Accessibility links

Алматыда жоспарланған крематорий әлі салынбады


Алматыдағы бейіттер. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы бейіттер. (Көрнекі сурет)

Алматыда алғашқы крематорий салу туралы шешім 2004 жылы қабылданды. Бірақ 9 жыл өтсе де оның құрылысы басталған жоқ. Себебін мамандар мәйіт өртеуге сұраныстың жоқтығымен түсіндіреді.

Кейбір қазақстандықтар қайтыс болған соң мәйітін өртеуге қарсы емес. Алматының 63 жастағы тұрғыны Аида Ахметова «кремациядан қалған күл көп орын алмайды әрі оны жерлеуге де көп ақша кетпейді» дейді.

Зейнеткер Аида Ахметова. Алматы, 22 қазан 2013 жыл.

Зейнеткер Аида Ахметова. Алматы, 22 қазан 2013 жыл.

- Шариғатта «Құдай пендесін қайта жаратады» деген сөз бар. Топырақтан жаратқан пендесін топыраққа әкетеді. Жер тапшылығы мен зират орнату көп орын алатынын ескерсек, мәйітті өртеу тиімдірек деп ойлаймын. Мәйітімді өртей ме, әлде жерге көме ме - маған бәрібір. Адамның жаны мәңгі жасай береді, тәні ғана қалады ғой, - дейді Аида Ахметова Азаттық тілшісіне.

Зейнеткердің айтуынша, мәйітінің күлі салынған сауытты жер бетінде қалдыра ма, әлде жерге көме ме – бұл мәселе оны аса алаңдатпайды. Қалай жерлеу артында қалған туыстарына ғана маңызды.

ЕҢ ЖАҚЫН КРЕМАТОРИЙ

«Осирис» ғұрыптық агенттігінің директоры Илья Ненашев Азаттық тілшісіне «Қазақстан мұсылман елі болғандықтан кремация қызметіне сұраныс жоқ» дейді. Бірақ агенттікке қайтыс болған туысының мәйітін өртеу жөнінде талай тапсырыс түскен.

- Мұндай өтініш түссе, мәйітті Ресейге апарып кремация жасаймыз. Қосымша біраз шығын шығады. Бізге ең жақыны - Новосибирск крематориі. Мәйітті бальзамдаймыз да, табыт пен мырыштан құйылған контейнермен апарамыз. Өлімі туралы куәлік пен СЭС-тен анықтама аламыз. Кремациядан кейін күл салынған сауытты кері алып келеміз. Мұндай қызметтің бағасы 500 мың теңгеден басталады, - дейді Илья Ненашев.

Сызғанов атындағы хирургия орталығы бас директорының ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Ербол Шайхиев.

Сызғанов атындағы хирургия орталығы бас директорының ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Ербол Шайхиев.

Агенттік директоры «кремацияның артықшылығы көп» дейді. Жер үнемделеді, халықтың денсаулығы мен өміріне зираттан келетін қауіп пен жерлеу рәсіміне жұмсалатын қаржы да азаяды.

Сызғанов атындағы хирургия орталығы бас директорының ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Ербол Шайхиев «крематорий керек» дейді. Оның пікірінше, «кремация азаматтарға туыстарын жерлеу жолдарын таңдау еркіндігін береді». Дәрігердің айтуынша, «кремация – өркениеттілік белгісі».

ЕЛДЕР МЕН ДӘСТҮРЛЕР

Адамзат тарихында өлген адамды жерлеудің көптеген жолдары болған. Мысалы, зороастризм өкілдері жерді арамдайды деп, өлген адамның денесін ағашқа іліп қоятын болған. Египеттіктер фараондарын мумия жасап сақтаған. Гректер, римдіктер мен басқа халықтар өлген адамдардың мәйітін өртеп отырған. «Тән - жанның ұясы, адам өлген соң да тән жоғалып кетпейді» деген сенімді ұстанатын иудейлер «мәйітті өртеп, өлген адамның жанын азапқа салуға болмайды» деп есептейді.

- Ислам мен кремация ұғымдары үйлеспейді. Пұтқа табынушылардан қалған бұл дәстүр - бізге жат және мұсылман баласы үшін кешірілмес күнә. Православие діні де кремацияға үзілді-кесілді қарсы. Адамның денесі жерге дүниеге келген күйінде қайтуы тиіс, - дейді Алматы қаласы Орбита ықшам ауданындағы мешіттің наиб-имамы Мұхтар Сейітов.

Жапония мен Үндістанда мәйітті өртеу дәстүрі ежелден келе жатыр. Бір замандары Еуропа елдерінде мәйітті өртеуге тыйым салынған. Тек 19-ғасырдың екінші жартысында ғана Еуропада крематорийлер салынған. Ресейде алғашқы крематорий 1918 жылы пайда болды.

2004 жылы Алматы әкімдігі крематорий салу туралы шешім қабылдады. Бірақ ол әлі жоспар күйінде тұр. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне «крематорий салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, бірақ ол таяу жылдарға жоспарланбаған» дейді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG