Accessibility links

Жас ақын және Жазушылар одағының «нафталині»


Ақын Павел Банников.
Ақын Павел Банников.

Павел Банников – Қазақстандағы жас ақынның бірі. Алматыда ашық әдеби мектепті басқарады. Өлең, проза жазады, редактор әрі баспагер. Ол өзі және Қазақстан әдебиеті туралы әңгімеледі.

Азаттық: - Павел, бәрі неден басталды, қалай ақын болдыңыз?

Павел Банников: - Бәрі музыкадан басталды. 1990-жылдары Алматы облысындағы Алғабас кентінің мектебінде оқып жүргенде рок-топқа арнап ән жазатынмын. Кітапты да көп оқыдым. 2003 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түстім. Бірде ұстазым Виктор Бадиков «Мусагет» қорының ақындар конкурсына қатысуға кеңес берді. Сол сәттен бастап өлең жазуға кірістім және әдебиетке біржола бет бұрдым. Конкурстан кейін «Мусагет» қоры өткізген Ольга Маркованың әдеби семинарына қатыстым.

Азаттық: Сіз – эссе жазасыз, ақын, жазушы, редактор әрі баспагерсіз. Кітаптарыңыз не жайлы, оқырманыңыз кім?

Павел Банников: - Мен шығармамды оқырман іздеп жазбаймын. Оқырманын ғана ойлайтын жазушының ойы таяз болады. Жақсы шығарма жазсаң, аудитория сені өзі іздеп табады. Сондықтан жақсы туынды жазуға тырысу керек. Ал кітаптарымда өзім және өзгелер жайлы сұрақтарға жауап іздеймін. Жалпақ тілмен айтқанда, кітаптарым сөз туралы деймін. Адам баласы сөз әлемінде өмір сүреді. Білетінімізді сөз арқылы жеткіземіз. Санада өмірде жоқ заттар да бола береді. Мені сөз бен нақты өмір арасындағы қатынас қызықтырады. Мысалы, өмірде «креативті класс» деген ұғым жоқ, бірақ сөз тіркесі бар. Менің поэзиямда бұл сөздер маңызды орын алады

Азаттық: - Сіздің «Жазушылар одағы құрамы 1990 жылдан бері өзгерген жоқ. Нафталин мүңкіген, қалғып-мүлгіген одақ» деген сөздеріңіз бар. Шынымен солай ма және Жазушылар одағында нені өзгертер едіңіз?

Одақтық сана өз қамымен ғана әуре, әдеби өнімді сыртқа шығаруға кедергі жасайды. Ал жобалық сана жоба жасауды, түпкі нәтижені көздейді.

Павел Банников: - Ештеңені өзгерткім келмейді. Жалпы, біздегі толып жатқан жазушылар, суретшілер одақтары деген сияқты бірлестіктер біртіндеп жоғалады. Өйткені олар - өткеннің сарқыншағы. Бұған дейін өзгере алмаған олар енді ешқашан өзгермейді. Олардың орнына басқа әдеби бірлестіктер келуі мүмкін. Бірақ олар одақ түрінде емес, әлдебір жобаны жұмылып іске асыратын, форматы бөлек бірлестіктер болады. Одақ мүшелері әуелі одаққа мүшеліктен тиетін пайданы, пәтер немесе ақшалай жүлде алуды ғана ойлайды. Одақтық сана өз қамымен ғана әуре, әдеби өнімді сыртқа шығаруға кедергі жасайды. Ал жобалық сана жоба жасауды, түпкі нәтижені көздейді. Халықаралық «Полифония» фестивалін өткіздік. Бұл әртүрлі елдерде тұратын адамдарды біріктірген жоба болды. Меніңше, келешектің санасы осындай болады.

Азаттық: - Сіз ашық әдеби мектепке жетекшілік етесіз. Семинарға қатысушыларға нені үйретесіз?

Павел Банников: - Басқа автордың шығармаларын оқып, түсінуге үйретемін. Белгілі бір шығармадағы негізгі ойды түсінуге, мәтінмен жұмыс істеуге баулимын. Көп авторлардың - Уильям Блейктен бастап, қазіргі жазушылардың шығармаларына дейін талқылаймыз. Семинардан бөлек, әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті тарихы, театр тарихы, сахналық шеберлік тақырыптары бойынша лекциялық сабақтар өткіземіз.

Азаттық: - Оқуға тұратын қазақстандық жазушылардың тізімін жариялаған едіңіз. Бұл тізімге жаңа есімдер енді ме?

Павел Банников: - Ол тізім үнемі жаңарып отырады. Өзін жазушымын дейтін адам ә дегенде қолына алып, аттап өтпеуі тиіс үш мұра бар. Олар – мәдениетіміздің тұғыры - Жаңа, Ескі Інжіл және Құран. Бұл – әлемдік мифология, 19-20-ғасыр әдебиеті. Меніңше, әр оқырман мен жазушының өз тізімі бар.

Белгісіз автор шығармаларын басуға шағын баспалар қызықпайды, ірі баспалар тіпті құлықсыз. Қазіргі аз оқырманның өзінен айырылып бара жатырмыз.

Азаттық: - Қазіргі қазақстандық жазушылардың қиындықтары қандай деп ойлайсыз? Жұрттың «шығармашылық адамдары кедей» деген пікірімен келісесіз бе?

Павел Банников: - Қазақстанда баспа бизнесі дамымай қалған. Белгісіз автордың шығармаларын басуға шағын баспалар қызықпайды, ал ірі баспалар тіпті құлықсыз. Сондықтан қазіргі аз оқырманымыздың өзінен айырылып бара жатырмыз. Ал білім саласындағы жағдайды көргенде, ертеңгі күні мүлде оқырмансыз қаламыз ба деп қорқасың. Меценаттық туралы заң шығарсақ, әдеби қайраткерлерге ақша табу оңай болар еді. Мәдени өмір де басқа арнаға бұрылып, меценаттық туралы заң баспагерлерді қорғар еді. Ал жазушы қауымы кедей деген пікірге келсек, ақша табу қай кезде де оңай болмаған. Шығармашылықтың өлшемі ақша емес. Қазіргі ақындар ақшаны поэзиясымен таппайды.

Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG