Accessibility links

Назарбаевқа хат жазған соң сотталған дәрігер қызметіне қайтып оралды


Раиса Құсайынова. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.

Раиса Құсайынова. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.

Солтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігерінің бұрынғы орынбасары Раиса Құсайынова қызметіне қайта оралып, жазықсыз жапа шеккені үшін мемлекеттен қаржы өндіріп алатын болды.


Дәрігердің шағымын қараған Петропавл қалалық №2 сотының шешімі бойынша, 2008 жылдың 29-шы мамыры мен 25-ші қыркүйегі аралығында облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігерінің сол кездегі орынбасары Раиса Құсайынованы тәртіптік жазаға тарту және ақырында оны қызметінен босату туралы шығарған бұйрықтарының бәрі заңсыз деп танылды.

Құсайынованың еркінен тыс жұмысынан қалған кезеңі үшін еңбекақысын толық төлеу туралы өтінішін сот ішінара қанағаттандырды. Яғни, сот арыз иесі сұраған 348 мың теңгенің ($1=148 АҚШ доллары – Азаттық радиосы.) орнына 320 мың теңгені төлеуді облыстық туберкулезге қарсы диспансерге міндеттеді.


СОТ КЕСІМІ

Сонымен бірге Раиса Құсайыноваға моралдық шығынның өтемі ретінде емдеу мекемесі 80 мың теңге төлейтін болды. Арыз иесі 100 мың теңге талап еткен болатын.

Сот шығындары мен мемлекеттік алым да диспансер есебінен өтелмек. Бұған қоса арыз иесінің адвокатқа төлеген қаржы – 160 мың теңгені емдеу мекемесінен өндіріп алу белгіленді.

«Жарты миллион теңге деген біз үшін әжептеуір ақша. Бізге тіпті, кешіріңіз, 100 теңгенің де маңызы зор. Бірақ сот солай шешкеннен кейін төлейміз.
Петропавлдағы туберкулез дертін емдеу диспансері. 29 қыркүйек 2008 жыл.
Алайда қызметкерлерімізді еңбекақысыз қалдыра алмаймыз. Сондықтан бухгалтерия ол кісімен келісім жасайды, мүмкін бөліп төлерміз. Бір келісімге келеміз деп ойлаймын. Оның үстіне, ол енді мекеме басшылардың бірі. Түсінеді ғой деп сенемін», – деді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Павел Соболевский Азаттық радиосына.

Ал Раиса Құсайынованың шағымы бойынша сот ісінде мемлекет мүддесін қорғап Қаржы министрлігінің атынан жауапкер ретінде облыстық қазынашылық департаменті қатысты.

Сот мемлекетті талапкерге моральдық шығын ретінде сұраған 5 миллион теңгесінің орнына 350 мың және 200 мың теңге адвокат шығынын өтеп беруге міндеттеді. Бірақ облыстық қазынашылық департаментінің заңгері Роза Ыбыраева «бұл шешіммен келіспейтін Қаржы министрлігі қазір апелляциялық шағым дайындап жатқанын» айтты.


ЖАЗЫҚСЫЗ СОТТАЛУ

Раиса Құсайынованың Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы бастығы Наталья Воронцоваға жала жапты деген айыппен сотталып, жазасын өтеп болған соң Жоғарғы Сотқа шағымданып,
Раиса Құсайынова өзінің жазықсыз жазаға тартылғанын сотта дәлелдеп шықты. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.
өзінің ақ екенін дәлелдеп шыққан туралы Азаттық радиосының сайты жазған.

Раиса Құсайынова өзі еңбек еткен емдеу мекемесіндегі мүшкіл жағдайды айтып, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағым-хат жазғаны үшін кейін өзі істі болғаны туралы Азаттық радиосы кезінде хабарлаған.

Хат авторы диспансерде қажетті мамандар жетіспейтінін, еңбек қауіпсіздігі жоқтығын, дәрігерлердің туберкулезге шалдығуы жиілеп кеткенін, мекемеде желдеткіш жұмыс істемейтінін тізе келе, мұның бәріне Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің сол кездегі бастығы Наталья Воронцованың басқару әдісі кінәлі деп санайтынын жазған болатын.

Алайда департамент бастығы Наталья Воронцова мұны өзіне жала жабу деп қабылдап, хат иесін 2007 жылы желтоқсанда сотқа берді. Істі қараған Петропавл қалалық соты Раиса Құсайынованы кінәлі деп тауып, 2008 жылдың шілдесінде Раиса Құсайынованы «жала жапқаны үшін» жарты жылға түзету жұмыстарына кесті.

Үкімге сәйкес, еңбекақысының 10 пайызы мемлекет қазынасына ұсталып қалатын болды. Сонымен бірге сот айыпкерге Наталья Воронцоваға материалдық шығын ретінде 70 мың теңге және моральдық шығын ретінде 50 мың теңге төлеуді міндеттеді. Раиса Құсайынова бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.


ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕС

Сот жазасын өтеп болған соң арада біршама уақыт өткізіп барып Раиса Құсайынова өзінің кінәсіз екендігін айтып Жоғарғы сотқа жүгінді. Қазақстан Жоғарғы соты Раиса Құсайынованы ақтап шығарды. Бұдан соң Петропавл қалалық, Солтүстік Қазақстан облыстық және Жоғарғы сот төрағалары Раиса Құсайыновадан ресми түрде кешірім сұрап, хат жолдады.

Бұдан кейін Раиса Құсайынова өзін заңсыз соттағаны үшін мемлекетті де, облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы бастығы, бүгінде медицина қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Наталья Воронцованы да былтыр 6-шы қазан күні сотқа берген.

Сотқа берген шағымында Раиса Құсайынова өзінің моралдық және материалдық шығынының орнын толтыруды талап етті. Ал осыдан екі жыл бұрын сот арқылы Раиса Құсайыновадан материалдық және моральдық шығын ретінде жиыны 120 мың теңге өндіріп алған Наталья Воронцова былтыр күзде Раиса Құсайынованың шағымы бойынша сот басталғанға дейін талапкерге барлық ақшаны өз еркімен түгел қайтарып берген.

Қаңтардың 14-інен бастап бұрынғы қызметіне қайта кіріскен Раиса Құсайынова сот шешіміне разы екенін айтты.

«Мен бұл шешіммен толық келісемін. Есептеген сомасын да дауламаймын. Бәрі дұрыс. Алатынымның бәрін алдым. Әрі қарай ешқайда бармаймын. Өйткені тапқанымнан жоғалтқаным көп болады.

Жұмысыма қайтып келгенімде әріптестерім мені қуана күліп қарсы алды, бәрі бетімнен сүйіп, құшақтап мәз болып жатыр. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, жан-тәніммен фтизиатрмын. Бұл – менің ортам, менің туған ұжымым. Осының өзі маған моралдық қанағат сыйлайды», – деді ол Азаттық тілшісіне.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG