Accessibility links

Полицей әйелдің Ақтау әкімдігіндегі жұмбақ өлімі


Мәйіті Ақтау әкімдігі ғимаратында табылған Қарлыға Жаңабергенованың ата-анасы Зейнулла Жаңабергенов және Мариза Құрақова. Ақтау қаласы, 14 наурыз 2016 жыл.
Мәйіті Ақтау әкімдігі ғимаратында табылған Қарлыға Жаңабергенованың ата-анасы Зейнулла Жаңабергенов және Мариза Құрақова. Ақтау қаласы, 14 наурыз 2016 жыл.

Ақтау әкімдігі ғимаратында белгісіз жағдайда қаза тапқан полицейдің туыстары «ІІД «өзін-өзі өлтірді» деген уәжбен істі бүркемелеп, жалған ақпар таратты» дейді. Олар «іс орнынан қозғалмаса, түрлі радикалдық әркеттерге баратындарын» мәлімдеді. Іс қайта тергеліп жатыр.

32 жастағы полиция лейтенанты Қарлыға Жаңабергенова былтыр желтоқсанның 19-ы күні Ақтау әкімдігі ғимаратында мерт болды. Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті (ІІД) Қарлыға Жаңабергенова «онкологиялық ауруға шалдығып, күйзелістен өзіне қол жұмсады» деп мәлімдеді. Қозғалған іс «қылмыскер табылмауы себепті» төрт айдан соң жабылған. Бірақ марқұмның туыстары бас прокуратураға арыз түсіріп, тексеріс қайта басталды.

- Егер іс осылай орнынан қозғалмаса түрлі радикалдық әркеттерге баруға мәжбүрміз бауырымыз үшін, - дейді марқұмның туысы Гүлжихан Жаңабергенова. Марқұмның жақындары істі қылмыстық кодекстің 99-бабымен (қасақана кісі өлтіру) қайта дәрежелеуді талап етеді.

«ТҮН ОРТАСЫНА ДЕЙІН ХАБАРЛАСЫП ОТЫРҒАН»

Қарлыға Жаңабергенованың туыстары ІІД таратқан «өзіне қол салды» деген болжамға сенбейді. Марқұманың анасы Мариза Құрақова «Бізге полиция «әкімдіктің 3-қабатында, әжетханада сырқатына бола өзін атып тастады» деп естіртті» дейді.

- Оның отбасы проблемасы жоқ, күйеуінің тұрақты жұмысы бар, тату-тәтті жұбайлар болатын,- дейді марқұмның туысы Гүлжихан.

Оның сөзінше, Қарлыға Жаңабергенова «кезекшілікке түсер күні күйеуімен базар аралап, туған күнін жасауға азық-түлік алған. Ал жұмысында түн ортасына дейін күйеуі және баласымен Whatsapp арқылы әзілдесіп, түрлі видео жіберіп отырған».

- Өлмек болған адам сөйте ме? Биыл күйеуі екеуінің демалысы қатар келіп, олар бірге саяхаттауды да жоспарлаған, - дейді ол.

Марқұмның туыстары «ІІД бастығы орынбасары Алдыриза Қуанышкереевтің БАҚ-қа мәлімдеген «марқұм бірге істейтін диспетчер әйел Дамина Мұқановаға сырқаты туралы айтқан» деген сөзі кейін тергеу ісінде тірекке айналды» дейді. Қарлыға Жаңабергенованың күйеуі Арман былтыр желтоқсанда Жетібайдан әйелінің портретін үлкейту үшін Ақтауға келе жатқанда полицейлер тоқтатқанын, қаза болған әйелінің денсаулығы туралы сұрап, «басы ауыратыны бар еді» деген сөзін жазып алып, қол қойдырғанын айтады.

Онкологиялық диспансердің Қарлыға Жағабергенованың есепте тұрмағаны жөніндегі анықтамасы.
Онкологиялық диспансердің Қарлыға Жағабергенованың есепте тұрмағаны жөніндегі анықтамасы.

Ал марқұманың анасы Мариза Құрақова «онкологиялық диспансер қызымның еш жерде тіркелмегенін растады, мәйітке жасаған сараптама да оның ауру емес екенін көрсетті. Менің ойымша, ол ол аяқастынан үлкен бір қылмысқа куә болған. Бірге кезекші болғандар бәрін біледі» деп күдіктенеді.

- Әкімдік видеокамераларын үш рет тексерсе де, олар істемей қалған болып шықты, - дейді ол.

ІІД МЕН ПРОКУРАТУРА УӘЖІ

Азаттық тілшісі Қарлыға Жаңабергенова жұмыс істеген ІІД күзет басқармасы бастығы Сейітхан Бесбердиевпен хабарласқан еді. Оның айтуынша, сол күні видеокамералар «4-қабаттан аққан судың кесірінен істемей қалған». Ол Азаттыққа болған оқиға жайлы:

- Мен таңертең келгенде оның әжетханада жатқанын көрдім, - деді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы бастығы Үсен Оңалбаев Азаттыққа комментарий беруден бас тартты. Ал Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары Алдыриза Қуанышкерев баспасөз қызметі арқылы жазбаша сауал жолдауды талап еткенімен, жолданған сауалдарға жауап бермей отыр.

Азаттық бұл іс туралы азды-көп мәліметті тек Маңғыстау облысы прокуратурасы тергеуді қадағалау басқармасы бастығы Азамат Уәлиевтен ғана ала алды. Ол «Қарлыға Жаңабергенова онкологиялық сырқатына бола өзіне қол жұмсады» деген болжамның дәлелденбегенін мәлімдеді.

Мұның үстіне, ол «ІІД-нің істі себепсіз созып, толық зерттемегенін» айтады. Уәлиев «прокуратураның жәбірленушілер жазған арызда көрсетілген мәселелерді тіркеп, оларды тексеру үшін облыстың ІІД-іге нұсқау бергенін айтты.

- Аға тергеуші Қанат Нысанбаевтың істі объективті қарамай, себепсіз созғаны үшін оны оны тәртіптік жауапкершілікке тартуға маусымның 7-сі нұсқау бердік. Үсті қосымша тергеуге наурыздың аяғында жібердік - дейді ол.

ВИДЕО: Полицей өлімі жайлы прокуратура өкілі жауабы

Полицейдің жұмбақ өлімі жайлы прокуратура жауабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:39 0:00

Азамат Уәлиев жәбірленушілер прокуратураға жазған арыздарында шағымданған Маңғыстау облыстық ІІД бастығы орынбасары Алдыриза Қуанышкереевтің бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан онкологиялық сыртқат туралы комментариі туралы да айтты.

- Қарлыға Жаңабергенованың денсаулығы туралы толық мағлұмат алынған соң, әу баста таратылған бұл версия істен алынып тасталды,- дейді прокуратура өкілі. Алайда Уәлиев істі 99-баппен (қасақана кісі өлтіру) қайта дәрежелеу үшін айғақ табылмай отырғанын мәлімдеді.

Ал марқұмның анасы Мариза Құрақова:

- Мұны аяқсыз қалдырмаймыз. Адам құқығын қорғайтын шетелдік ұйымдарға дейін шығамыз. Полицейлер «өте жақсы қызметкер еді» деп, сүйекті әкеліп берумен іс бітті деп ойламасын, - дейді.

11 жыл бойы Маңғыстау облыстық арнайы күзет басқармасында еңбек еткен Қарлыға Жаңабергенованың артында сегіз жастағы ұл қалды.

XS
SM
MD
LG