Accessibility links

Бақылау барына шәгі жоқ белсенділер көп


Оппозиция шеруін аңдып тұрған адам. Алматы, 31 мамыр 2012 жыл.

Оппозиция шеруін аңдып тұрған адам. Алматы, 31 мамыр 2012 жыл.

Белсенді азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанда үнемі бақылауда жүретініне сенімді. АҚШ зерттеушілері әлденеден сезіктенген азаматтардың өз бетінше сақтыққа көшетінін айтады.

«Заман» қоғамдық ұйымының төрайымы Әсел Нұрғазиева телефонының «үнемі тыңдалатынына» шәк келтірмейді. Әсіресе Жаңаөзен оқиғасынан кейін қоғамдық белсенді ретінде қоғамға танылған Нұрғазиева әлеуметтік желідегі аккаунттарының бірнеше мәрте бұзылғанын айтады. Ол жеке электрондық поштасындағы хаттар кенеттен жоғалып, түсініксіз жайттар жиі болып тұратынына алаңдайды.

ЖЕКЕ ӘҢГІМЕНІ ЖАРИЯЛАП ЖІБЕРУ

Егер телефон тыңдалып жатса, телефонның «температурасы көтеріліп кетеді» (ысып кетеді – ред.) дейді ғой. Сондай нәрсе жиі болады. Сосын үш-төрт жылдай болып қалды - белгісіз нөмірлерден қайта-қайта қоңыраулар түседі. Бұдан бөлек, жеке телефон әңгімелерді интернетке салып қояды, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Әсел Нұрғазиева, қоғамдық белсенді. Астана, 10 желтоқсан 2013 жыл

Әсел Нұрғазиева, қоғамдық белсенді. Астана, 10 желтоқсан 2013 жыл

Бұған дейін белгісіз біреулер «Әсел Нұрғазиеваның сөзі» деп сипаттап бірнеше аудиожазбаны YouTube желісінде жариялаған еді. Белсенді мұндай жайттарға еті үйреніп кеткенін, өзін қанша тексерсе де, заңға қайшы әрекеті болмағандықтан ештеңеден қуыстанбайтынын, байбалам салуды да жөн көрмейтінін айтады.

«Демус» құқық қорғау ұйымының төрайымы Тоғжан Қизатова кей кезде «көппен бөліспеген жоспарларының», «жеке мәселелерінің» интернетке жария боп кететініне таңқалады. Ол телефонының тыңдалатынына нақты дәлел келтіре алмағанмен іштей сезетінін айтады.

- Жасыратын ештеңе жоқ қой. Бірақ бұл ваннада шомылып жатсаң біреу қарап тұрған сияқты нәрсе. Кей кезде сені жамандаған жалған деректерімен мақалалар шығады, бірақ арасында менің отбасымда не болып жатыр, менің қызым не істеп жатыр, соны да жазып жібереді. Кейде көпке айтпаған нәрселерді де жариялап жібереді. Соны оқып, таң қаламын, - дейді ол.

ӨЗ ДОЛБАРЫНА СЕНУ

Әсел мен Тоғжан сияқты көптеген қазақстандық белсенділер телефондарының тыңдалатынына және интернет жазбаларының бақыланып отыратынына сенімді. АҚШ-тағы Вашингтон университетінің қазақстандық 47 белсенді, журналист, заңгер арасында жүргізген зерттеуі осыған меңзейді. AGAINST (Advanced Global Analysis of ICT Network Surveillance Technology Transfer) атты жобаның ұйымдастырушылары өткен аптада зерттеу қорытындыларын Алматыдағы азаматтық қоғам өкілдеріне жариялаған.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, сұралғандардың шамамен 83 пайызы бақылауды Қазақстанның арнайы қызмет өкілдері жүргізеді деп санаса, 9 пайызға жуығы шетелден тыңдалады деп есептейді. 6 пайызға жуық сұралғандар бизнес құрылымның қауіпсіздік қызметі құпия түрде бақылайды деп санаса, 6 пайызы интернет провайдерлерден күдіктенеді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, сұралғандардың шамамен 83 пайызы бақылауды Қазақстанның арнайы қызмет өкілдері жүргізеді деп санайды.

«Бақылаудың барын қалай білдіңіз?» деген сұраққа қазақстандықтардың 75 пайызы өздігінен білгенін айтса, 42 пайызға жуығы достары мен әріптестерінен білгенін, 4 пайызы ақпарат құралдарынан білдік деп жауап берген.

Зерттеу жобасына қатысқандар сырт бақылаудан қалай қорғанатындарын да айтқан. Олардың шамамен 8 пайызы электрондық аккаунттарын қорғау құралдарын қолданады, 27 пайызы парольдерін жиі ауыстырады, ал 47 пайызы өте маңызды мәселелер талқыланып жатқан кезде сақ болуға тырысады.

Биыл мұндай зерттеу Қазақстанмен бірге Мексика, Иордания, Нигерия және Мьянмада жүргізілген. Жобаның үйлестірушісі журналист Нәзира Дәрімбет Қазақстандағы тыңшылық әрекеттердің көбірек саяси сипатқа ие екенін айтты.

- Бір атап өтерлік жайт – жобаға қатысқан бес елдің ішінде Қазақстандағы бақылау амалдары саясатпен, саяси жүйемен және саяси оқиғалармен байланысты. Өзге елдерде, мысалы, Мексикада бұл көбіне терроризммен, Нигерияда – есірткі саудасымен, Иорданияда – король отбасымен байланысты, - дейді Нәзира Дәрімбет.

«НАУҚАН КЕЗІНДЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ»

Зерттеуге қатысқан сарапшылардың көбі бақылау әрекеттерінің қандай да бір саяси науқан кезінде ұлғайып кететінін, оқиға өткен соң саябырситынын айтқан. Респонденттердің 60 пайызы бақылаудың күшеюін нақты бір оқиғалармен байланыстырса, 15 пайызы себебін дәл атай алмаған.

Сұралғандардың 38 пайызы бақылауды сезгеннен кейін белсенділігін өзгерте бастағанын айтса да, мамандар шын мәнінде бұл көрсеткіштің бұдан әлдеқайда көбірек екеніне сенімді.

Оппозиция шеруін аңдып тұрған белгісіз адамдар. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл

Оппозиция шеруін аңдып тұрған белгісіз адамдар. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл

Зерттеу жобасы бақылау мен аңду әрекеттеріне қатысты Қазақстан заңнамасын да сараптап шыққан. Заңның бейімдеп, икемдеп алуға оңай екенін, нақтылық жетіспейтінін көрсеткен. Бір ескеретін жайт, «Жаңаөзен ісі» мен «Мұхтар Зиманов ісі» сияқты бірнеше қылмыстық істі қарау кезінде күдіктілерге айып олардың бұрынғы телефон әңгімелерін тыңдау кезінде анықталған кейбір жайттарға қатысты тағылған еді.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: Телефон тыңдауда Қазақстан Ресейден қалыспайды

Бақылау әрекеттері туралы мұндай мәселелердің қазақстандық БАҚ-та қамтылуына тоқталған «Азаматтық сараптама» қоғамдық қорының президенті Данил Бектұрғанов «тақырыптың жиі кездеспейтінін, ал кездескен материалдарға нақтылық жетіспейтінін» айтады.

Оның сөзінше, жала жабу және өсек-аяң тарату баптары бойынша айыпты болудан қорыққандықтан журналистерде ресми я арнайы ұйымдар тарапынан ұйымдастырылатын бақылауға қатысты өзін өзі шектеу құбылысы байқалады. Ол ақпарат құралдарымен салыстырғанда әлеуметтік желіде бақылау және аңду тақырыбының біршама ашығырақ, нақты жазылатынын айтады.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың тарабынан онлайн цензура мен аңдуға қатысты тұрақты түрде сын-ескертпе естіп келеді. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы соңғы есебінде Қазақстанның әлі де «интернет жаулары» тізімінде тұрғанын мәлімдеген еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG