Accessibility links

Аяз Павлович Атаев немесе қазақ жұртына Аяз Ата деген атпен көбірек танымал белгілі қоғам қайраткері, һәм халық әртісі 1937 жылғы қаңтардың 1-інде Қазақ ССР-інің астанасы болған Алматы қаласында, Коминтерн алаңында (қазіргі Абылай хан мен Мәншүк Мәметова көшелерінің қиылысы) дүниеге келген.

Әке-шешесі ашаршылықтан, я жаппай қудалаудан зардап шеккен жандар болуы керек. Өйткені партияның пәрмені бойынша Коминтерн алаңында тұңғыш рет тігілген алып шыршаның түбінде, Сәбит Мұқанов айтқандай «сап-сары ала, сап-сасық жөргегінде, «іңгә» орнына уілдеп «тап» деп жатқан» жерінен бала Аязды НКВД қызметкерлері тауып алып, Алматыдағы жетімдер үйінің біріне өткізген.

ЖЕКЕ БАСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТ

Аяздың әкесі Сталиннің үзеңгілес саяси серіктерінің бірі атанған Павел Постышев болуы мүмкін деген нақтыланбаған дерек бар. Постышев 1935 жылы жаңа жылдық шыршаны советше тойлау үшін Аязға ұқсас біреудің туғалы жатқанын «Правда» газеті арқылы тәмам жұртқа жария еткен. Негізінен бұл версияны Атаевқа жақын адамдар таратып жүр. Ал шешесі туралы ақпарат жоқтың қасы.

Аяз Совет Одағы құлағанға дейін бауырлас республикаларда тұратын ағайыны ретінде тек Дед Мороз деген немере ағасын атайтын. Ол туысының ішімдікке тым құмар екені, сондықтан да көп уақыт тұрғылықты мекен-жайы болмай, Ресейдің Великий Устюг қаласынан 1999 жылы ғана пана тапқаны белгілі. Кейінгі анкеталарда Атаев алыс шетелде тұратын жамағайыны ретінде 2008 жылы Канада азаматтығын алған, Солтүстік полюстегі
Санта Клаусты көрсетіп жүр. Бірақ
Ресейлік Дед Мороз мереке кезіндегі тәртіп шаралары жайлы ақыл айтып тұр. Ресей, Белгород, 31 желтоқсан 2001 жыл.
соңғысы Аязбен қандай да бір туыстық я рухани жақындығы бар екенін ешқашан мойындаған емес.

Атаевтың неше мәрте үйленгенін анықтау мүмкін болмады. Оның некесіз туған, тегі тұманды Ақшақар атты немере қызы бар. Аяз бұл мәселеге қатысты сұрақ қойылса, айналып өтуге тырысады. Бірақ отбасылық өмірінде Дед Морозға барынша еліктейтіні байқалып тұрады.

Көпшіліктің көзіне үйреншікті, құлағына таныс есім бола тұра Аяз Атаның ғұмырбаянын құрастырып шығу – қиынның қиыны. Өйткені Атаевтың жас кезіне қатысты фактілер мен мифтер мидай араласып кеткен.

БАСТАПҚЫ ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫ

Таптық сана мен тап күресін ынты-шынтысымен қабылдағандықтан, Аяз Ата әу бастан КПСС-тің ерекше қамқорлығында болды. Атеистердің діни мейрамдар мен түсініктерге қарсы қолданған алмас қылышы ретінде қызмет атқарған Аяз келе-келе өзі де советтік мистицизмнің басты символына айналғанын аңдамай қалды. Октябрь өрендері мен пионерлерді жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үгіттейтін негізгі мифологиялық жағымды кейіпкер ретінде Аяз Атаның құдыретін таныту үшін көптеген ертегі образдары құрбандыққа шалынды.

Христиандардың византиялық Николай әулиесінен тамыр тартқан Санта Клаус сияқты сан ғасырлық дәстүрі бар, ел ішінен шыққан персонаж болмағандықтан, жоғарыдан таңылған Аяздың тілі қасаң, түрі суық күйі қалды. Сол себепті 1930-40 жылдардағы сәтсіз эксперименттерден соң Аяз Атаның төбесі көріне бере балалар зар еңіреп жылап қоя
Санта Клаустың Қарақұлжа ауданы Терек ауылына сапары. Қырғызстан, 23 желтоқсан 2008 жыл.
бермеу үшін оның немересі Ақшақар идеологиялық жобаға қосылды. Келе-келе Ақшақар үнемі тілі күрмеліп, «қызып» жүретін Аяз үшін таптырмас тәржімешіге айналды. Сценарий дами келе жыл сайын Аяздан шошып, психологиялық соққы жейтін балаларды алдарқату үшін шыршаны айналып жүретін «аңдар», сосын арнайы костюмдер пайда болды.

1950-ші жылдардың ортасында партия қатарына қабылданған Аяз көк шапанының түсін қызылға өзгертті. Еуропалық нәсілді түр-тұрпаты мен бұйра-бұйра күміс түсті қою сақал-мұрты әсер етті ме, я шапанының қан қызыл болғаны себепті ме, әйтеуір ауылдағы қазақтың санасына Қыдыр Атаның бір көрінісі ретінде орныға алмады. Қазақ мектептерінде кең тараған «Аяз Ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұр. Сақалының ұзыны-ай, жұлып алсам шіркін-ай!» деген тақпақ жолдарында жаңа жылдың бас кейіпкеріне деген онша-мұнша махаббат пен құрмет байқалмайтын.

Бірақ, қалалық жерлерде Атаев «советтік әулиеге» айналды. Жетімдер үйінің жарылқаушысы ғана емес, барлық дерлік советтік отбасының альбомынан табылатын мейрам мен салтанат символы болып шыға келді. Қазақ-совет интеллигенциясы үшін Аяз Ата балаларға дәптер беттерінен өздері жасаған «кулекті» өздеріне қайта сыйлық қып тарататын «қап арқалаған жомарт шал» ғана емес, сұп-сұр панель үйлерді орталық телеарнаның қызылды-жасылды «Голубой огонегіне» жалғайтын адами мерекенің сенуге рұқсат етілген жалғыз мистикалық қаһарманы еді.

ПОСТ-СОВЕТТІК ТРАНСФОРМАЦИЯ

1991 жылдан бері Атаевтің мінезі күрт өзгерді. Мәуліт, Наурыз және Рождество сияқты мейрамдардың қайта тірілуі Аяз үшін зор сынақ болды. Өмірінде бірінші рет елдің ықыласын сақтап қалу үшін бұған қарағанда дәстүрі терең өзге де сакральды бейнелермен бәсекеге түсуге мәжбүр екені жанын жегідей жеді.

Бірақ, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы режимде өмір мектебінен өтіп, әбден ысылған Аяз еш саспады. Өзін Желтоқсан әулиенің шарапатымен Алатау қарағайының түбінде дүниеге келген талайы ерекше тұлға, Қаңтарбай батыр мен Ақпан бидің тұқымы деп жариялады. Шапанының түсі қайтадан көкшіл тартып, өңірі мен етегіне текеметтің оюы
Өзін Желтоқсан әулиенің шарапатымен Алатау қарағайының түбінде дүниеге келген талайы ерекше тұлға, Қаңтарбай батыр мен Ақпан бидің тұқымы деп жариялады.
салынды. Көп кешікпей «Азат Аяз» партиясының төрағасы болып сайланды. Немересі Ақшақардың жағасындағы комсомол значогы бірден ғайып болып, өзі аздап қазақша сөйлей бастады. Мұндай өзгеріске таңдай қаққан жұрт шыршаның басындағы жұлдыздың сол күйінше қалғанын байқаған да жоқ.

Орыстілді ортадағы танымалдығын сақтап қалу үшін Аяз өзін Дед Мороздың жамағайыны ретінде таныстырады. Бірақ, бұны ресейлік әріптесінің шала-жансар клоны деп қабылдайтындарды иттің етінен жек көреді. «Кока-коланы» жарнамалап жүретін намыссыз Санта Клауспен шатастыратындарды да жаратпайды. Бірақ, орайы келгенде Дед Морозбен де, Санта Клауспен де қатар тұрып суретке түскенді сұмдық ұнатады.

Аяздың әлеуметтік мінез-құлқындағы тағы бір өзгеріс – бұрынғыдай сыйлықты өз қолымен таратпайды, ергежей көмекшілері арқылы үлестіреді. Бұғы жеккен жайдақ шанада бишік ұстап қоқиып отыратын күндер де келмеске кеткен. Өзін сақылдаған сары аязда сарғая күтіп тұрған жұртқа паң кейіпте қол бұлғап, алшаң басып келе жатады. Қолынан қалта телефоны түспейтін Ақшақар ара-тұра аузы босай қалғанда шыршаға жиналған жұртты жаңа жыл мен қыс туралы алыстан орағытқан дәмсіз тақпақ айтпауға шақырады. Оның орнына Аязды ашық түрде ұлықтайтын лайықты ән-жыр талап етеді. «Аяз Палыч болмаса кім сендерге келіп сыйлық дарить етеді, а?! Мына елкадағы каждый ойыншық Аяз Палычтың тікелей нұсқауымен ілінді. Забота деп осыны айт!» деп тамсанады Ақшақар мемлекеттік тілде.

«МӘҢГІ АТА» ИДЕЯСЫ

Атаевтің ойынан шықпай жүрген ең басты мәселе – өзінің сакральды статусын еш мызғымастай қылып, біржола бекіту еді. Жуырда оған да қол жеткізген сияқты. Соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстандағы барлық ірі қалалардың бас алаңдарында Жаңа жыл мерекесіне бір ай қалғанда салтанатты түрде шырша оттарын жағу рәсімі өтеді. Осы күні
Қазақстан президентінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы. Астана, 2 желтоқсан, 2009 жыл.
Аяз өзінің ең басты мемлекеттік салтанат символына айналғанына көзі жетіп, әбден масайрайды.

2010 жылғы желтоқсан айында Аяз Атаев айрықша разы көңілмен өзінің тұңғыш резиденциясын Шығыс Қазақстан өңірінде салуға рұқсат берді. Қысы ұзақ, қары қалың Шығыс Қазақстан Аяз Ата мен Ақшақар үшін Санта Клаус сыйлаған жалпы құны 16 мың долларлық моторлы шаналарын тебуге ең қолайлы жер екені де даусыз.

Мұндай ілтипатқа тәнті болған шығыс қазақстандықтар да қарап қалмады. Ығайы мен сығайы Өскеменде келелі кеңеске жиналды да, Аяз Павлович Атаевті «төрт мезгілдің пірі» деген атаққа ұсынып, жаңа жылдық шыршаны жыл он екі ай тойлауға шақырды. «Шырша деген қысы-жазы бір түсті. Олай болса, біздің Аяз Палыч та мәңгі түсін бермеген қалпы төрімізден түспегені жөн. Жылына бір-ақ мәрте төбе көрсететін Дед Мороз бен Санта Клаустың іштері күйсе, тұз жаласын!» десті бастамашыл топ.

Қызды-қыздымен ұсыныс жасаушылар «Аяз Атаны ортамыздан кетірмеу үшін жыл он екі
Аяз Атаны ортамыздан кетірмеу үшін жыл он екі ай қыс мезгілінің болуын қалаймыз
ай қыс мезгілінің болуын қалаймыз» деген референдум өткізуге шақырды. «Жылауық көктем, шыбынды жаз бен лайсаң күздің қажеті жоқ. Бізге ауа-райы тұрақты, ет сақтауға қолайлы, байсалды қыс керек» деп қауқылдасты.

Әзірше бұл идея Аяз Атаның қапшығынан сыбаға дәметкен жұртқа ұнап тұр. Тек мерекелік көңіл-күйден мақұрым, мисыздау адамдар «Аязекең шілденің шіліңгір ыстығында шырша басына шанамен қалай келер екен? Көктем шыға еріп кететін Ақшақардың күні не болады? Ойпырмай, төрт мезгілдің ауысуына тоқтау салатындай құдірет бізге қайдан бітер екен?» деп күңкілдейтін көрінеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG