Accessibility links

Ішкі әскерді Ұлттық гвардия етіп қайта құру аяқталып қалды


Жаңаөзенде жүрген арнайы жасақ. 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзенде жүрген арнайы жасақ. 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламенті ішкі әскердің орнына құрылған Ұлттық гвардия туралы заң жобасын қарап жатыр. Кейбір БАҚ-тар Жаңаөзен оқиғасының үш жылдығы қарсаңында Маңғыстау облысына Ұлттық гвардияның арнайы бөлімшелері барып жатқанын хабарлады.

Жуырда парламент мәжілісі ішкі істер министрлігі (ІІМ) құзырындағы ішкі әскерден құрылған Ұлттық гвардия туралы заң жобасын мақұлдады. Ұлттық гвардия ІІМ құзырында қалады.

Жұрт Ұлттық гвардияны Республикалық гвардиямен жиі шатастырады. Бірақ екеуі - мүлде бөлек құрылымдар. Бұрынғы Республикалық гвардия мен Президенттің күзет қызметі Қазақстан президентіне тікелей бағынатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы сәуірдің 21-і күнгі жарлығына сәйкес, екеуі Мемлекеттік күзет қызметі болып біріккен. Содан бері «Республикалық гвардия» атауы ресми қолданылмайды, оның атауы «Нысандарды қорғау қызметі» деп өзгертілген.

Ел президентінің сол жолғы жарлығымен ІІМ-нің ішкі әскері Ұлттық гвардия болып қайта құрылып, тиісінше атауы да өзгерді. Жалпы функциясы ішкі әскерге ұқсас әрі ІІМ құзырында болғанымен, оның ішкі әскерден кейбір айырмашылығы бар. Президент күзетіне Ұлттық гвардияның тікелей қатысы жоқ. Құрылымның өз символы мен туы бар.

ҰЛТТЫҚ ГВАРДИЯ МЕН ІШКІ ӘСКЕР

Бұрынғы ішкі әскердің міндеттерімен салыстырғанда, Ұлттық гвардияның міндеттері мен функциялары біраз көбейген.

Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.

Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.

Қыркүйек айында «Хабар» телеарнасы «Көзқарас» бағдарламасының тікелей эфирінде Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтан «Ұлттық гвардияның ішкі әскерден әдемі атауынан бөлек қандай айырмашылығы бар?» деп сұраған еді. Бас қолбасшы «оған төтенше жағдайлар зардаптарын жою міндеті жүктелген және Қазақстаннан тыс елдерде Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы (ҰҚШҰ) құрамында бітімгерлік операцияларына қатысады» деп жауап берген.

Руслан Жақсылықов «Кез келген жауынгерлік міндетті орындауға әзір тұрған бөлімшелеріміз бар» деген еді.

Ұлттық гвардия мемлекеттік шекараны қорғау мәселелері жөнінде шекара әскерлерімен бірге әрекет жасауы тиіс, ал соғыс жағдайында қарулы күштердің құрама бөлігіне айналып, елді қорғауға қатысады.

Түрмедегі жоспарлы тінтулер кезінде ішкі әскер бөлімшелерін жиі енгізеді. Енді «Ұлттық гвардия бөлімшелері енгізілді» деп жазу керек.

Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов.

Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов.

Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов «Қазақстан билігі Батыс елдеріндегі «сәнге» еліктеп, ішкі әскерді Ұлттық гвардия деп атады» дейді. Өйткені оның айтуынша, АҚШ-та жаппай тәртіпсіздіктер кезінде тек Ұлттық гвардия қолданылады.

Генерал Тоғысов «Бұлай атаудың ішкі себептері де болуы мүмкін. Тәуелсіз Қазақстан тарихының алғашқы кезеңінде жиілеп кеткен қарулы топтардың көзін жою үшін ішкі әскерді көп пайдаланғандықтан, енді ішкі әскердің беделін көтеру қажеттігі туып, оның бір амалы ретінде атауын өзгертуі мүмкін» деген болжам айтады.

ҰЛТТЫҚ ГВАРДИЯ – БҰРЫНҒЫ ІШКІ ӘСКЕР

Жоғарыда айтылғандай, Ұлттық гвардия – ІІМ-нің бұрынғы ішкі әскері.

«Хабар» арнасындағы әлгі телебағдарламада генерал Руслан Жақсылықовтан «Ұлттық гвардия жауынгерлерін ұстамдылық пен төзімділік танытуға, ал жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жаны қиналса да шыдауға, қайтсе де қару қолданбауға тырысуға баулымай ма?» деген сұрақ қойылды. Сұрақ Жаңаөзен оқиғалары кезіндегі Қазақстан полициясы әрекетіне байланысты қойылған.

Руслан Жақсылықов бұл сұраққа «Ұлттық гвардияның жеке құрамының дене шынықтыру дайындығы мен моральдық-психологиялық жағдайы жоғары деңгейде» деп жауап берген. Ал Жаңаөзен оқиғалары кезінде ішкі әскердің жеке құрамы өзін қалай ұстағаны туралы ештеңе айтпады.

Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымов .

Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымов .

Есесіне үш жыл бұрын - Жаңаөзен оқиғасынан кейін іле-шала Азаттық тілшісіне сұхбат берген ішкі істер министрі генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымов «полицейлер атыс қаруымен заңды түрде қаруланған» деп мәлімдеген.

Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясындағы оқиғалар кезінде полицияның оқ атуы кесірінен 17 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жараланған. Олардың бәрі - қарапайым азаматтар.

Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов ішкі әскерде 30 жыл қызмет істеген. Ол Жаңаөзен оқиғасы кезінде жараланғандарды ішкі әскер сарбаздары қуып жүріп өлтірген деген ақпаратты терістейді.

- Ішкі әскер бөлімшелерінің Жаңаөзен оқиғасына ешқандай қатысы жоқ. Бәрін бүлдірген - полицейлер. Ішкі әскер ол жерге оқиға болған соң келген. Келген бетте тұрғындырға зардап келтірмей, бірден тәртіп орнатуға тырысқан, - дейді отставкадағы генерал Азаттық тілшісіне.

Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, қанды оқиғалардың үш жылдығы қарсаңында Жаңаөзен қаласында ІІМ-нің бөлімшелері, арнайы жасақтары шоғырланып жатыр

«БҮРКІТ»

Ұлттық гвардия құрамындағы «Бүркіт» арнайы жасағында шұғыл әскери міндетін өтегендерден бір адам жоқ. Болжам бойынша, бұл – офицерлер мен келісім-шарт негізінде жалданған әскерилер есебінен ғана жасақталатын элиталық бөлімше.

Көшедегі азаматтарды тексеріп жүрген полиция қызметкері. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Көшедегі азаматтарды тексеріп жүрген полиция қызметкері. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Көзқарас» телебағдарламасында «Бүркіт» жасағының жеке құрамы Ақтөбе облысындағы Шұбарши кентіндегі антитеррорлық операцияға қатысқанын ескерткен бас қолбасшы Руслан Жақсылықов «Олар бастарын күн сайын қатерге тігіп жүріп қызметтерін атқарады» деді.

«Бүркіт» арнайы бөлімшесін отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов та мақтайды. Оның айтуынша, енді Ұлттық гвардия деп аталатын ішкі әскердің қарапайым бөлімшелері әдетте кәдімгі қылмыскерлерге қарсы пайдаланылады.

Генералдың айтуынша, «Бүркіт» арнайы жасағы қарулы бандиттерге қарсы қолданылады және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқаруымен қарулы экстремистер мен террористерге қарсы күреске қатысады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG