Accessibility links

«Бригададағы адамдардан жалғыз мен қалдым»


Бұрынғы Семей полигоны аумағы маңында тұратын 81 жастағы Төлеуғазы Төлахметұлы. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылы, 13 тамыз 2015 жыл.
Бұрынғы Семей полигоны аумағы маңында тұратын 81 жастағы Төлеуғазы Төлахметұлы. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылы, 13 тамыз 2015 жыл.

Бұрынғы Семей полигоны аумағы маңында тұратын 81 жастағы Төлеуғазы Төлахметұлы Азаттықпен сұхбатында ядролық сынақ кезіндегі өз көрген-білгендерімен бөлісті.

Төлеуғазы Төлахметұлы - Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылының тұрғыны. Өмір бойы осында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген ол көптеген ядролық сынақтың куәгері.

Басқа елді-мекендер тәрізді сынақ кезінде таратылмаған Саржал ауылына ең жақын ядролық сынақ 20 километрдей жерде болған. Семей ядролық сынақ полигоны 1949 жылы тамыздың 29-ынан бастап жұмыс істеп, 1991 жылдың тамызының 29-ы күні жабылды. Полигонда 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды. Төлеуғазы Төлахметұлы сынақ кезіндегі жағдай туралы Азаттыққа сұхбатында айтып берді.

Азаттық: - Сіз ұзақ жылдар бойы полигон маңында шөп шабатын бригадалардың бірінің бригадирі болдыңыз. Алғашқы сынақтар кезінде де сынақ алаңы маңында жұмыс істедіңіздер ме?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - 1953 жылы біз Тайлан деген жерде тұрдық. Онда кейіннен тарап кеткен Абыралы ауданына қараған Тайлан колхозы болған. Сол жылы жазда бізді 90 километр жердегі Көкен тауының сыртындағы Талды деген жерге көшірді. Талдыда 45 күн жүріп қайтып келдік. Сонда қайтып келгенде көргеніміз - үйде ұстап отырған 5-6 қоянымыздың құлағы мен құйрығының ұшындағы қылдарынан басқа барлық жүні түсіп қалыпты. Қалған денесі ұстарамен қырғандай тап-тақыр. Қояндарды үлкендердің айтуымен өртеп жібердік. Өртеп, әбден күлі қалғанда барып қалдығын жерге көміп тастадық. Ауылдағы адамдардың бәрін малымен бірге көшірген еді. Бірақ ауылда кейбір ит, мысық, қоян тәрізді үй жануарлары қалған.

Азаттық: - Көшуді сіздерге немен түсіндірді?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - Жердің тербелісі болады деді. Одан басқа ештеңе айтпайды. Бәрі құпия кез. Тайландықтар сол жылы көшкеннен қайтып оралмады. Ал келесі 1954 жылы сол жердің шөбін шабатын болдық. Ұмытпасам, тамыз айының 5-і, әлде 6-сы күні болатын. Бізге «әскери жаттығу болады» деп хабарланды да, әп-сәтте төңірекке тағы да әскерилер келе бастады. Төрт киіз үй бар еді, әскерилер соны бір-біріне жақын тіккізіп, үйлердің үстіне тұтастай брезент жауып тастады. Брезенттен істеген екі туалеті бар екен, соны тікті. Олар тіпті төңіректегі су үстіне дейін брезент жауып тастады. Бізді сол брезент жабылған үйлерден шығармай «бір сөтке боласыңдар» деп ешқайда шығармай ұстап отырды. Сөйтіп жүргенде арада бір сөтке емес, үш-төрт күн уақыт өтіп кетті. Арасында суымыз да таусылып қалды. Суды әскерилердің өздері тасып әкеліп беріп тұрды.

Сөйтсек, әскерилер осы күндер ішінде желдің бағытының өзгеруін күтіпті. Жел Курчатов қаласына қарай соққанда жарылыс жасамауды көздеген. Курчатов біз жатқан жерден 150 километрде орналасқан. Жел бағытын өзгерткенде барып олар сынақ жасады. Сол кезде кейінгідегідей бомбаны жер астына көміп, кабельмен атпайтын. Әскерилер бомбаны әуеден ұшақтан тастайтын. Ұшақтың өзін көрмедік. Тек даусын естіп жаттық. Кейін бәрі аяқталғанда сыртқа шыққанда Тайланға жақын Жосалы деген жерде қарағанның басында денесі ағып кеткен көп жыланның терісі ғана ілініп қалғанын көрдік. Содан бастап сол жерден жылан жоғалды. Бір кезде бір-біріне оралып ініне бір кіріп, бір шығып күнге шағылысып жататын ордалы жыланды көрмейтін болдық. Тайланда сонда жұмыс істеген бригадада 14 кісі болдық. Сол 14-тен қазір мен ғана қалдым. Бүгінде бәрі өліп қалды.

Саржал ауылы маңындағы «Атылған көл» (фотогалерея):

Азаттық: - Полигон маңынан шөп шабу сонда да жалғаса берді ме?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - Сол кезде шабатын шөбін әлі күнге шауып жатыр ғой. Тек 1953 жылы ғана шөп шабылған жоқ. Қалған уақыттың бәрінде осы маңайда үзбей мал азығы әзірленіп келеді. Біз азық-түлік алу үшін сынақ алаңы маңындағы әскери қалашыққа барып тұратынбыз. Сынақ алаңы сол кезде қоршалған, беталды адамды өткізбейтін еді ғой. Тек арнайы рұқсатпен өткізеді. Сондай рұхсат қағазының бірі менде болды. Көбіне бригадаға нан алуға сынақ алаңы аумағындағы әскери қалашыққа барып тұратынбыз. Сол кезде қалашықта көрген-білгендерімізді ешкімге айтқызбайтын. Сондағы қалыптасқан тәртіпке сай тіпті ауылдастарымызға да ештеңе айтпайтын едік.

Азаттық: - Совет уақытында бүкіл ауданның бар жылқысы сынақ алаңы маңында қыстайтын еді ғой?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - Иә, 1991 жылға дейін солай болды. Жылқыға қоса, қыстамаға жыл сайын 70 мың бас қой қалатын. Жазғытұрымғы төлімен қойдың саны 120 мыңға дейін жететін. Соның бәрі сынақ алаңы маңындағы Дегелең тауындағы жайлауды жайлайтын. Полигон маңындағы түлкі, қасқыр, қоян тәрізді аңдардың көбінесе, арқа жағының жүні түсіп қалатын. Соған қарамастан, адамдар аң аулап жүретін.

Азаттық: - Қазір 2 мыңнан аса тұрғыны бар деп есептелетін Саржал ауылында тұратын құрдастарыңыз көп пе?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - Жоқ. Бірен-саран ғана қалды ғой.

Азаттық: - Ауылда сізден үлкен адам бар ма?

Төлеуғазы Төлахметұлы: - 1928 жылы туған Риза деген кісі бар.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG