Accessibility links

Сотталған азаматтардың тағдыры белгісіз


Түркіменстандық миграция қызметінің өкілдері шекараны бақылап тұр. Көрнекі сурет.

Түркіменстандық миграция қызметінің өкілдері шекараны бақылап тұр. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда сотталған қазақстандықтардың туыстары көмекке зәру екенін айтты. Маңғыстау облыстық ІІД «оларға көмек беріп жатырмыз» десе, СІМ «азаматтарымыз рақымшылыққа ілінер» деп үміттенеді.

Көрші елде сотталған полицей Әбділлә Кигіліковтың әйелі Самал Шишмағанбетова осы уақытқа дейін көмекті ақпарат құралдарынан емес, жергілікті полиция басшылығынан күткенін айтады.

Басшылар «күйеулерінің айлық жалақысын төлеп тұрамыз» деп уәде бергенін, алайда осы күнге дейін не моральдық, не материалдық көмек алмағанын» айтқан Самал Шишмағанбетова:

– Төрт баламмен әке-шешемнің үйіне көшіп келуге тура келді. Енді солардың зейнетақысына күн көріп отырмыз, – деді жергілікті Lada.kz сайтына берген сұхбатында.

«СОТТАЛДЫ ДЕГЕН АҚПАРАТ КЕЛГЕН ЖОҚ»

Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бөкен Жұмағали Азаттық тілшісіне «көрші елде қамауға алынған азаматтардың туыстарына көмек көрсетіліп жатқанын» айтты.

– Отбасы жағдайларына келсек, ол жерде өздерінің бастықтары бар – аудандық. Олар барып, біліп отыр жағдайларын. Бірақ шекараны өтіп кеткеннен кейін қылмыс жасаған деп есептеледі ғой. Ал қылмыскерлерге үкімет қалай көмектеседі? Заңға қайшы емес пе? Бірақ бастықтары, достары, ағайын-тумалары морально көмектесіп тұрады, – деді Бөкен Жұмағали.
Бізге олардың сотталғаны туралы ресми қағаз келген жоқ, сондықтан оларды «сотталды» деп айта алмаймын.

Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары тілшіге «аудандық бастыққа хабарласудың қажеті жоқ» екенін, «өзінің түсініктемесі жеткілікті» екенін айтты.

Бөкен Жұмағали қамауға алынған азаматтардың есімдерін айтудан да бас тартты.

– Бізге олардың сотталғаны туралы ресми қағаз келген жоқ, сондықтан оларды «сотталды» деп айта алмаймын. Ондай қағаз көрші мемлекеттен келген жоқ. Ал оларға «көмектеспеді» дегенде, біз оларға қалай көмектесеміз? Ол өзге мемлекет қой, онымен сыртқы істер министрлігі айналысады. Біздер ол жаққа (сыртқы істер министрлігіне – ред.) хат жазып, сұрап отырмыз, «сотталса, сот үкімін беріңіздер» деп. Қазір бізге жауабы келді: «Біз (Түркіменстанға) сұраныс жібердік. Әзірге жауабы түскен жоқ, жауабы келгенде сіздерге жібереміз» деп. Сондықтан олардың сотталғаны туралы ақпарат жоқ, ол – тек қана халықтың арғы жақтан естіп келген әңгімесі, – деді ол Азаттық тілшісіне.

РАҚЫМШЫЛЫҚТАН ҮМІТТЕНУ

Қаңтардың 29-ы күні Астанада арнайы брифинг өткізген сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсенов «қазақ азаматтарын босатуға ықпал жасау мақсатында барлық дипломатиялық құралдарды қолданып жатқанын» айтты.

– Қазір Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі басшылығымен келіссөздер жалғасып жатыр. Қазақстанның Ашғабаттағы елшілігі тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде мемлекеттік рақымшылық жөніндегі комиссиясына нақты сұраныстарды жолдады. Өздеріңізге белгілі, құқықтық гуманизм қағидаларына сәйкес Түркіменстанда тұрақты түрде сотталғандарға рақымшылық жасалып отырады. Достас Түркіменстанның өкілдері қазақстандық тараптың бірнеше сұраныстарына түсіністікпен қарап, біздің азаматтарымызға да жақын болашақта рақымшылық қағидасын қолданады деп сенеміз, – деді Жанболат Үсенов.
Түркіменстанда тұрақты түрде сотталғандарға рақымшылық жасалып отырады. Достас Түркіменстан біздің азаматтарымызға да жақын болашақта рақымшылық қағидасын қолданады деп сенеміз.

2012 жылғы қазанның 19-ы күні Түркіменстан шекарасын «заңсыз кесіп өткен» жеті Қазақстан азаматының қамауға алынғаны жайлы ақпарат тараған.

Қазанның 25-і осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған Маңғыстау облыстық ІІД қызметкерінің айтуынша, «18-19 қазан күндері миграциялық полиция қызметкерлері аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығы бойынша іссапарға аттанған. Мигранттарды іздеу бұйрығын орындап, қайтар жолда Түркіменстан шекарасын кесіп өтіп кеткендіктен оларды түркімен шекарашылары ұстап алған».

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2012 жылдың аяғында Түркіменстанда сот өтіп, қазақстандықтар жергілікті қылмыстық кодекстің 214-бабы (мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) бойынша сотталған. Бір азамат 8 жылға, ал өзгесі 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігі қазақстандық жеті азаматтың әрқайсысы жеті жылға сотталғанын айтқан еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG