Accessibility links

Азаттық фотоконкурс жеңімпаздарын марапаттайды


"Елдегі демалыс" фотоконкурсы жүлдегерінің бірі Әйгерім Бегімбет (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

"Елдегі демалыс" фотоконкурсы жүлдегерінің бірі Әйгерім Бегімбет (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Азаттық маусымның 16-сы мен тамыздың 31-і аралығында оқырмандар арасында өткізген «Елдегі демалыс» байқауының жеңімпаздарына сыйлықтарын тапсырады.

Жеңімпаздарды Азаттықтың кәсіби фотосурет сарапшылары Люция Стейнзова (Чехия), Умида Ахмедова (Өзбекстан) және Балжан Балташева (Қазақстан) анықтаған.

Қазылар бірінші орынды өскемендік Елдос Абаевқа («Қатон-Қарағайдың Ақтомар шатқалы» атты фотосына), екінші орынды шымкенттік Әйгерім Бегімбетке («Қостұрада балық аулау»), үшінші орынды Аймангүл Қазанғаповаға («Алакөлдегі демалыс») берген.

«БҰЛ – АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІМ»

"Елдегі демалыс" фотоконкурсының жеңімпазы Елдос Абаев (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

"Елдегі демалыс" фотоконкурсының жеңімпазы Елдос Абаев (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Фотобайқаудың бас жүлдесіне ие болған 32 жастағы Елдос Абаев Өскеменде тұрады. Компьютер және ұялы телефон жөндеумен айналысатын Елдос бос уақытында әңгіме жазып, фотоға түсіргенді ұнатады.

– Жыл сайын жазда Қатонқарағай өңіріне отбасымызбен бірге демалуға барамыз. Табиғатқа шыққан сайын фотоаппаратпен суретке түсіргенді ұнатамын. Бұл – хоббиім. Бір қызығы, Азаттықтың фотобайқауы – мен қатысқан алғашқы фотоконкурс және алғашқы жеңісім. Енді осы конкурстан ұтып алған фотоаппаратыммен сапалы суреттер түсіруді жоспарлаймын, – дейді байқау жеңімпазы Елдос Абаев.

Елдос Абаев фотограф ретіндегі шеберлігін арттыруды қалайтынын, қазір фотоға түсіру әдістерін интернеттен оқып жүргенін айтады.

«АЛТЫНШЫ СЫНЫПТАН ФОТОҒА ӘУЕСПІН»

Байқауда екінші орын алған 25 жастағы Әйгерім Бегімбет 2012 жылы ҚазҰУ журналистика факультетін тәмамдаған. Қазір Шымкентте облыстық газетте тілші қызметін атқаратын Әйгерім фотоөнермен алтыншы сыныпта бері айналысатынын айтады. Оған алғашқы фотоаппараттын әпкесі туған күніне сыйлаған екен.

– Алғашқы фотоаппаратым пленкалы болған. Сонымен бүкіл ауылды фотоға түсіріп, «Фотограф қыз» деген лақап ат та алдым. Қазір жартылай кәсіби фотоаппаратым бар. Экспедицияларға шығып тұрамын. Бұған дейін де бірнеше фотоконкурсқа қатысып, жүлделер алғанмын, – дейді Әйгерім Бегімбет.

Ол көбіне ауыл өмірі мен табиғатын суретке түсіргенді ұнатынын, болашақта түрлі фотосаяхаттарға шығуды ойлап жүргенін айтады.

Азаттық байқауда үшінші орын алған Аймангүл Қазанғаповамен хабарласа алмады. Ол оқырманымыздың редакциямызға хабарласуын өтінеміз.

"Алакөлдегі демалыс", Аймангүл Қазанғапова жіберген сурет.

"Алакөлдегі демалыс", Аймангүл Қазанғапова жіберген сурет.

Азаттық «Елдегі демалыс» фотобайқауына дейін де оқырмандар арасында бірнеше конкурс өткізген.

«Бүгінгі жастың бейнесі» атты фотобайқау Қазақстандағы жастар өмірінің әрқилы маусым мен жағдайдағы сәтін бейнелеген.

«Азаматтық журналистика» айдарымен өткен видеобайқауда Азаттық оқырмандары елдің қазіргі өмірінде қоғамдық мәні бар, өздері байқаған және өздерін алаңдататын мәселе немесе оқиға жайлы видеоларын жолдаған.

Ал «Квартиранттың арманы» блог байқауында баспана мәселесі көтерілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG