Accessibility links

Сәлемдеме алуға тыйым түрме дәстүрін бұзады


Сотталған адамның туысы түрме ауласында тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сотталған адамның туысы түрме ауласында тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңа қылмыстық-атқару кодексі жобасында тұтқынға сәлемдеме алуға тыйым салынбақ. Құқық қорғаушылардың айтуынша, онсыз да тұтқынға «жесең де, жемесең де - быламық» деген жалғыз таңдау берілген.

Өткен аптаның аяғында парламентке таныстырылған жаңа қылмыстық-атқару кодексінің (ҚАК) жобасы кереғар пікір тудырды. Тұтқындардың сәлемдеме алуына тыйым салу мәселесі туралы дау туды. Совет заманынан кейін де, ГУЛАГ тұсында да сәлем-сауқатты қастерлі санайтын тұтқындар үшін ол - кейде жақсы тамақ ішудің жалғыз мүмкіндігі.

СӘЛЕМДЕМЕГЕ ТЫЙЫМ

Жаңа ҚАК жобасында сотталғандардың сәлемдеме алуына тыйым салу қарастырылған.

Парламент депутаттарының сұрақтарына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбаев «біріншіден, сотталғандар тыйым салынған заттарды осы сәлемдемемен алады; екіншіден, сәлемдемемен көбінесе камерада сақтау мүмкін емес азық-түлік келеді де, антисанитариялық жағдай туады; үшіншіден, сәлемдемені дайындап, жөнелту - төлем картасына ақша аударуға қарағанда қиындау» дейді.

КА-168/2 түзету мекемесін күзетіп тұрған қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.

КА-168/2 түзету мекемесін күзетіп тұрған қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл.

Оның айтуынша, сотталғандарға төлем картасы арқылы түрме дүкендерінен сауда жасауға рұқсат берілгендіктен, түрме аумағында ресми түрдегі қолма-қол ақша айналымы жоқ.

Сотталғандарды жауапкершілікке тарту немесе оларды ынталандыруды жасақ бастығының құзырынан алып тастау ұсынысы жемқорлыққа қарсы шара ретінде ұсынылған. Жобада тұтқынға ұзақ мерзімді кездесуге, телефонмен сөйлесуге рұқсат берілетін жағдайлар да нақтыланған.

Кейбір депутаттар жаңа қылмыстық кодекс жобасын бірден қолдады. Олардың ішінде мәжілістің заң шығару және сот-құқық реформасы жөніндегі комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев бар. Оның айтуынша, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын жұмсарту, бас бостандығынан айырудың баламалы түрін қолдану, қоғамдық бақылау механизмдерін ары қарай дамыту, шартты жазаны өтеуді (пробациондық) қадағалау мен бақылауды заң тұрғысынан реттеу мақсатында құрастырылған жобада қоғамдық дамудың қазіргі заңдылықтары мен халықаралық тәжірибе ескерілген.

«СӘЛЕМДЕМЕГЕ АҚШАНЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?»

Қылмыстық іс бойынша сотталып, үш жылдан аса түрмеде отырған құқық қорғаушы Евгений Жовтис түрме тәртібімен бұрынғы тұтқын ретінде де таныс. Жовтис «көп ережелері сотталғандардың жағдайын жақсартудың орнына, тұтқынды мүшкіл халге түсіруді көздейтін жобаны гуманистік мақсатта құрастырылған кодекс деп айта алмаймын» дейді.

Оның айтуынша, сәлемдеме алу тәртібінен ақша аударымдарына көшу ережесінде Қазақстан халқының көбі ауылда тұратыны ерекшелігі ескерілмеген. Түрмедегі туыстарына ақша емес, сәлемдеме салу ақшасы жоқ ауыл адамдары үшін жеңілдеу болар еді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.

- Ауылда ақша жоқ екенін жақсы білемін. Өздері әрең күн көріп отырған ауыл халқының көбі керек-жарағын жергілікті дүкеннен қарызға алады, - дейді Евгений Жовтис.

Кодекс жобасына сәйкес, сотталғандар енді түрме дүкенінен сауда жасап, банк картасымен есеп айырысуы тиіс. Коррупцияның жолы осылай кесіледі деп болжанады.

Құқық қорғаушы Жовтистің пікірінше, мықты тамыр-танысы болмаса, кез келген кәсіпкер түрме аумағынан дүкен аша алмайды. Ол әлгі дүкендердегі тауарлардың ассортименті жұтаң, бағасы қымбат, ал сапасы төмен болуы мүмкін екенін ескертеді.

- Біздің түрмеде отырған тұтқында «быламықты жесең де, жемесең де - еркің» деген жалғыз ғана таңдау бар екенін өз тәжірибемнен білемін, - дейді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, тұтқындар үйінен сәлемдеме келген кезде ғана жөні түзу тамақ жейді. Енді оларды бұл мүмкіндіктен де айырмақ.

Оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың түрмедегі тіршілігін мысал ретінде келтіріп, сотталғандар үшін сәлемдемелердің олар үшін қаншалықты маңызды Азаматтық белсенді Айдос Садықов (ортада) сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Азаматтық белсенді Айдос Садықов (ортада) сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

екенін Азаттық бұрын да жазған еді. Тұтқындар жетпей қалған сәлемдемені де қатты уайымдайды. Мысалы, аяқ киім салынған сәлемдеме саяси тұтқын әрі диссидент Арон Атабекке жетпеген.

«Тұтқындар сәлемдеме арқылы есірткі немесе басқа да тыйым салынған заттар алуы мүмкін» деген уәжді құқық қорғаушы Евгений Жовтис «бос сылтау» деп есептейді.

- Келген сәлемдемені түрменің өз қызметкерлері тексереді емес пе? Ал ішкі істер министрлігі өз ішіндегі коррупциямен күресудің орнына, сәлем-сауқатпен күресуді ұсынады, - дейді ол.

ТӨРТ САҒАТ - ЕКІ САҒАТҚА, ҮШ ТӘУЛІК ЕКІ ТӘУЛІККЕ ҚЫСҚАРАДЫ

Сотталғандарға берілетін кездесу уақыты да қысқаратын сияқты. Жаңа кодекс жобасының 98-бабы 1-тармағында «Сотталғандарға мекеме аумағында ұзақтығы екі сағаттық қысқа мерзімді, ұзақтығы екі тәуліктік ұзақ мерзімді кездесулер беріледі» деп көрсетілген.

Құқық қорғаушы Жовтис «жобаның бұл бабы тұтқындардың мүддесіне мүлде қайшы» деп есептейді.

- Бұрын 2-4 сағаттық қысқа кездесу, үш тәулікке дейін ұзақ кездесу берілетін. Ал мына жобада қысқа кездесуді - екі сағатқа, ұзақ мерзімді кездесуді екі тәулікке дейін қысқартуды ұсыныпты, - дейді құқық қорғаушы.

Қарағанды облысындағы Қаражал қаласындағы түрме. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысындағы Қаражал қаласындағы түрме. (Көрнекі сурет)

Жовтистің пікірінше, жаңа кодексті әзірлеуде кеткен кемшіліктер кездейсоқ емес, жүйелі сипатқа ие. Өйткені бүкіл қылмыстық-атқару жүйесі мен оның жұмысын реттейтін заңның түпкілікті мақсаты тұтқынның жеке тұлғасын түзеу мен қайта тәрбиелеуге бағытталған.

Бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейтін түзету мекемелері қауіпсіздік (күзет) дәрежесі мен тәртібіне қарай жаңа кодекс жобасында былай жіктелген: колония-қоныс – қауіпсіздігі төмен; жалпы режимдегі түзету колониясы – қауіпсіздігі орташа; кәмелетке толмағандарға арналған тәрбие колониясы – қауіпсіздігі орташа; қатаң режимдегі түзету колониясы – қауіпсіздігі толық; айрықша тәртіптегі түзету колониясы – қауіпсіздігі жоғары; түрме – қауіпсіздігі айрықша; тергеу изоляторы – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аралас тәсілдері, түрлі режимдегі түзету колонияларының режимдері қатар қолданылатын, сотталғандар камерада тұратын мекемелер.

Жобада түзету мекемелерінің аумағында діни ғимарат салуға тыйым салу қарастырылған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG