Accessibility links

Полицияның азаптауы туралы шағым көбейді


Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Құқық қорғаушылар мен прокуратура полицейлер тарапынан азаптауға қатысты шағым көбейгенін айтады. Түрлі қылмыс жасаған ондаған полицей сотталған.

Қазақстандық полицейлер жасаған қылмыстар туралы хабарларды ақпарат құралдары мен ішкі істер министрлігі жиі жариялайды.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ, АЗАПТАУ ЖӘНЕ БАСҚА ҚЫЛМЫСТАР

Қаңтардың басында Қостанай облысындағы Аманқарағай кентінің бұрынғы учаскелік инспекторы, полиция капитаны Бақыт Қажабаев 10 жылға сотталды. Сот оны былтыр шілденің 5-іне қараған түні «қызмет кабинетінде оқушы қызды зорлаған» деп таныды.

Былтыр желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында «кәсіпкерді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген» деген айыппен үш полицей ұзақ мерзімге түрмеге кесілді. Сот болжамына сәйкес, үшеуі бұл қылмысты кәсіпкердің 5 миллион теңгесін (33 мың доллар) олжалау ниетімен жасаған. Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Алтынбек Жұмабеков 22 жылға, өзге екеуі 18 жылға сотталды.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Соколовка ауылының тұрғынын
Қарағандылық Вадим Маурер полицейлерден таяқ жегенін айтады. (Көрнекі сурет)
Қарағандылық Вадим Маурер полицейлерден таяқ жегенін айтады. (Көрнекі сурет)
әуелі ұрып-соғып, кейін суға батырып жіберген» деп айыпталған үш полицейге қатысты сот ісі Петропавл қаласында жалғасып жатыр.

Полицейлердің 2013 жылы жасаған қылмыстары туралы толық статистика жоқ. Бірақ ішкі істер министрлігі хабарларына қарағанда, былтыр қаңтардың 1-інен наурыздың 15-іне дейін полицейлер 96 қылмыс жасаған.

ҚАУІПТІ ТЕНДЕНЦИЯ

Биыл қаңтардың 13-і күні парламенттегі үкімет сағатында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полицейлер жасаған қылмыстар жайын онша қозғамады. Ол қылмысты жасыру фактілері «қатаң әшкереленіп, кінәлі қызметкерлер жазаланады, қызметтен қуылады, қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деумен ғана шектелді.

Ал бас прокуратура былтыр қараша айында «2013 жылдың тоғыз айында қылмысты қудалау органдары азаматтардың құқығын қасақана бұзған 136 факт анықталды» деп хабарлаған.

Бас прокуратураның хабарламасында «Азаптаулар туралы түскен шағым саны
Иван Рожнов полицейлер кесірінен екі аяғынан айырылғанын айтады. Петропавл, 20 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Иван Рожнов полицейлер кесірінен екі аяғынан айырылғанын айтады. Петропавл, 20 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
соңғы екі жылда үш есе көбейген. Егер 2011 жылы полицейлердің ұрып-соққаны туралы 187 арыз тіркелсе, 2012 жылы – 602 шағым, ал 2013 жылы тоғыз айда 662 шағым түсті» деп көрсетілген.

Қазақстан адам құқықтары бюросының директоры Роза Ақылбекованың айтуынша, Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясына 2013 жылдың бірінші жартысында азаптауға қатысты 201 шағым, ал 2012 жылы 362 шағым түскен.

Польшадағы «Ашық диалог қоры» халықаралық құқық қорғау ұйымы осы аптада жариялаған есебінде «Қазақстандағы түзету мекемелеріндегі азаптау фактілері туралы шағымның көбейгеніне қарамастан, сотқа жеткізілген шағым аз. Жеткен күннің өзінде полицейлерді көбінесе «өкілеттігін асырып жіберген» деген айыппен соттап, жеңіл үкім шығарады» деп жазады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, азаптауларға қарсы тұруда азаматтық қоғам мен тұтқындардың туыстарының белсенділік танытуы тиіс.

Азаттық келесі аптаның басында «Ашық диалог қоры» халықаралық құқық қорғау ұйымы өкілімен сұхбатын жариялайды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG