Accessibility links

«Өзі құлап жараланғандар» көбейіп барады


Полицияның шұғыл әрекет жасағының (СОБР) қызметкерлері. (Көрнекі сурет)
Полицияның шұғыл әрекет жасағының (СОБР) қызметкерлері. (Көрнекі сурет)

Тергеушілер де, сот та «полицейді соққыға жыққан зейнеткер өзін өзі жаралап, ауруханада үш апта жатып шықты» деп болжайды. Ал құқық қорғаушылар полицияның жауапкершіліктен жалтаруға тырысқанын айтады.

Қазақстандық КТК телеарнасының хабарлауынша, ішкі істер министрлігіне қарасты шұғыл әрекет жасағының (СОБР) 25 жастағы сарбазы Қостанай қаласында зейнеткермен төбелесіп, оны сотқа берген. «СОБР қызметкерін соққыға жыққан» деп айыпталған зейнеткердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сот зейнеткердің бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарған.

СОБР сарбазымен төбелестен миы шайқалып, бас сүйегі жарылып, беті-аузы ісіп кеткен зейнеткер үш апта ауруханада жатқан. СОБР сарбазы адвокаттарының «зейнеткердің өзі құлап жарақаттанған» деген уәжін сот негізді деп таныған. Сот болжамынша, полицей мен зейнеткер қала аулаларының біріндегі тар жолға сыйыспай төбелескен.

«ӨЗІ ҚҰЛАҒАНДАР»

Азаттық оқырмандары «өзі құлау» терминімен ақтаулық жас полицей Әділет Тұрсынбековтің қазасына қатысты жанжалға ұласқан қылмыстық істен хабардар.

2010 жылы желтоқсанда алған жарақаттан қаза болған полиция қызметкері Әділет Тұрсынбеков.
2010 жылы желтоқсанда алған жарақаттан қаза болған полиция қызметкері Әділет Тұрсынбеков.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, 24 жастағы аға лейтенант Әділет Тұрсынбеков 2011 жылдың қаңтарында Ақтау қаласының ауруханасында содан екі апта бұрын бір топ адаммен жанжалдасу кезінде алған ауыр жарақаттан қайтыс болған еді. Төбелескендердің арасында ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) екі қызметкері де болған.

Бірақ бұл жанжал ҰҚК-нің екі қызметкерінің төбелеске қатысқаны үшін емес, екі жыл бойы соттарды «Әділет Тұрсынбеков өміріне қауіпті жарақаттарды ұрып-соққаннан емес, өзі құлаған кезде алған» деген уәжге сендіріп келген сотталушылар адвокаттарының әрекеттеріне қатысты ушыққан.

Қаза тапқан полицейдің әкесі бұл болжаммен үзілді-кесілді келіспей қойған. Ол айыптаушылар тобындағы бір адамды ғана соттаған екі үкімнің күшін жойдырған. Ақыры 2013 жылдың қазан айында бұл іс бойынша үшінші сот үкімі шығып, үш адам – негізгі айыпталушы және ҰҚК-нің бұрынғы екі қызметкері сотталған.

Қаза тапқан полицейдің әкесі баласының «өзі құлаған кезде алған жарақаттан қаза тапты» деген қисынсыздығын дәлелдеп шықты.

ЗАҢ МЕН АНЕКДОТ

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллердің айтуынша, қатты жарақат алып әрі қылмыстық жауапқа тартылған, бірақ «полицейді соққыға жыққан» деп танылған қостанайлық зейнеткердің басындағы сияқты жағдайлар аймақта бұрын да болған.

– Бұрын да мұндай талай оқиға болған. Соның бірінде жерде жатқан мүгедек адамды полицейдің тепкілеп жатқаны тіпті видеокамераға да түсіп қалған. Бірақ сот «мүгедек кісі полицейді қуып жетіп, соққыға жыққан» деген тергеушілердің болжамын қолдады, – дейді Анастасия Миллер Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы мемлекеттік органдардың мұндай күмәнді болжамдарын, оны прокуратура мен соттың да қолдайтынына алаңдайды. Ол «мұндай әрекеттер заңды бұзғаны үшін полицейлерді жауапқа тартудың орнына қылмысты құрбанына арта салуына көмектеседі» деп қынжылады.

Мұндай практика түрме әкімшілігінде де қолданылатынын тұтқындардың құқығын белсенді қорғаумен танылған Руслан Оздоев та айтады.

Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде қаза болған тұтқын Шәміл Ярославлев. 5 қараша 2011 жыл.
Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде қаза болған тұтқын Шәміл Ярославлев. 5 қараша 2011 жыл.

– Бауырым Шәміл Ярославлев түрмеде азаптауға ұшырап қаза тапқанда мені «ол өзі құлап қайтыс болды» дегенге сендіруге тырысқан. Бірақ оларынан ештеңе шықпады, – дейді Руслан Оздоев.

Руслан Оздоевтың айтуынша, өзге бір тұтқынның қазасына байланысты жолдаған сауалына прокуратураның қайтарған жауаптарында «өз ажалынан қайтыс болған» деген сөздер жиі кездеседі.

– Бірақ «Қаза тапқан тұтқынның денесінен көптеген соққы іздері табылды. Бұл іздер тұтқынның денесіне «өз ажалына» дейін түскен бе, әлде кейін түскен бе?» деген сұрағыма прокурорлар жауап бере алмайды, – дейді Руслан Оздоев.

Руслан Оздоевтің айтуынша, тұтқынның қаза табу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалса да, әдетте «тұтқын өзі құлап қаза тапқан» деген болжамдар жасалады.

Запастағы полиция подполковнигі Ыбырай Алшынбай.
Запастағы полиция подполковнигі Ыбырай Алшынбай.

Бұрынғы полицей, ішкі істер министрлігінің запастағы подполковнигі Ыбырай Алшынбайдың Азаттық тілшісіне айтуынша, құқық қорғау органдарының мұндай тәсілдері жұрт арасында анекдотқа айналып кеткен.

– Денесіне сегіз жерден пышақ салынған жәбірленуші ауруханаға жеткізіліпті. Бірден жедел көмек көрсеткен дәрігерлер кейін қағаз толтырарда оның қалай жарақаттанғанын сұрай бастайды. Ол «Келе жатып газоннан ұшы шығып тұрған пышақтың үстіне барып құладым. Әлгі пышаққа сегіз рет құладым» деп жауап береді, – дейді Ыбырай Алшынбай.

Бұрынғы полицей «мұндай істердің кесірінен полицейлер жауапкершіліктен қорықпайтынын, ал азаматтар өздерін қорғансыз сезетінін» айтады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG