Accessibility links

Әлі жарияланбаған парламент сайлауына қатысты 4 партия өз ұстанымдарын білдірді


Қазақстандағы 4 саяси партия Сайлау туралы жаңа заң бойынша парламенттен тек қана президенттік бағыттағы және президенттің өз партиясы орын алады деп есептейді. Оппозиция бірлігінің беріктігін сынайтын кезең туды делінген бірлескен мәлімдемеде.

Сәрсенбі күні Қазақстанның коммунистік партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ақ Жол» және ресми тіркелмеген «Алға» демократиялық партиясы қолданыстағы Сайлау туралы заң күшінде тұрғанда кез-келген сайлауға қатыспайтындықтары туралы мәлімдеме таратты.

Бірлескен мәлімдемеге қосылмаған оппозициялық «Азат» партиясы да аталған құжатқа қатысты осындай ұстанымын білдіріп отыр. Алайда бұған күмән келтірушілер де жоқ емес.

«Мемлекет басшысы қол қойған сайлау туралы заң саяси партиялардың дамуы мен қоғамның демократиялануын тежеп, бар болғаны халықаралық дипломатия алдында көзбояушылық қызметін атқарады» делінген мәлімдемеде.

«Ақ Жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменовтың пікірінше, сайлау туралы заң биліктің өз күшіне деген сенімінің жоқтығын көрсетеді.

- Бұл биліктің және билік басындағы партияның бүгінгі күнгі саяси бәсекелестіктен қашқақтайтындығын, халықтың сенім деңгейіне күмәнмен қарайтындығын, өз күшіне сенімді еместігін дәлелдеп отыр, - деді Әлихан Бәйменов.

Оның айтуынша, сөз болып отырған заңды қабылдау барысында елдегі демократиялық күштердің, сонымен қатар президент Н. Назарбаев төрағалық ететін мемлекеттік комиссияның ұсыныстары да ескерілмеген.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов болса билік сайлауға бойкот жариялап отырған саяси партиялардың талаптарына құлақ асуы керек деп есептейді.

- Мәлімдеменің маңызы өте зор. Өйткені сайлаудың әділ өту-өтпеуі шынайы демократиялық оппозициялық тұрғыда жүрген партиялардың позициясына байланысты. Егер бұл сайлау осы партиялардың қатысуынсыз өтетін болса, онда сайлаудың демократиялығының бағасы «бес тиын», - деді Әміржан Қосанов.

Айта кетерлік жайт, саяси партиялардың бірлескен мәлімдемесіне оппозициялық «Азат» партиясы қатыспаған. Социал-демократ Әміржан Қосанов көпшілік бойкотқа қатысу-қатыспау мәселесін саяси партиялардың өздері шешуі тиіс деп есептейді. Бірақ ол дәл бүгінгі жағдайда демократиялық күштердің бөлектенуінің арты жақсылыққа апармайтындығын да ескертіп отыр.

- Ертеңгі күні сайлау жарияланып жатса, оның қарсаңында елдегі демократиялық күштер бір пікірде екендігін көрсетуі керек. Ал енді бір оппозициялық демократиялық партия сайлауға бойкот жариялап, бұл уақытта екіншісі сайлауға қатысып жатса, онда халықтың ғана емес, бүкіл әлем алдында күлкіге қаламыз, - деді Әміржан Қосанов.

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов саяси партиялардың кезекті мәлімдемеге қатыспағандығының себебін Азаттыққа былай деп түсіндірді:

- Өткен жылғы желтоқсан айында осы сайлау заңына қатысты мәлімдемені партиялармен бірге жасадық. Бір айтылған нәрсені қайталап жатудың не қажеті бар?!, - деді партия төрағасы.

Президент Н. Назарбаев «Сайлау туралы» заңға 2009 жылғы ақпанның 6-ында қол қойды. Құжат жобасы Парламентте қаралып жатқанда Қазақстандағы жеті саяси партия: Қазақстан коммунистік партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Азат» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» партиясы, Коммунистік халықтық партия және «Әділет» партиясы жобаны сынға алып, заңда демократиялық принциптер сақталмаған жағдайда сайлауға бойкот жариялайтындарын ескерткен еді.

Халықаралық демократиялық ұйымдар 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етер қарсаңда Қазақстан билігі елде саяси реформалар жасап жатырмыз деген көзбояушылықпен айналысуда деп сынаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG