Accessibility links

Қазақстанда қаралы күн жарияланды


Төмен түсірілген Қазақстан туы. Алматы, 5 маусым 2012 жыл.

Төмен түсірілген Қазақстан туы. Алматы, 5 маусым 2012 жыл.

Ан-72 ұшағы құлап, 27 әскери қызметкердің қаза табуына байланысты елде ұлттық аза тұту жарияланды. Ал Азаттық тілшісі ұшақтың қалай құлағанын көрген адамдармен сөйлесті, әрі полиция соққысына жығылды.

Желтоқсанның 26-сы күні Қазақстан президентінің ресми сайты "Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің әскери қызметшілерінің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жарияланды" деп хабарлады.

Назарбаевтың өкімі бойынша қаралы күн - 2012 жылғы желтоқсанның 27-сі.

Осымен 2012 жылы Қазақстанда екі мәрте қаралы күн жарияланды. Екеуі де ҰҚК шекара қызметіндегі төтенше оқиғаларға байланысты болып отыр. Осының алдындағы аза тұту күні 2012 жылғы маусымның 5-і күні Арқанкергендегі шекарашылар қазасына байланысты жарияланған.

"ЖАРЫҚТАРЫ СӨНГЕН, ҚАП-ҚАРА БІР НӘРСЕ"

Ан-72 ұшағы 2012 жылы желтоқсанның 25-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Сайрам ауылының қасына құлаған. Сайрам ауылының тұрғындары желтоқсанның 25-і күні кешкі сағат 7-лер шамасында зор дауыстан шошып, далаға жүгіріп шыққан.

- Жүгіріп шықсақ, жарықтары сөнген, қап-қара бір нәрсе құлап келе жатыр екен. Ауылдың үстінен өте жақын өтіп барып құлады. Айналасының бәрі аппақ (жап-жарық) болып кетті. Жер дірілдеп кетті. Ауылдың маңында арнайы парашютпен секіріп жаттығатын полигон бар. Ұшақ сол жерге құлады, - дейді ауыл тұрғындары.

Бұдан кейін «Самолет құлады, самолет құлады» деп 20 шақты тұрғын сол жаққа жүгірген екен.
АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.


- Бірақ ол жаққа барсақ, кәдімгідей адамдардың денелері шашылып жатыр. Бөлініп кеткен, жанып кеткен түрлі бөлшектер, фуражкалар, әскери заттар жатыр. Қаза тапқандар әскери адамдар екенін білдік, - дейді сайрамдықтар.

Тұрғындардың айтуынша, "Ұшақтың дымы қалмаған. Мыжылып, ұсақталып кеткен. Ұшақ құлаған кезде жарылыс болған. Өрт содан кейін басталған".

Тұрғындар ұшақ құлағаннан кейін шамамен жарты сағат өткенде тиісті органдарға телефон арқылы болған жайтты хабарлаған. Полиция кешкі сағат 8-дер шамасында жеткен.

- Ауыл апаттан аман қалды. Ұшақ ауыл үстіне құлағанда мүлде қиын болатын еді. Ауылдан төрт шақырымдай жерге барып жарылды, - дейді тұрғындар.

Бірақ ұшақ құлағанға дейін әуеде бөлшектене бастаған сияқты. Ұшақ қанатына ұқсас бөлшектер апат орнынан 10-15 километр жерлерде де шашылып жатты.

ҰҚК баспасөз хабарламасында "1990 жылы желтоқсан айында жасалған Ан-72 әскери ұшағының 2012 жылы Украинадағы «КБ Антонов» зауытында ресурстарды қалпына келтіру жұмыстарынан өткені, ұшақ экипажының тәжірибелі ұшқыштардан жасақталғаны" айтылған.

ЖУРНАЛИСТІ ҰРЫП-СОҚҚАН ҚАРАБАЕВ

Азаттық тілшісі де апат орнына полициямен қатарлас жетті. Бұл кезде Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті қызметкерлері, өрт сөндіру қызметі, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері ұшақ құлаған жерге жиналып жатты.
АН-72 ұшағы құлаған жерде жүрген полиция қызметкерлері. 24kz телеарнасының апат туралы сюжетінен алынған скриншот. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

АН-72 ұшағы құлаған жерде жүрген полиция қызметкерлері. 24kz телеарнасының апат туралы сюжетінен алынған скриншот. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.


Алайда апат болған жерге бірінші жеткен облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері тілшілерге дөрекілік көрсетті. Олар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ережепов келіп, оқиға болған жерге баруға болмайтынын түсіндіргенше журналистерді тілдеп, ұрып-соқты.

Азаттық тілшісін ұрып-соққан - облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Қарабаев. Қарабаев ұрған кезде құлаған журналисті арқасынан түйгіштеп, орнынан тұрайын дегенде қайта құлатты. Журналист оған бірдеңе түсіндіріп, өзінің тілші екенін де айтып үлгермеді.

Полицейлер тұрғындарға да ар-намысқа тиетін боғауыз сөз айтып, қатты дөрекілік көрсетті.

ҚАЗА ТАПҚАН ӘСКЕРИЛЕР ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

ҰҚК қаза тапқан марқұмдардың тізімін жариялады:

1. Экипаж командирі - майор Марат Нұрахметов.
2. Штурман - майор Олег Голубев.
3. Аға бортмеханик - капитан Марат Үсенов.
4. Командир көмекшісі - аға лейтенант Аслан Лұқпанов.
5. Аға бортмеханик - прапорщик Александр Вологжанин.
6. Аға бортмеханик - сержант Ренат Мысаев.
7. Бортсерік - сержант Гүлнұр Доланбаева.
8. ҰҚК шекара қызметінің директоры - полковник Тұрғанбек Стамбеков.
9. Шекара қызметінің бас басқармасы бастығы міндетін атқарушы - полковник Ерғали Нұрлашев.
10. "Оңтүстік" аймақтық басқармасының бастығы міндетін атқарушы - полковник Павел Доценко.
11. "Оңтүстік" аймақтық басқармасы бастығының орынбасары - полковник Қайрат Базарбаев.
12. Шекара қызметінің бөлім бастығы - полковник Қанатбек Қабдылғазезов.
13. Шекара қызметінің басқарма бастығы - полковник Ерлан Махаев.
14. Шекара қызметінің аға кеңесшісі - Александр Дмитриев.
15. "Леңгір" шекара бақылау бөлімінің штаб бастығы - подполковник Валерий Кущь.
16. Жеке инженерлік-саперлік батальон командирі - подполковник Бауыржан Қожахметов.
17. "Мерке" шекара бақылау бөлімінің бастығы - майор Алмаз Ибраев.
18. Шекара қызметінің қамтамасыз ету және күзет комендатурасының коменданты - подполковник Сәулебай Досыбеков.

"Оңтүстік" аймақтық басқармасының шекара отрядының бастықтары:

19. Подполковник Вячеслав Рахман.
20. Подполковник Александр Рахман.
21. Подполковник Қайрат Мухамадиев.
22. Подполковник Аманбек Шуканов.
23. Подполковник Асуан Айтманбетов.

"Оңтүстік" аймақтық басқармасының әскери қызметкерлері:

24. Аға лейтенант Анатолий Филипко.
25. Аға сержант Мақсат Қонақбай.
26. Кіші сержант Павел Вязиков.

27. ҰҚК шекара қызметінің директоры полковник Тұрғанбек Стамбековтің әйелі Сәуле Стамбекова.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери-көлік ұшағының апаты салдарынан қайтыс болғандардың жақындары мен туысқандарына көңіл айту жеделхатын жолдап, осы оқиғаға байланысты республика бойынша 2012 жылдың 27 желтоқсанын ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
АН-72 ұшағы құлаған жерге келген ресми өкілдер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 26 желтоқсан 2012 жыл.

АН-72 ұшағы құлаған жерге келген ресми өкілдер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 26 желтоқсан 2012 жыл.


Бас әскери прокуратураның хабарлауынша, 25 желтоқсанда Шымкент қаласының маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Ан-72 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғалған.

"Шымкент әскери гарнизоны аталған оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 392-бабы бойынша ("Ұшу немесе оған дайындық жасау ережелерінің бұзылуы") іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада.

Желтоқсанның 26-сы күні оқиға орнында ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев болды, ол сонымен қатар қаза болғандардың туыстарымен кездесті. Сағат 14:00 шамасында ҰҚК төрағасы брифинг өткізді. Бұл туралы жеке материалдан оқисыздар.

Сейсенбі, желтоқсанның 25-і күні Оңтүстік Қазақстан облысында ҰҚК-нің шекара қызметіне қарасты әскери ұшақ құлап, 27 адам қаза тапқан еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG