Accessibility links

Бұрынғы полиция бастығы қызметке тұра алмай жүр


Жезқазған қаласы ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы Жомарт Әбішев. Астана, 14 қараша 2012 жыл.

Жезқазған қаласы ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы Жомарт Әбішев. Астана, 14 қараша 2012 жыл.

Жезқазған ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы Жомарт Әбішев «Құқығым бұзылып, әділ сот төрелігіне жете алмай жүрмін» дейді. Ал басшылық оны «ары таза емес» деп айыптайды.

Жезқазған қаласының ішкі істер басқармасының (ІІБ) бастығы болып екі жыл істеген Жомарт Әбішев 2006 жылы қызметінен босатылған.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Подполковник «Мені Қарағанды облысы басшыларының қырын қарауы себепті жұмыстан шығарды» дейді.

Жомарт Әбішевтің айтуынша, басшылармен арадағы кикілжің 2005 жылы, «Жезқазған арқылы мыс өнімдерін Қарағандыға дейін жеткізіп тұратын схеманы жолға қоюдан» бас тартқан сәттен басталыпты.

- Маған «Сенімді деген адамдарды жинап, Қарағандыға айына екі рет жүк жөнелтіп тұрасың!» деп нұсқау берді. Өз принципіне берік, ары таза адам ретінде мен бұл бұйрықты орындаудан бас тарттым, - дейді Жомарт Әбішев.
«Сенімді деген адамдарды жинап, Қарағандыға айына екі рет жүк жөнелтіп тұрасың!» деп нұсқау берді.


Оның айтуынша, басшылармен болған осы әңгімеден кейін (нақты қай бастық екенін айтпады) Әбішевті қызметінен босатып, «жемқорлыққа жол берді» деп айыптаған.

- Таққан айыптары бойынша, мен пәтерді заңсыз бөліп, қаланың ІІБ жұмысын қожыратып жіберіппін-мыс, - дейді бұрынғы полицей.

«Менің тұсымда 22 полицей пәтер алды» деген подполковник «тұрмыс жағдайына алаңдамай жұмыс істесін деген оймен учаскелік полицейлердің пәтер алуына көмектескен». Ол «егер полицейлер тірек пункттерге таяу маңда тұрса, ширақ қимылдайды» деп есептейді.

«СОТТАСҚАНЫМА БЕС ЖЫЛ БОЛДЫ»

Жомарт Әбішев кезінде сотқа шағымданғанын, оны қызметіне қайта алу жөнінде соттың шешім шығарғанын айтады. Бірақ ол шешім орындалмай, Қарағанды облыстық ІІБ-ында оған қатысты қызметтік тексеру басталған.

- «Сенімен министр сөйлеседі» деп мені 2006 жылдың қыркүйек айының 6-сы күні ішкі істер министрлігіне шақырып алып, тәртіптік кеңеске салды. Маған тағылған айып бойынша, мен түсті металл жөніндегі қылмыстық материалды жасырып қалып, жеке және заңды тұлғаларды алалауға жол беріппін-мыс. Қожайыны - қолында лицензиясы, растаушы құжаттары бар Пугачев деген азамат. Лицензияны да, басқа құжаттарды да алып тастап, іске кері сипат беретін материал жинаған. Менің үстімнен «жемқорлыққа жол берді, заңсыз бұйрық берді» деген материал әзірледі. Ондай жағдай болған емес, - дейді Жомарт Әбішев.

Оның айтуына қарағанда, қылмыстық іс қозғалғанымен, ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарған бетте «қылмыс құрамы анықталмады» деген себеппен ол істі бірден жауып тастайды.
Капитан шенін алғысы келген учаскелік полицейге «Соғым алып келесің» дейді екен. Кейбір жерлерде шен мен қызметті арақ-шарап, ішіп-жемге, соғымға, енді бір жерде тұрмыстық техникаға сатып келген.


- ІІМ істің жабылғаны жайлы материалдарды почта арқылы жіберіпті. Не жылы, не күні көрсетілмеген, - дейді Жомарт Әбішев.

Оның айтуынша, бұрынғы қызметіне қайта тағайындау туралы берген шағымын сот екінші рет қараудан бас тартқан.

Подполковниктің сөзіне қарағанда, ол «бес жыл бойы құзырлы орындарға шағымданғанымен, шындыққа жете алмай келеді».

Жомарт Әбішев «бірнеше мәрте баянхат жазғанын, болған жайтты ашық айтып беру үшін ішкі істер министрімен тікелей жолығуға тырысқанын, жоғарғы сотқа дейін шағым жолдағанын, бірақ еш нәтиже шықпағанын» айтты.

«Адалдығынан басшылармен тіл табыса алмаған» Жомарт Әбішевтің айтуынша, ол «қаладағы заңсыз металл қабылдайтын пункттердің бәрін жауып, жұмысына салғырт қараған полицейлерді жұмыстан шығарған».

- Мен қызметке жалғыз келдім. Орынбасарлар өз дегендерін істеп, жемқорлықпен, қызмет орнын сатумен айналысқан. Мысалы, капитан шенін алғысы келген учаскелік полицейге «Соғым алып келесің» дейді екен. Кейбір жерлерде шен мен қызметті арақ-шарап, ішіп-жемге, соғымға, енді бір жерде тұрмыстық техникаға сатып келген. Мен мұның бәріне тыйым салдым, - дейді ол.

ІІД БАСТЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық бұл мәселе жөніндегі сауалдарын Қарағанды облысының ішкі істер департаменті (ІІД) басшылығына жолдады. Департамент бастығы Нұрлан Рахымберлиннің қолы қойылған ІІД жауабында «Жомарт Әбішев ішкі істер органдарының беделін түсіргені үшін ішкі істер министрлігінің тәртіптік кеңесінің ұсыныстары негізінде жұмыстан шығарылды» деп жазылған.
Жомарт Әбішев ішкі істер органдарының беделін түсіргені үшін ішкі істер министрлігінің тәртіптік кеңесінің ұсыныстары негізінде жұмыстан шығарылды.


2005 жылдың шамамен қазан айында болған оқиға жұмыстан шығару себебі ретінде көрсетілген. Әңгіме контрабандалық түсті металл тиеген көліктің полицияның ақпарына кірмей қалғаны жайында. Жомарт Әбішев өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып отыр.

Қарағанды облысының полиция басшылығы Азаттыққа жіберген жауабында «бастықтарға сый-сияпат беру және контрабандалық жолмен металл жөнелтуді қадағалау жөнінде жазылмаған ереже бар екенін» жоққа шығарған. Қарағанды облысының ІІД бастығы Нұрлан Рахымберлин «Жезқазған ІІБ бұрынғы бастығының бұл сөздері шындыққа жанаспайды» дейді.

Бұл мақаланы тілшіміз Светлана Глушкованың Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG