық филиалының басшысы Фарида Сағындықова.

Қазір бұл тестерлерді азаматтар жеке куәлігін көрсетіп тіркеліп, Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Атырау және Қызылорда қаласындағы тұтынушылар лигасының филиалдарынан ала алады. Оны қалай қолдану керек екенін филиал мамандары түсіндіреді.

Тұтынушылар лигасы бір-екі айдың көлемінде бензин сапасын тексеретін тестерлерді Қазақстанның барлық қалаларына таратуды жоспарлап отыр.

Алматыдағы ЖҚС желісінің бірінің менеджері Андрей Кубатов тестердің тексерісінен қорықпайтынын айтады. Менеджер керісінше «тестер сапасыз бензин сататын станцияларды жабуға көмектеседі» деп үміттенеді.

«Сататын бензинінің сапасына жауап бере алатын, тазалығына сенетін ЖҚС үшін бұл тестер қорқынышты емес. Тестерден бөлек бізді айына бірнеше рет қалалық метрология және техникалық реттеу комитеті де тексереді. Тексеру көп болса, сапа да, бәсеке де артады» дейді ЖҚС қызметкері Андрей Кубатов.

70-ОРЫН

Жанар-жағар май бизнесіндегі монополия мен сапа мәселесі жергілікті жүргізушілер жиі қозғайтын тақырып. 2013 жылдың шілдесінен бастап
Жанармай құю станциясы. (Көрнекі сурет)
Жанармай құю станциясы. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда жанар-жағармай қалдықтарын шығару бойынша Еуро-4 стандарты енгізілген болатын. Зиянды қалдықтарды азайтуды талап ететін бұл стандарт Қазақстанға импортталатын Еуропа Одағында 2005 жылдан бері, АҚШ пен Кореядан 2006 жылдан бері, Жапонияда 2010 жылдан бері және Қытайда 2012 жылдан бері жасалған автомобильдерге қатысты қолданылады. 2014 жылдың қаңтарынан бастап Еуро-4 стандартын Қазақстанда құрастырылған көліктерге міндетті ету де талқыланып жатыр.

Жанармай сапасын қадағалайтын халықаралық орталық – The International Fuel Quality Center (IFQC) 2013 жылы қараша айының соңында жанармай (дизель отыны) құрамында табылған күкірт деңгейі рейтингісін жариялады. 100 мемлекет қатысқан рейтингте Қазақстан Қырғызстанмен бірге 70-орында тұр. Қазақстан 2012 жылы бұл рейтингте 66-орында болған еді.

IFQC сарапшыларының пiкiрiнше, дүние жүзiндегi күкірт мөлшері аз, сапалы дизель отыны – Швецияда. Екiншi орында – Германия, үшінші орында – Жапония, Финляндия, Дания, Венгрия, Люксембург, Нидерланд тұр.
XS
SM
MD
LG