Accessibility links

Қазақстан - полицейлік елдер тізімінде 6-орында


Қоғамдық акцияны қадағалап тұрған оралдық полицейлер. Көрнекі сурет журналист Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.

Қоғамдық акцияны қадағалап тұрған оралдық полицейлер. Көрнекі сурет журналист Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.

Шетелдік компания әлем елдерін жан басына шаққандағы полицейлер санына қарай зерттеп шықты. Бұл тізімде Ресей - бірінші, Қазақстан - алтыншы орында.

Зерттеуді АҚШ-тың Bloomberg компаниясы жүргізген. Тізімге халқының саны 5 миллионнан асатын мемлекеттер енгізілді. Әр 100 мың адамға шаққандағы полицейлер саны жөнінен Ресей алғашқы орынды, ал Қазақстан 6-орынды иеленген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Есірткі мен қылмысты бақылау басқармасының (UNODC) анықтамасында басты міндеті «қылмыстың алдын алу, оны анықтау, тергеу және күдіктілерді қамауға алу» болып саналатын мемлекеттік органдардың қызметкерлері «полицей» қатарына қосылған. Басқа көмекші қызметкерлер есепке алынбаған.

Рейтингті жасау барысында әр елге қатысты соңғы үш жылдағы ақпараттар пайдаланылған. Осы мерзімдегі мәліметтері жоқ мемлекеттер тізімге енгізілмеген. Сондықтан зерттеуде Батыс Еуропаның дамыған елдері көбірек қамтылған, ал қылмыс пен зорлық-зомбылық жиі болатын дамушы елдердің басым көпшілігі енбей қалған.

Әлемдегі ең қатты полицейленген елдердің тізімін Ресей, Түркия және Италия бастап тұр. Ресейде әр 100 мың адамға шаққанда 564 милиция қызметкері жұмыс істесе, Түркияда әр адамға - 474 полицейден, ал Италияда 467 полицейден келеді. Бұл тізімге ТМД-дан үш мемлекет іліккен. Әр 100 мың тұрғынға 444 полицейден келетін Қазақстан тізімдегі алтыншы ел болса, Украина 12-орында тұр (384 полицей). Полицейлері ең аз елдер - Кения (100 полицей), Венгрия (88 полицей) және Гвинея (52 полицей).

Сидней университеті 2007 жылдан бері жасап келе жатқан ғаламдық бейбітшілік рейтингі бұдан анағұрлым ауқымды сараптамалық материал деп саналады. Бұл рейтингті түзу барысында елдегі қылмыс саны, саяси тұрақтылық, ішкі қақтығыстар, заң үстемдігі сияқты 23 индикатор есепке алынады. Бұл рейтингте Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Молдовадан кейін екінші, ал әлем бойынша 78-орында тұр. Бұл рейтингте Өзбекстан – 124-орында, Қырғызстан – 131-орында, ал Ресей 155-орында тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG