Accessibility links

"Көзі жойылғандарды" полиция "банда" деп сипаттады


Алматы полициясының арнайы жасағы атыс кезінде. 30 шілде 2012 жыл.

Алматы полициясының арнайы жасағы атыс кезінде. 30 шілде 2012 жыл.

Алматы қалалық ІІД Ахселькенттегі атыста өлгендер туралы ақпарат беріп, олардың дінге қатысы жоғын мәлімдеді. Бірақ қаза тапқандардың "жетекшісін" жерлесі "дінге берілген" деп сипаттайды.

Ішкі істер департаментінің шілденің 31-і күні таратқан мәліметінше, «қылмыстық топты» Моңғолияда туып-өскен, соңғы уақыттары Павлодарда тұрып келген 27 жастағы Дәулетбек Байұзақ басқарған. 2007 жылы «денсаулыққа ауыр зардап келтіргені» үшін айыпталып, төрт жарым жылға сотталған. 2011 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

ІІД-нің РЕСМИ СИПАТТАМАСЫ

Алты азаматтың ең кішісі – 23 жастағы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласынан шыққан Қалдыбек Алпышев. Департаменттің мәліметінше, ол 2008 жылы «ұрлық» бойынша үш жылға сотталып, 2011 жылы бостандыққа шыққан.

«Қылмыстық топ» мүшелері ішіндегі ең үлкені – 39 жастағы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Дала Қайнар селосының тумасы Асқар Өтепов.

ІІД-нің мәліметі бойынша ол 1996 жылы «зорлық», «бұзақылық» жасағаны үшін сотталып, психиатриялық клиникаға жіберілген. Бұдан бөлек, 2006 жылы «адам өлтіру» фактісі бойынша жеті жылға сотталған. Шығыс Қазақстан облысы Солнечный елді мекеніндегі колонияда жазасын өтеген. 2011 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
Ахселькент ықшам ауданындағы полициямен қақтығыста қаза тапқандар: бірінші қатар (солдан оңға қарай): Дәулетбек Байұзақ, Азамат Манқанов, Асқар Өтепов. Екінші қатар (солдан оңға қарай): Қалдыбай Алпышев, Елдос Жолдин, Айдос Бірімқұлов. Суреттерді Алматы ІІД баспасөз қызметі ұсынды.

Ахселькент ықшам ауданындағы полициямен қақтығыста қаза тапқандар: бірінші қатар (солдан оңға қарай): Дәулетбек Байұзақ, Азамат Манқанов, Асқар Өтепов. Екінші қатар (солдан оңға қарай): Қалдыбай Алпышев, Елдос Жолдин, Айдос Бірімқұлов. Суреттерді Алматы ІІД баспасөз қызметі ұсынды.


Департамент «қылмыстық топ» мүшесі ретінде сонымен бірге Семей қаласында туып-өскен, 2006 жылы «есірткі тасымалдағаны» үшін жеті жылға сотталған Азамат Манхановтың есімін атайды. Ол 2010 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Бұдан бөлек, топ мүшесінің арасында 29 жастағы Семей қаласында туған Елдар Жолдин де бар. Департаменттің мәліметі бойынша, ол 2005 жылы «қарақшылық жасағаны» үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылып, 2010 жылы мамыр айында түрмеден шыққан.

Алтыншы азамат – Алматы облысы, Жаркент елді мекенінде туған 30 жастағы Айдос Бірімқұлов. Ресми ақпарат бойынша, 2006 жылы ол «ұрлау», «қарақшылық жасау» бабы бойынша 8 жылға сотталған. Жазасын Шығыс Қазақстан облысы Солнечный елді мекеніндегі колонияда өтеген. 2011 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын ерте босап шыққан.

"ДІНИ ҰЙЫМҒА ҚАТЫСТАРЫ ЖОҚ"

Сейсенбі күні өткен брифингте департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бұл адамдардың қандай да бір діни ұйымдармен байланысын жоққа шығарды.
Ол сонымен бірге атыс кезінде көз жұмған полицейлердің отбасына өтемақы беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

«Мемлекет тарапынан да, ішкі істер департаментіндегі әріптестері тарапынан да көмек көрсетіледі» деді ол.

Оның айтуынша, бұл оқиғаға қатысты қазіргі кезде «бір немесе одан да көп адамның өлімі» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Салтанат Әзірбек сонымен қатар атыс кезінде бүлінген "Ахселькент" ықшам ауданындағы ғимараттардың шығынын есептеумен аудандық әкімшілік айналысатынын атап өтті.

"САЛМАҚТЫ, ДІНГЕ БЕРІЛГЕН"

«Мой мир» әлеуметтік желісінде «27 жастағы Дәулетбек Байұзақтың» атынан ашылған аккаунт бар. Аккаунт иесі соңғы рет желіге ақпанның 25-сі күні кірген екен. Оның ешқандай достары да жоқ болып шықты. Бұдан басқа ешқандай ақпарат таба алмадық.

Ал қалған бес азаматқа қатысты бірде-бір аккаунт табылмады.

Азаттық тілшісіне сұқбат берген, есімін айтпауды өтінген Моңғолиядан келген этникалық қазақтардың бірі Дәулетбек Байұзақтың жерлесі болып шықты. Ол Байұзақтың түрмеде отырғанын растайды.
30 шілде күні полициямен қақтығыста қаза тапқан Дәулетбек Байұзақ. Суретті Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ұсынды.

30 шілде күні полициямен қақтығыста қаза тапқан Дәулетбек Байұзақ. Суретті Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ұсынды.


– Дәулетбек Байұзақ Қазақстанға 1991 жылы көшіп келген. Демек, оның Қазақстан азаматы болғанына көп болған. Әуелі (Павлодар облысы) Баянауылдағы Торайғыр деген ауылда тұрған. Кейіннен Майқайыңға көшіп келген. Мұндағы таныс балалардың айтуынша, ол кикілжіңдерге аса жиі соқтыға беретін адам болмаған. Бірақ үш жыл түрмеде отырып келіпті. Онда да топтық қылмыс болғаннан кейін ол бар кінәні өз мойнына алып, жанындағы балаларды құтқарып қалған, - деді есімін айтпаған марқұмның жерлесі.

Оның айтуынша, түрмеде отырған кезде ол «дінге беріліп, намазға жығылып» бостандыққа шыққаннан кейін де бұл әдетін жалғастырған.

– Сол үш жыл отырған кезінде дінге беріліп, намазға жығылып, дінге өтіп келген. Түрмеден келгеннен кейін де намаз оқып, дінге берілген күйде талай жүрген. Балалар оны салмақты, тыныш болатын дейді. Майқайыңда «Шанхай» дейтін криминалды аудан болатын. Ол сонда тұрды. Ол жерге негізінен Моңғолиядан келген оралмандар шоғырланған, - деді Азаттық тілшісіне сұхбат берген марқұмның жерлесі.

Шілденің 30-ы күні Алматы полициясы арнайы операция өткізіп, "Ахселькент" ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің біріне бекініп алған "қарулы топтың көзі жойылғанын" хабарлаған еді. Бұл топтың шілденің 28-і күні Алматы қаласында полиция қызметкеріне жасалған шабуылға қатысы бар деген ақпарат таратылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG