Accessibility links

Қашағандағы Д аралы тағы ереуілдетіп жатыр


Каспий теңізі қайраңы. Қашаған кен орнындағы Д аралы. 2009 жыл.

Каспий теңізі қайраңы. Қашаған кен орнындағы Д аралы. 2009 жыл.

Каспий теңізі қайраңы Қашағанда Cape Industrial Services компаниясы жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатқанына үш күн болды. Ереуілшілер жалақыны көбейтуді, жылдық және теңіздегі ауыр жұмыстар үшін төленетін қосымша ақыларды қалпына келтіруді талап етеді.


Жұмысшылардың хабарлауынша, өткен жексенбіден бері Қашағандағы ағаш монтаждау, майлау тәрізді құрылыс жұмыстарын атқаратын Cape Industrial Services компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы жұмысқа шықпай қалған.

АРАЛДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ

– Біз жалақымызды 235 мың теңгеге (1600 долларға) дейін көтеруді, жылдық және теңіздегі жұмыс ауырлықтарына сай төленетін коэффициенттерді қалпына келтіруді талап етіп отырмыз. Компаниядағы еңбекақы, атқаратын жұмысымыз бір болғанына қарамастан, әртүрлі төленеді – осыны жоюды талап етеміз, – деп хабарлады Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтқысы келмеген монтажшы жігіт.

Оның айтуынша, қазір Cape Industrial Services жұмысшылары қолдарына 130-140 мың теңге ғана алады (890-950 доллар), бұл 28 күндік ауысымға созылатын теңіздегі ауыр жұмысқа лайық емес.

– Жалақымыз 140 мың теңге деп ауыз толтырып айтқанмен, бұл – түкке тұрғысыз ақша. Өйткені біз 28 күн істеп, 28 күн демаламыз. Сондықтан оны екі айға бөлгенде бар болғаны 70 мың теңгеден ғана, – дейді жұмысшы жігіт.

Жұмысшылар талаптарын қағаз жүзінде компания басшыларына жазып бергендерін айтады. Олармен сөйлесуге келген Cape Industrial Services компаниясы Атырау филиалының бас директоры Бахрус Гурбанов жалақының бұдан әрі өспейтінін айтып кеткен.

Жұмысшылар өздерінің жұмыс орыны теңізде болғандықтан сырт қоғаммен ашық байланысқа шыға алмайтындарын алға тартып, талаптарын билікке жеткізуді өтінді.

– Бұл мәселеге жергілікті билік пен заң орындары адамдарының араласуын өтінеміз, – дейді жұмысшы жігіт.

КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ – ЖҰМЫСТА ЖОҚ, ЕҢБЕК ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ – ОҚИҒАДАН БЕЙХАБАР

Азаттық тілшісі Cape Industrial Services компаниясы филиалы бас директоры Бахрус Гурбановқа бірнеше мәрте қоңырау соққанымен, хатшы қыз оның орнында жоқ екенін хабарлады. Компанияның әкімшілік менеджері Светлана Жұмағазиева бұл жағдайдан хабардар болғанымен, ресми жауапты директордан алуды өтінді.

Ал Атырау облысы бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бастығы Темір Естебаев бұл туралы ешнәрсе естімегенін айтты.

– Бізге ешқандай дабыл түскен жоқ. Ешкім арызданбай тексеру жасай алмаймыз, – деді Темір Естебаев.

Cape Industrial Services – Каспий теңізі жағалауынан шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан Қашаған кенішіндегі жасанды Д аралындағы жобаның қазіргі операторы NCOC компаниясының мердігерлерінің бірі.
Consolidated Contractors Company жұмысшыларының ереуілі. Д аралы. Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл.
Мұндағы жұмысшылардың бас көтеруі жалғыз бұл ғана емес. Былтыр тамызда осы аралдағы Agip KCO компаниясының мердігері Consolidated Contractors Company жұмысшылары да өздерінің жазда 50 градус аптапта, ал қысты 30-40 градусқа дейінгі аяз бен жел өтінде жұмыс істейтіндерін айтып, жалақыны көтеруді, жұмыстағы жалақы теңсіздігін жоюды талап еткен еді.

Естеріңізге сала кетейік: Қашаған – Қазақстанның мұнай саласындағы ең маңызды жобасы. 2011 жылы қаңтардың 31-інде Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК бірлескен коллегиясы өткен. Сол жолы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қашаған кенішінің екінші фазасы концепиясы экономикалық жағынан тиімсіз деп бағалайтынын айтқан еді. «Сондықтан министрлік Қашаған жобасы ұсынған бұл концепцияны бекіте алмайды» деген болатын министр. Алайда министр Сауат Мыңбаев алғашқы мұнай алу кезеңі 2012-2013 жыл болып қала беретінін де ескерткен.

Қосымша мәлімет

Әрбірінің 16,81 пайыз үлесі бар итальяндық Eni, қазақстандық KMG Kashagan B.V. («ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорыны), француздық Total, америкалық ExxonMobil, британдық-нидерландық Royal Dutch Shell және америкалық ConocoPhillips (үлесі 8,4 пайыз) бен жапондық Inpex (үлесі 7,56 пайыз).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG