Accessibility links

Фото-байқаудың жеңімпазы анықталды


Азаттық радиосы ұйымдастырған "Бүгінгі жастың бейнесі" фотобайқауының әділқазылар алқасы. Алматы, 21 қаңтар 2013 жыл.
Азаттық радиосы ұйымдастырған "Бүгінгі жастың бейнесі" фотобайқауының әділқазылар алқасы. Алматы, 21 қаңтар 2013 жыл.

Азаттық радиосы жариялаған «Бүгінгі жастың бейнесі»/«Будни современной молодежи» атты фото-байқауда қазылардың шешімі бойынша ең үздік үш сурет сұрыпталып алынды.

Сандық үлгідегі фотоаппараттардың ел ішінде кең қолданысқа енгенін және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алмасудың танымал бола бастағанын ескеріп, Азаттық радиосы арнайы фото-байқау жариялаған еді.

2012 жылы қарашаның 20-сы күні басталып, биыл қаңтардың 20-сына дейін жалғасқан жарыс кезінде 400-ге тарта сурет келіп түсті. Фотолар қазіргі Қазақстандағы жастар өмірінің әрқилы маусым мен жағдайдағы сәтін бейнелейтін түрлі кейіпкерге толы қызықты галереяға айналды.

Байқау өтіп жатқанда бірқатар тартымды суреттер Азат Еуропа/Азаттық радиосының Вашингтондағы Facebook желісінің редакторлары мен Прагадағы ағылшын сайтының редакторларының назарына ілініп, екі бөлек топтама галерея болып жарияланды.

343 ФОТОДАН 3 ФОТО ҮЗДІК ШЫҚТЫ

Азаттық радиосы бекіткен қазылар құрамына «Фото өнер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, тәжірибелі фототілші Асылхан Әбдірайым, «Нұр.кз» сайтының редакторы Жанар Жансейіт, белсенді интернет қолданушы журналистер Марфуға Шапиян мен Диас Бейсенбек, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің фототілшісі Азамат Құсайын шақырылды.

Жюри мүшелері қаңтардың 21-і күні Азаттық радиосының Алматы бюросында бас қосып, фото-байқаудың жеңімпазын анықтады.

Байқаудың алғы шартында «ұсынылатын дүниелер тек портреттік фотолар болуы шарт емес. Символдық мәні бар, түрлі шығармашылық тәсілдер мен тапқырлықтан туған, жастардың әлеуметтік, я табиғи ортасын бейнелейтін суреттер түссе – құба-құп» деп жазылған болатын.

Осы шарттарды негізге ала отырып, жюри байқауға келіп түскен 343 фотоның арасынан үш суретті іріктеп алды. Кейін бес балдық жүйемен ашық дауыс беру арқылы жеңімпаз фото анықталды.

«ЖАСТЫҚ ШАҒЫН КІМ САҒЫНБАС»

Қазылар «композициясы мықты, тақырыпты аша білген» деп таныған Серік Зұлхаровтың «Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас» атты суреті мен Мирас атты оқырман жіберген «Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды» атты суреттің әрқайсысы екі мәрте ең жоғарғы 5 деген ұпайға ие болды. Үздік суреттерді сұрыптау процесіне әуел бастан араласпаған Азаттық радиосы мұндай тепе-тең жағдайда редакцияның дауысын беру хақын пайдаланып, Серік Зұлхаровтың суретін жақтап дауыс берді.

Осылайша «Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас» суреті байқаудың жеңімпазы атанып, фотоның авторы iPhone-ның иегері болды.

– Ең бақытты кез – жастық шақ. Жастардың бақытты бейнесі жақсы келтірілген. Ал мына кісі жастарға қарап өзінің жастық шағын сағынып отыр деуге болады, - дейді Асылхан Әбдірайым.
Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас. Жүктеген адам: Серік Өтегенұлы Зұлхаров.
Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас. Жүктеген адам: Серік Өтегенұлы Зұлхаров.

Екінші орынға (жүлдесі – Canon фотоаппараты) ие болған «Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды» атты фотоға қатысты Жанар Жансейіт:

- Соңғы уақытта дін өзекті тақырып болып кетті ғой. Дінді терроризммен де байланыстырады, дін істері агенттігі де құрылды. Соған қарамастан жастарымыз жаппай дінге бет бұрып жатыр, - деген пікір айтты.
Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды. Жүктеген адам: Мирас
Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды. Жүктеген адам: Мирас
Жюридің ұйғарымы бойынша, үшінші орынды (жүлдесі – электрондық кітап оқығыш) Сәрсен атты оқырманның «Концертте» деп аталатын фотосы жеңіп алды.

Жанар Жансейіттің ойынша, «бұл суреттің артықшылығы – батыстық мәдениетке бет бұрған бүгінгі жастардың бейнесін жақсы сомдағаны».
Концертте. Жүктеген: Сәрсен
Концертте. Жүктеген: Сәрсен

Байқауға жіберілген фотолар Азаттық радиосының Facebook парақшасында да үздіксіз түрде жарияланып тұрды. Әлеуметтік желіде ең көп дауыс жинаған Асан Қуанышкереевтің «Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр» атты фотосы арнайы сыйлыққа (Nikon фотоаппараты) ие болды.
Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр. Жүктеген адам: Қуанышкереев Асан
Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр. Жүктеген адам: Қуанышкереев Асан

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жұма қаңтардың 25-і күні Азаттық радиосының Алматы бюросында өтеді.

Азаттық радиосы үздік үштікке ілінбей қалған, бірақ көрген көздің қуанышына айналған қалған барлық сурет авторларына, байқауға қатысқан тұрақты оқырмандарына шексіз алғыс айтады.
XS
SM
MD
LG