Accessibility links

«Бүгін менің туған күнім…»


Ақиық ақын Мұқағалидың туған күнін тойлаушылар оның ескерткіші алдында. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.

Ақиық ақын Мұқағалидың туған күнін тойлаушылар оның ескерткіші алдында. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 9-ы қазақтың ұлы ақындарының бірі Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақ қаламгерлерінің ішінде дүниеге келген күні жалпыхалықтық деңгейде мерекеленетін ақын-жазушылар көп емес.

Ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеден озғанына 33 жыл болды, ал оның жырларынан сусындап, жатқа оқитын оқырмандарының саны жыл сайын толығып келеді. Жалпыхалықтық деңгейде жырлары оқылатын және туған күні тойланатын бірден-бір ақын М.Мақатаев екені қазақ қоғамында дау туғызбайтын шындыққа айналған. Оны ақынның төмендегі өлең жолдары дәлелдеп тұрғандай:

«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған халқым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев
Алайда, өлтіре алмас өлеңді ешкім».

Оқушылар ақын ескерткіші алдында өлең оқып тұр. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.
Ақын Аманхан Әлім артында іздеушісі бар ақынның ғана бағы басым болатындығын, ал, егер жоқтаушысы болмаса, мың жерден сұрапыл ақын болса да, уақыт өте келе ұмытылып кететінін айта келіп, бүгінгі зиялылар саналатын қаламгерлердің замандастары туралы естелік айтуы мен жазуының өзінен автордың әдеби өзімшілдігі, менмендігі көзге ұрып тұратынын айтып өтті. Әрі бұл қазақ қаламгерлерінің осал тұсы екенін де жасырған жоқ.

Сондай-ақ, Аманхан Әлімнің ойынша, бүгінгі зиялылардың қоғамдық белсенділігі төмен.

— Тәуелсіздік күні Республика алаңына барып, гүл шоқтарын қойып, бала-шағаларын ертіп жүрген бір зиялыны көрген емеспін. Ал ақындардың жыр кештеріне баратындар да бірен-саран. Біздің жас кезімізде осындай кештерде өлең оқығанымызда үлкен ағалардың барлығы бастан-аяқ тыңдап отыратын. Әрі бізге пікірлерін айтатын. Қазір оның бірі де жоқ. Тіпті, керек десеңіз, бүгінгі қаламгерлердің арасында жас ақын-жазушыларға үлгі боларлық ешкім жоқ. Сондықтан да қазақ әдебиетінде қайта қарайтын мәселелер жетіп артылады, – деді Аманхан Әлім.

Мұқағалидың ақындық таланты мен шығармашылығына шек келтірмегенмен, ақынның туған күні жылда мерекеленетіні, қазақта содан басқа ақын жоқ сияқты әсер қалдыратыны жайлы ақын-жазушылар арасында аракідік айтылып қалады. Бұл тұрғыда Сәкен Иманасов былай дейді:
Мұқағали Мақатаевтың Алматыдағы ескерткіші. 9 ақпан, 2009 жыл.


— Мысалы, Ілияс, Мағжан сынды ақындарды тек 100 немесе 150 жылдықтарында ғана айтады да, одан кейін олар мүлдем ескерусіз қалады. Ал Мұқағалидың туған күні барлық мектептерде, баспасөзде, басқа жерлерде айтылатыны, шыны керек, кейінгі кезде мезі ете бастағандай. Мұқағали қазақтың ұлы ақыны екені даусыз, бірақ осындай бір жайттың бар екені тағы рас. Мұның артында тұрған трайбализм бе, жоқ па білмеймін. Ақиқатына көзім жетпеген соң бәлен деп айта алмаймын. Дегенмен, даңқ пен дақпырт қатар жүреді. Кейде бір адамның артынан түсіп алып, тепеңдей беретініміз жасырын емес, – дейді ақын Сәкен Иманасов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин:

«Егер халық бір ақынды немесе бір жазушыны құлай сүйіп, соның шығармасынан ғана өзіне рухани азық тауып, сол қаламгердің туған күнін өз бетінше атап өтіп жатса, оған қой деп айта алмайсың. Ал Абай мен Мұқағалидың арасындағы қазақ ақындары жетімнің күйін кешіп отыр деген сөз шындыққа жанаспайды», - деді Азаттық радиосына.

Бүгінгі таңда ақын туралы естелік кітаптардың жазылу стиліне жас қаламгерлердің көңілі тола бермейтін көрінеді. Жас ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың сөз ыңғайына қарағанда, Мұқағали туралы естеліктер жазған қаламгерлер, онымен қалай танысқаны және қай жерде ішкен-жегені, сол сияқты тіршіліктегі кейбір сәттерін сөз қылудан әрі аспайды. Ал бүгінгі жастар үшін ақын туралы кешенді, тиянақты зерттеулер қажет екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG