Accessibility links

Қажымқан Мәсімовтың шағымы бойынша сот процесі жалғасып жатыр


Қажымқан Мәсімов, "HAS-ER KZ" компаниясының құрылтайшысы. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл

Қажымқан Мәсімов, "HAS-ER KZ" компаниясының құрылтайшысы. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев соттан премьер-министр Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімовты психологиялық сараптамадан өткізуді сұрады. Шағым беруші жақ Сағымбаевтың заңсыз «құқық қорғаушылықпен» айналысып келгенін айтады.


Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімов тағы да ақпарат құралдарының назарына ілікті. Бұл жолы сотқа оның өзі арыз түсіріп отыр.

Ол құқық қорғаушы Талас Сағымбаевты ақпарат құралдары арқылы жалған мәлімет таратып, ар-намысы мен өзі басқаратын «HAS-ER.KZ» компаниясының беделіне рұқсан келтірді деп айыптап отыр.
«28.10.2009 ж. «Время» газетінде Анастасия Прилепскаяның «Карма Карима» атты мақаласында ол ар-намысыма нұқсан келтіретін ақпараттарды таратты. Заңсыз әрекеттерін жалғастыра отырып, Сағымбаев КТК телеарнасына кәсіпкерлер мен мен жайлы 10.02.2010ж. сұхбат берді» деп жазылған тамыздың 28-і күні сотқа түскен шағымда.

Бұл шағым Адам құқығын қорғау бюросының сайтында жарияланған.
Шағым беруші соттан Талас Сағымбаевтан 10 миллион теңге өндіріп, «Время» мен КТК арнасын жалған ақпаратты терістеуді міндеттеуді сұрап отыр.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА

Қазанның 5-і күні Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында бұл іс бойынша екінші сот отырысы өтті. Бұл сот процесіне Қажымқан Мәсімов те келуі тиіс болатын. Алайда ол келген жоқ. Оның адвокаты Гүлжан Омарова ақпарат құралдарына оның не себепті келмегенін нақты ашып айтпады.

Сәрсенбілік сот процесіне тек Талас Сағымбаев пен шағымға негіз болған мақала авторы Анастасия Прилепская ғана қатысты. «Время» мен «КТК» арналарынан да өкіл келген жоқ.

Сәрсенбі күні Талас Сағымбаевқа сөз берілген кезде ол шағым беруші Қажымқан Мәсімовтың жауапкерлерден моральдық шығын үшін талап еткен қаржы көлемінің «ақылғы қонымсыз» екенін айтты. Ол сонымен бірге шағым берушінің келмегіне де наразы болды.

- Мен ол адамның соншалықты жаншылған күйде екенін көріп тұрған жоқпын. Аяқтарын әрең қозғалтып, денсаулығы нашарлап, бизнесінің кері кетіп бара жатқанын көре алмай тұрмын, - деді Талас Сағымбаев сотта.

Шағым берушінің талай кәсіпкерлерге қарыз екенін соттың есіне салған Талас Сағымбаев Қажымқан Мәсімовты психологиялық сараптамадан өткізіп, сөзінің жалған әлде шын екенін арнайы аппаратпен (детектор лжи) тексеру туралы сотқа өтініш жасады.

- Себебі, қазір ол (Қажымқан Мәсімов - Азаттық) барлығын адастырып жүр. Оның кінәсінен адамдар кранға шығып, алаңға барып, өзін-өзі өлтіруге дайын болған, - дейді Талас Сағымбаев сотта соңғы бірнеше жылда болған үлескерлердің наразылық акциясына меңзеп.

«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛЫҚПЕН ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫСҚАН»

Ал Қажымқан Мәсімовтың адвокаты Гүлжан Омарова сотта Талас Сағымбаевқа отырыста азаматтардың арызы емес, Мәсімовтың ар-намысының тапталуы туралы мәселе қаралып жатқанын ескерте берді.

- ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 951-ші бап, 3-ші бөліміне жүгінгім келеді. Онда зардап тигізушінің кінәсіне қарамастан ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіргені үшін моральдық шығын өтелінеді, - дейді Гүлжан Омарова.

Адвокат психологиялық сараптама жасауға еш негіз жоқ екенін айтты. Гүлжан Омарова сөз арасында Талас Сағымбаевтың «жұмысы тоқтап қалған кәсіподаққа басшылық жасап», азаматтардың құқығын заңсыз түрде қорғап жүргенін айта кетті.

Бұл сот процесі ашық өтіп жатқанымен сәрсенбі күні Гүлжан Омарова онда бейнетүсірілім жасамау туралы сотқа өтініш айтты. Тек аудиожазба жазып алуға рұқсат етілді. Сәрсенбі күні ол ақпарат құралдарына қандай да бір түсініктеме беруден де бас тартты.

Алғашқы сот процесі болған кезде (23.09.2011) Гүлжан Омарова Сағымбаев таратып келген ақпаратты жоққа шығарған болатын.

- Сағымбаевтың айтуынша, Қазақстанның премьер-министрі Мәсімовтың әкесімен бірге ортақ бизнесі бар. Егер оның сөзіне сенетін болсақ, олар адамдардан ақша мен мүліктерін тартып алған. Бұл - әрине, өсек-аяң, - деген еді Гүлжан Омарова.

Ал құқыққорғаушы Талас Сағымбаев болса, ақпарат құралдарына тек кәсіпкерлер берген ақпаратты айтып отырғанын, оның бәрі рас екенін, бұл жолғы шағымға негіз болған оқиғаның да жалған емес екенін айтады.

Сағымбаев бұл туралы «Время» газетіне берген сұқбатында:

- Бірнеше жыл бұрын Сарыағашта су тасқыны болып, Қажымқан Мәсімов «HAS-ER.KZ» арқылы Гаухар Әйтімбетовадан 250 мың теңгеге куртка алған. Оған қатысты шығын квитанциясы да бар. Гаухар Әйтімбетова әлі күнге дейін сол куртканың ақшасын қайтара алмай отырғанын айтып отыр, - деген.

Оның айтуынша, «HAS-ER.KZ» құрылыс компаниясының басшысы Қажымқан Мәсімовтың өзге кәсіпкерлер алдында да қарызы көп.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG