Accessibility links

ГКЧП кезінде Қазақстан басшылары қай жаққа шығарын анық білмеді


"Тамыз бүлікшілері" жіберген танк жүргізушісіне қарсы шыққан демократияшыл шеруші. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл

"Тамыз бүлікшілері" жіберген танк жүргізушісіне қарсы шыққан демократияшыл шеруші. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл

20 жыл бұрынғы «тамыз бүлігі» одақтас республикалар жетекшілерін әрі-сәрі күйге түсірді. Саяси сарапшылар бүлік кезінде Қазақстан басшылығы да әліптің артын бағып, уақиғаның аңысын аңдығанын, ал кейбір топтардың бүлікшілерді ашық қолдағанын айтады.


Қазақстанның ресми ақпарат құралдары «бүлікшілердің» үндеулері мен қаулыларын екі етпей жариялап, төтенше комитеттің бұйрығына мойынсұнды.

«БИЛІК ИНФЛЯЦИЯСЫ»

Әлем назарын аударған «тамыз бүлігіне» биыл 20 жыл толды. 1991 жылғы тамыздың 19-ында КПСС орталық комитеті мен СССР үкіметінің 8 мүшесінен құралған топ төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылғандығын және 19 тамыз күні сағат 4-тен бастап СССР-дің жекелеген жерлерінде 6 айға дейін төтенше жағдайлар енгізілетінін хабарлады.

«Михаил Сергеевич Горбачев денсаулығына байланысты СССР президенті міндетін атқара алмайтындықтан 1991 жылғы тамыздың 19-ынан бастап СССР президенті міндетін атқаруға кірістім» деген СССР вице-президенті Геннадий Янаевтың жарлығы шықты.
Төтенше комитет таратқан тағы бір үндеуде «елге сын сағаты төнді, Горбачев бастаған реформалар тұйыққа тірелді. Бастапқы энтузиазм мен үміт орнын сенімсіздік, селқостық пен торығушылық басты. Барлық деңгейдегі билік халықтың сенімінен айырылды. Билік инфляциясы біздің мемлекетімізді, қоғамымызды қандай да болсын басқа инфляциялардан артық бүлдіріп жатыр» деп жазылды.
Солдан оңға қарай: Борис Пуго, СССР ішкі істер министрі, Геннадий Янаев, СССР вице-президенті және Олег Бакланов, СССР қауіпсіздік кеңесінің төраға орынбасары "төңкеріс" туралы мәлімдеп отыр. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл

Үш күнге созылған саяси текетіресте РСФСР президенті Борис Ельцин бастаған топ жеңіске жетті. Ал осыған дейін егемендік туралы декларация қабылдап, СССР құрамындағы дербес субъект ретінде таныла бастаған бұрынғы одақтас республикалардың басшылығы «тамыз бүлігі» басталғанда абдырап қалды.

«Тамыз бүлігі» туралы кейінгі көптеген зерттеулерде бүлікке қатысқандар мен оған іш тартқандардың аты аталды. Беларусь, Украина және Әзербайжан ССР-і Компартиясы ОК бірінші хатшыларының төтенше комитетке бірден қолдау көрсеткені, ал Ресей жетекшісі Борис Ельцин мен Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың қарсылық білдіргені мәлім болды.

«ЕКІ КҮНДЕ ЕКІ ҮНДЕУ»

Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы кезеңде сөйлеген сөздері мен жасаған әрекеттері оның «бүліктің даму барысына қарай» қимылдағанын көрсетеді.

Төтенше комитеттің үндеулерімен қатар жарияланған тамыздың 19-ы күнгі үндеуінде ол СССР қарулы күштері мен КГБ, ішкі істер министрлігінің әскерін адам құқығы мен жергілікті өкімет органдарын құрметтеуге шақырса, осындай сәттегі ерекше жауапкершілікті «егіннің, азық-түлік ресурстарының тағдыры қолында тұрған село еңбеккерлеріне» жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚазССР басшысы (сол жақта) Михаил Горбачевпен кездесіп тұр. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 жыл

Назарбаев арада бір күн өтісімен тамыздың 20-сы күні жасаған үндеуінде өзінің Михаил Горбачевті саяси енжарлығы үшін осыған дейін де сынағанын айтты. Бірақ сонымен қатар ол Төтенше комитеттің заңсыз құжаттар жасап, егемендік туралы республикалық декларацияларды аяқ асты етіп отырғанын да ескерте кетті. Нұрсұлтан Назарбаев тығырықтан шығар жол ретінде төтенше съезд шақырып, қысқа мерзімде СССР президентін сайлауды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл үндеуді жолдағанда «бүлікшілердің» екпіні басылмағанымен, Борис Ельцин де «танк үстіне шығып», қарсылықты күшейте түскен еді.

Ал тамыздың 21-і күні Қазақстан телеарналары президент Назарбаевтың Қырымда оқшауланып жатқан СССР президенті Горбачевпен телефон арқылы сұқбаттасқанын, оның «СССР мемлекеттік өкімет билігіне адалдығы үшін барлық қазақстандықтарға, Назарбаевтың тікелей өзіне асқан ризашылық білдіргенін» жұртшылыққа таратты.

Қазақ ССР-і президентінің екі күнде екі үндеу жасап әліптің артын баққаны, үшінші күні Горбачевпен сөйлесіп, күрт белсенділік танытқаны кейін түрліше бағаланды.
Қазақ ССР-і президентінің екі күнде екі үндеу жасап әліптің артын баққаны, үшінші күні Горбачевпен сөйлесіп, күрт белсенділік танытқаны кейін түрліше бағаланды.

Сол кездің өзінде «Егемен Қазақстан» газеті «...қазақстандықтар ресейлік бауырларға бірінші болып қолдау көрсеткен өз президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты мақтаныш тұтары сөзсіз» («Жарайсыңдар, Президенттер!» 23.08. 1991 ж.) деп жазды. Бірақ, әуелгі үндеудің әрі-сәрі сипаты туралы үндемей қалды.

Бұл пікірді арада көп жылдар өтсе де, Қазақстан парламенті сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов та қайталады. «1991 жылдың 19 тамызы күні Мәскеудегі билік өкілдерінің әрекетінің заңсыз екенін айтып, ол «ұйымның» тапсырмаларын орындай алмайтынын басқалардан бұрын жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев болды» деген ол Қазақ ССР-інің президентін тіпті алғы шепке шығарды (Қазақтың жаңа дәуірі, «Егемен Қазақстан», 6.04. 2010 ж.) Сұлтанов та президент Назарбаевтың ГКЧП-ға қатысты әуелгі солқылдақ үндеуі туралы тіс жармайтын үрдісті жалғастыра түседі.

Тәуелсіз «Азат» газеті «тамыз бүлігі» қызып тұрған кезде Азаттық радиосының эфирінен айтылған сөздерді басып таратты. Соның бірінде Азаттық радиосы «20 тамыз күні кешке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мәлімдеме жасады. Ол бұл жолы ГКЧП-ның заңсыз өкімет екенін мойындағандай сыңай танытты, бірақ үзілді-кесілді пікір айта қойған жоқ» деген еді.

«АҚПАРАТ МАЙДАНЫ»

«Тамыз бүлігін» ұйымдастырушылар ең әуелі ақпарат құралдарына иелік етуге тырысты. Төтенше комитеттің тамыздың 19-ында жарияланған №1 қаулысында бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау орнататынын, оны ГКЧП жанынан құрылатын орган арқылы жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Ал №1 қаулыны өкшелей шыққан төтенше комитеттің №2 қаулысында Мәскеуден шығып, бүкіл СССР-ге тарайтын газеттер мен Мәскеу қалалық газеттерінің тізімі бекітілді. «Труд», «Рабочая трибуна», «Известия», «Правда», «Красная звезда», «Советская Россия», «Московская правда», «Ленинское знамя», «Сельская жизнь» газеттерінен басқалардың барлығына тыйым салды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің алғашқы үндеулері мен мәлімдемелерін және №1, №2 қаулыларын СССР-дің ресми ақпарат құралдарының көпшілігі жариялады. Соның ішінде Қазақстанның ресми ақпарат құралдары да орталық биліктің пәрменіне бұрынғыша қалтқысыз мойынсұнатынын аңғартты.
Геннадий Янаев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Мәскеу, 19 тамыз 1991 жыл

«Егемен Қазақстан» сияқты көлемді газеттердің бірінші бетіне сыймай екінші бетіне ауысып жатқан осынау үндеулер мен мәлімдемелердің арасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да халыққа жолдаған шағын үндеуі жүрді.

Республикалық газеттер Қазақстан президентінің үндеуін көп үндеудің ішінен көзге шалынарлықтай орынға қойса, сол кездегі Шымкент облысының «Южный Казахстан» газеті секілді кейбір облыстық газеттер Назарбаевтың сөзіне газеттің астыңғы бір бұрышын зорға қиғандай әсер қалдырды.

Осылайша Қазақстан қоғамы орталық билікте болып жатқан маңызды уақиғалардан шынайы ақпарат ала алмады. Қазақстан секілді одақтас республикалардың ақпарат құралдарының бұрынғы әдетімен орталықтың айтқанынан шыға алмауы төтенше комитеттің мүддесіне сай келді.
Қазақстанның осы кездегі ақпараттық хал-ахуалын Азаттық радиосы өз хабарларында былайша сипаттаған: «Қанша терісін өзгертуге тырысқанымен республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас» газеттері үкімет басына заңсыз келген сегіз бүлікшінің жарлықтарын басып, кім күштірек болып көрінгісі келсе, соның диірменін тартатынын көрсетті. Әншейінде егемендік туралы ауыз жыртатын «Егемен Қазақстан» ел басына төнген қара бұлт туралы жұмған ауызын ашпады».

«ДЕМОКРАТИЯ ЖЕРЛЕНГЕН КҮН»

Тамыздың 20-сы күні жарияланған Қазақстанның ресми ақпарат құралдарының арасында Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» газеті ғана ГКЧП-ның қаулыларын баспай кейінгі нөмірлеріне қалдырды. Тек ГКЧП мүшесі, СССР вице-президенті Геннадий Янаевтың қысқа жарлығын басқан бұл газет «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деп ашық мәлімдеме жасады.
Нұрмахан Оразбеков, "тамыз бүлігі" кезіндегі "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы

Мәлімдеме астында осы газеттің сол кездегі редакторы Нұрмахан Оразбековтің «Иә, бұл – төңкеріс» деген бас мақаласы жарық көрді. Бұл төңкерістің кімге қарсы жасалғанын талдап шыққан автор «олардың күні ертең қара тақтаға жазыларына күмән болмаса керек. .. бұл күні әдеттегі хабарлар, көңілді музыка беріліп жатты. Керісінше қаралы, азалы музыка берілуі керек еді. Өйткені бұл біздің елде демократия жерленген күн» деп жазды.

Нұрмахан Оразбековтің мақала соңын «Бұл асығыс жазба қайғылы хабардан туған алғашқы әсер, жеке пікірім. Ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін» деп аяқтай отырып, «төңкеріс соңы бұрынғыша советтік саяси қуғын-сүргінге ұласуы мүмкін» деген қауіп-қатерді аңдатып өтті.

ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚҚАН "БАТЫЛДЫҚ"

Төтенше комитетті «талқандаған» Борис Ельцин тамыздың 23-і «бүлікшілердің» үндеуін жариялап, сөзін сөйлеген «Правда», «Советская Россия», «Гласность», «Рабочая трибуна», «Московская правда», «Ленинская смена» секілді жетекші газеттерді жауып тастады. Аталған газеттермен бірге ТАСС пен «Новости» агенттіктерінің де мүліктерін РСФСР мемлекеттік органдарының қарауына алды.

Ал бірер күн бұрын ғана төтенше комитеттің үнін Қазақстанға таратқан ресми ақпарат құралдары енді «жеңген» биліктің үгіт-насихатын жүргізуге кірісті. Онымен тоқтамай, «тамыз бүлігінің» үндеулерін бірнеше бетке жариялаған республикалық «Казахстанская правда» газеті төңкерісшіл пиғылдағы газеттерді жауып тастаған Борис Ельцинді сынап жіберді (Борис, на этот раз ты не прав!, «Каз.правда», 27 тамыз 1991 ж.)

Ресей президенті Борис Ельцин "тамыз бүлігін" талқандау ісін атап өту шарасында. Мәскеу, 22 тамыз 1991 жыл

«Тамыз бүлігі» жеңілісімен Қазақстанның ресми ақпарат құралдарында «бүлікшілерді» жеріне жеткізе сынайтын батылдық пайда болды.

Тамыздың 22-сі күні билік органдарының түрлі үндеулері мен мәлімдемелерін бірінен кейін бірін берген «Егемен Қазақстан» газеті «Егемендікке қол сұғылмасын», «Елдік туы жығылмасын» дейтін мақалалар жариялады.

«ПРЕЗИДЕНТ КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН БІЛЕ МЕ?»

Советтік тоталитарлық билік инфляциясының соңғы сатысына айналған төтенше жағдайлар жөніндегі комитет мүшелері тамыздың 21-і жаппай тұтқындалып, сотқа тартылды. Бүлікшіл топтың бір мүшесі, СССР ішкі істер министрі Борис Пуго мен бүлікке қатысы бар жоғары лауазымды тағы екі адам өздеріне қол жұмсады.

«Тамыз бүлігіне», яғни мемлекеттік төңкеріске ашық қолдау көрсеткен Ресейдің басқа да жоғары лауазымды тұлғалары өз еріктерімен қызметтерінен кетті. Өз еркімен кетпегендері күштеп кетірілді.

Тамыздың 23-і күні Қазақстан компартиясы орталық комитетінің саяси бюросы «тамыз бүлігін» ұйымдастырушылар мен оған жанама қолдау көрсеткендерді мұқият тергеп, айыптау жөнінде Мәскеуге ұсыныс жасады.
Бұл ұсыныс тамыздың 24-інде өткен Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің кезектен тыс бесінші сессиясында басқаша тұрпатта қайталанды. Сессияда баяндама жасаған Нұрсұлтан Назарбаевқа депутаттар «Республика президенті өз айналасындағылар ішінде кімнің кім екенін біле ме?», «Төтенше комитеттің құжаттарын жарияламау жөнінде Президент неге дер кезінде шара қолданбады?» деген сауалдар қойды.
"Орталық Қазақстан" газетінің 1991 жылғы тамыздың 20-сы күнгі саны.

Депутаттардың кейбірі сессияның күн тәртібіне Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің басшылығына сенімсіздік білдіру туралы мәселе қоюды да ұсынды. Сонымен қатар, Қостанай, Целиноград, Шымкент облыстық партия комитеттерінің, оның басшыларының ГКЧП бүлікшілерін қолдаған жалтақ саясатына байланысты фактілер де депутаттар тарапынан сынға алынды.

Айта кетерлігі, «тамыз бүлігін» қолдаушылардың бірі саналған, Целиноград облысының сол кездегі басшысы Андрей Браунға «Социалистік Еңбек Ері» атағын беру жөнінде тамыздың 6-сы күні ғана СССР президенті Горбачев қол қойған еді. Браун одан кейін де Қазақстанның кейбір облыстарында бірнеше жылдар бойы басшылық қызметтер атқарды.

Ал сол кездегі "бүлікті қолдаушылар" қатарында аталған сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы Сергей Терещенко кейін тіпті Қазақстан премьер-министріне айналды және өзін әлі күнге Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктесі санайды.

«ЕШКІМ ЖАУАП БЕРГЕН ЖОҚ»

Азаттық радиосының тілшісі «Қазақстанда «тамыз бүлігін ашық қолдаушылар болды ма және оларға саяси тұрғыдан баға берілді ме?» деген сауалды сол кезде саясат ортасында болған тұлғаларға қойып көрді.
2008 жылғы тамыздың 21-і Азаттық радиосына берген сұқбатында «сол күндері Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында болдым. Ташкенттен арнайы жасақ келіп, Қазақстан президентін тұтқындамақ болды дегенді естідім» деген Серік Әбдірахманов бұл жолы: «Мен саясаттан кеткен адаммын. Кеткен соң кету керек, ұмытпағандарыңа рақмет» деп, әңгімеден бас тартты.

Ал «тамыз бүлігінен» кейінгі Қазақстанның төтенше съезінде сөз сөйлеген Жасарал Қуанышәлин «Республика билігі бүлік кезінде бұғып қалды. Егер бүлік ұзағырақ созылғанда Назарбаев бастаған Қазақстан билігі оларды қолдайтын еді, оған еш күмәнім жоқ» дейді.
Егер бүлік ұзағырақ созылғанда Назарбаев бастаған Қазақстан билігі оларды қолдайтын еді, оған еш күмәнім жоқ.

Ол Алматы қалалық кеңесінің басшылығы төтенше комитетті қолдап, қаулы қабылдағанын, оны дайындап, қол қойғандар қалалық кеңес төрағасы Заманбек Нұрқаділовтің орынбасары Виктор Храпунов пен хатшысы Людмила Артомонова болғанын баяндады. Сонымен қатар Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің екінші хатшысы Ануфриевтің де ашық қолдау көрсеткенін айтты.

«Тамыз бүлігі» кезінде Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Серікболсын Әбділдиннің пікірінше «бүлікті» қолдаушылардың қарасы көп. Сол кезде кейбір лауазымды қызметкерлер бүлік басталысымен-ақ кабинетінде ілулі тұрған Горбачевтің портретін лақтырып тастап, соңынан қайта ілгенін ашық айтқан.

- «Тамыз бүлігіне» байланысты Қазақстанда болған жағдайларды тексеріп, ресми баға беру үшін жоғарғы кеңесте арнайы комиссия да құрылып, төрағалығына Юрий Хитрин бекітілген еді. Бірақ ол кезде республика басшысының өзі де солқылдақтық танытты емес пе? Сондықтан іс аяғына жетпей жабылды да, ешкім жауап берген жоқ, - деді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына.

Үш күндік «тамыз бүлігінің» сынағынан Қазақстан республикасы осындай жолдармен өтті. Осы бүліктің ізінше, яғни тамыздың 24-інде Украина, тамыздың 30-ында Өзбекстан тәуелсіздігін жариялады. Қазақстан 15 одақтас республиканың ең соңы болып желтоқсанның 16-сында тәуелсіз ел екенін танытты.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG