Accessibility links

«Қазақтың көктемі туады»


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүлінген суреті. Жаңаөзен. 19 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүлінген суреті. Жаңаөзен. 19 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


2012 ЖЫЛ, ҚАҢТАР

«Қаңтардың шілдесі» күйіп тұр,
Кеудеде запыран күйік тұр.
Қан жұтқан қараша қамығып,
Ызасын ішіне жиып тұр.

Биліктің ойында – бүлік тұр,
Мысқылдап, мұртынан күліп тұр.
Амалы таусылған, шарасыз
Азамат ерлерім сұлық тұр.

Қылт етсе, қанатын қиып тұр,
Қырғын сап, қасқырдай ұлып тұр.
Мойнында – қарғысы халықтың,
Қойнына қорғасын тығып тұр.

Арсыздар аяғын сүйіп тұр,
Бұқара ұйқыда, бұйық тұр.

Рахат Қосбармақ, ақын. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Рахат Қосбармақ, ақын. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Еркіндік аңсаған ерлерге
Абақты ауылы тиіп тұр.

Суайттың сөзіне ел ұйып тұр,
Бұлт болып бұршағын құйып тұр.
Құдыққа құлаған құлан-жұрт
Құлдықтың қамытын киіп тұр.

Ұлтымның рухы сынып тұр,
Жұртымның шашын жел жұлып тұр.
Қандықол жендетке жем болып,
Қазақтың діңкесі құрып тұр.

Биліктің иығы биік тұр,
Халыққа қабағын түйіп тұр.
Арнадан асатын дария
Әзірше уысқа сыйып тұр.

Іштегі ой іркіт боп тынып тұр,
Ал сыртта ақ боран ұлып тұр.
Қаңтардың қақаған аязы,
Қазақтың жігерін шынықтыр!

"Қазақтың көктемі туады!
Әзірше ақ боран ұлып тұр..."
Сарайдың іргесі іріп тұр,
Сары тақ шайқалып, шіріп тұр.
Көзіне жас толған халықтың
Көңілінде көп сұрақ тұнып тұр.

Тым жақын қалды кез, тым жақын,
Әзірше жоқ бізге бір жақын.
Дүлейін төндірген дүниенің
Үрейін алатын үн жақын.
Кімді-кім білетін күн жақын,
Түндігін түретін жыл жақын.
Арасын ашатын келді кез –
Бағасын кім дұшпан, кім жақын.
Қайнаған ызаның қазаны
Қақпағын лақтырар күн жақын.

Қашаннан қастерлі ғұрып бұл –
Бір сойқан боларын біліп тұр:
Дауылдың алдында – тыныштық,
Дала да демін ап, тынып тұр.

Ауызда – ақ кісен, құлып тұр,
Кеудеде – кек кернеп, лық тұр...
Қазақтың көктемі туады!
Әзірше ақ боран ұлып тұр...

Рахат Қосбармақ

2012 жыл, 31 қаңтар (сейсенбі) - 1 ақпан (сәрсенбі)
Ақтау қаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG