Accessibility links

Қонаевты орнынан түсіруге жіберілген КГБ төрағасы Желтоқсан оқиғасына тап болды


1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққандар. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққандар. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.

Дәл 25 жыл бұрын қаңтар айында Қазақстанға КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) төрағасы болып күтпеген жерден Виктор Мирошник тағайындалды. Желтоқсан оқиғасының барысына және толқудың басып-жаншылуына ықпал еткен адамдардың бірі де осы Мирошник еді.


Виктор Мирошник Қазақ ССР КГБ төрағалығына 1986 жылы қаңтарда тағайындалды. Ол осы лауазымда отырып 1986 жылғы желтоқсан айындағы жастар қозғалысының одан соңғы тексерілуіне тікелей ықпал етті. Кейіннен бұл оқиға үшін Виктор Мирошниктің өзінен де жауап алынды.

Қазақ ССР КГБ-сының төрағалығына Мәскеуден жіберілген Виктор Мирошник кейін қайтадан сонда кетті. Оған бұл қызметте Зақаш Камалиденов отырған, онан кейін Николай Вдовин тізгінді қолға алды.


ҚОНАЕВТЫ ОРНЫНАН АЛУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ӘРЕКЕТІ

Желтоқсан оқиғасы жөнінде КГБ генералдарымен сөйлесу аса қиынға соқты. Кейде, тіпті, мүмкін болмады. Әрі ол генералдар сол бір сын сәтте – 1986 жылы Қазақ ССР КГБ-сының төрағасы лауазымында отырған Виктор Мирошник туралы да айтқысы келмейді.

Виктор Мирошник 1937 жылы 7 шілдеде дүниеге келді. СССР мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 1970 жылдан бастап қызмет етті. Қазақ ССР КГБ-сының төрағалығына дейін Мәскеуде СССР КГБ-сы инспекторлық басқармасының аға инспекторы болған еді.

Виктор Мирошник Қазақстаннан Мәскеуге 1990 жылдың сәуірінде қайта оралды. Бұл жолы СССР КГБ инспекторлық басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалды. Бұл қызметті ол 1990-1991 жылдары атқарды. СССР ыдырағаннан кейін Виктор Мирошник Ресей Қауіпсіздік министрлігі жедел қызмет штабының бастығы болды. 1994 жылы осы қызметтен отставкаға жіберілді.

Виктор Мирошниктің Қазақстан КГБ-сының төрағалығына тағайындалуы СССР КГБ-сының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірі Аркадий Яровойдың «Прощай, КГБ» деректі повесінде суреттеледі.

Аркадий Яровойдың айтуына қарағанда, Виктор Мирошник – жігерлі басшы, көпшіл адам. «Өзгелер секілді ол инспекторлықта, яғни генералдардың «ұстаханасында» полковник шенінде жұмыс істеп, генералдық шенм ен ірі лауазымды иеленер сәтін күтіп жүрді. Сол сәт ақыры жетті! Мирошникті СССР КГБ-сының басшылығы шақырып алды. Бірақ оған Қазақстан КГБ-сы төрағасының бірінші орынбасары лауазымы ұсынылатынын біліп отырғанбыз. Өйткені бұл қызметті атқарып жүрген генерал Перебойносов орталық аппарат қызметіне ауысып, орны бос тұрған еді», – деп жазады Аркадий Яровой.

Аркадий Яровойдың сөзіне қарағанда, Виктор Мирошникті әуелі осы лауазымға бекіткен. «Алайда, – дейді ол, – Қазақстанға аттанар алдында Мирошникті күтпеген жерден СССР КГБ басшылығы шақырып алды да, оны Қазақстанға КГБ төрағасының орынбасары емес, осы республика КГБ-сының төрағасы етіп қайта бекітіп жіберді».

Іс мұнымен де бітпеген. «Полковник Мирошник республика КГБ-сының төрағасы лауазымын иеленді. Ал бұл қызметте генерал-полковник шеніндегілер ғана отыратын, сондықтан оған бірден генерал-майор шенін берді. Республика КГБ-сы төрағасы өзінің қызмет мәртебесі бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі мен СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына автоматты түрде кандидат болып саналатын. Оның үстіне Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі Мирошник бірер күндерден кейін ашылатын КПСС съезіне делегат болып шыға келді», – деп жазады Аркадий Яровой.

Аркадий Яровойдың ойынша, Виктор Мирошниктің бұлайша тағайындалуы кездейсоқ емес. «Қазақстанға дәл осы Мирошник сияқты адам керек еді... Мұндай лауазымдарға мейлінше сенімді, тәжірибелі және чекистік ісіне берілген адамдарды жоғарыда отырған жолдастардың ұсынуымен ғана жіберетін, әрі олар өз ұсыныстары үшін жауап беретін», – деп суретейді Аркадий Яровой Виктор Мирошниктің жеке басының қасиеті жайлы.

Аркадий Яровой Қазақстандағы жағдайды да, яғни Виктор Мирошниктің аяқ астынан Қазақстан КГБ-сының төрағасы болып шыға келуін де шола кеткен. Ол КПСС ОК Саяси бюросында Дінмұхамед Қонаевты Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы қызметінен тайдырып, орнына «сырттан рулық, кландық байланыстары жоқ адам тағайындау» жөнінде шешім қабылдағанын айта келе, «осыған орай республика КГБ-сының төрағасы лауазымына Мәскеу өз адамын отырғызуды жөн көрген болар» деп ұйғарады Аркадий Яровой.

1986 жылы қаңтарда Қазақ ССР КГБ-сының төрағалығына Виктор
Бұрынғы КГБ (ҰҚК) қызметкері Темірболат Ахметов.
Мирошниктің тағайындалуы республика жоғары басшылығын ауыстыру үшін жасалған алғашқы қадам болғанын Қазақстан КГБ-сының, одан соңғы ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері, запастағы подполковник Темірболат Ахметов те қуаттайды.

– Кез-келген «варягтар» секілді Виктор Мирошник те бізді оқытып-үйретуге келді. «Қазақ ұлтшылдығы» деген желеу бойынша шабуылға дайындық жасалды. Бұл уақытта Шона Смаханұлы, Ақселеу Сейдімбектер қазақ мектептері, қазақ тілі жөнінде қоғамдық мәселе көтеріп жүрген еді. Олар бұл мәселені төтесінен қоюға кірісті... Сол кездің өзінде-ақ Мәскеу «қазақ ұлтшылдығына» назар аудара бастады. Бұл мәселе әрбір отырыс сайын сөз болды. Ал Камалиденовті кетіріп, орнына Мирошникті әкелгенде «ұлтшылдықты» жөргегінде тұншықтыруға кіріскені түсінікті болды, – дейді Темірболат Ахметов Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында.


МИРОШНИКТІҢ «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫМЕН» КҮРЕСІ

КГБ мен ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Темірболат Ахметов «Анатомия молчания» деп аталатын деректі повесінде Қазақстан КГБ-сының төрағасы Виктор Мирошниктің 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасы тұсындағы әрекетін сипаттайды.

«1986 жылы 18 желтоқсан күні кешке басқарма отырысы өтті. Бұл отырыс студенттер жазғы демалысқа кеткенге дейін күнбе-күн жалғасты. Оған Қазақ ССР КГБ-сының төрағасы Виктор Мирошник өткізетін кіші коллегия ықпал етті» деп жазады Темірболат Ахметов

Темірболат Ахметовтың сөзіне қарағанда, «осынау есте қалатын кеңесте» Қазақстан КГБ-сы Бесінші басқармасының бастығы, полковник Тоқтархан Нұрахметов «қазақ ұлтшылдарының әрекеттерін қатты айыптады».

«…Мәскеудегі жоғары лауазымды адамдар мен Мирошниктің тықпалауы бойынша Нұрахметовтің аузынан шыққан «қазақ ұлтшылдығы» деген анықтама қаралы оқиғаның екінші күні-ақ жария түрде айтылды» дейді Темірболат Ахметов.

Темірболат Ахметовтың сөзіне қарағанда, «19 желтоқсанда Мирошник «кейбір КГБ қызметкерлерінің өздері де болған оқиғаны дұрыс бағаламай отырғанын» коллегия мүшелеріне түнеріп отырып ескерткен. Дәстүрге айналған жиналыстың екінші не үшінші отырысында Нұрахметов сөйлеген. Ол: «Жаппай өрістеп келе жатқан ұлтшылдықты атап айтуға әлі күнге ұяламыз. Бүйте берсек, «қала шетіндегі ұлтшылдық», «ауылдағы ұлтшылдық», «КазГУградтағы ұлтшылдық»... деп сипай қамшылай беретін түріміз бар. Өзімізді өзіміз алдағанды қоятын кез келді. Әр нәрсені өз атымен атайық. Қазақтың буржуазиялық ұлтшылдығы бар екенін мойындайық» депті.

Азаттық радиосының тілшісі 9 қаңтарда ҰҚК-нің запастағы генералы Тоқтархан Нұрахметовке хабарласып, Темірболат Ахметовтің «Анатомия молчания» деген деректі повесінде айтылған республика КГБ-сы басшылығының «қазақ ұлтшылдығы» жөніндегі ұстанымын әрі қарай тарқатып айтып беруін сұрады. Алайда Тоқтархан Нұрахметов телефон арқылы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Темірболат Ахметовтің сөзіне қарағанда, Қазақстан КГБ-сының төрағасы Виктор Мирошниктің «қазақ ұлтшылдығын» толық жоюға бел шеше кіріскеніне қарамастан, КГБ-ның кей қызметкерлері онымен келісе қоймаған. Соның бірі – КГБ полковнигі Тұрсын Айжолов.

«1987 жылы 6 қаңтарда республика КГБ-сының қазақ ұлтшылдығына арналған кеңейтілген коллегиясы болды. Нұрахметов есеп берді. Өйткені ұлтаралық қатынастар, жаппай тәртіпсіздіктер мәселесі Бесінші басқарманың құзырына кіретін еді. Ол өз сөзінде оқиғаның басталуына Бесінші басқарма мен Комитеттің бұрынғы басшылықтары кінәлі екенін тағы да қайталап айтты. Нұрахметовтың ойынша, республикада ұлтшылдықтың өрістеуіне ықпал етіп отырған түрліше цифрлар келтірілді. Баяндамашы КазГУ-де жергілікті ұлттан шыққан студенттер 70 пайыз, оқытушылар 80 пайыз екенін, өзге оқу орындарындағы жағдай мұнан да нашар екенін айыптай отырып айтып шықты. Агентура мен сенімді адамдардың ұлты да мұқият сарапталынды», – деп жазады Темірболат Ахметов «Анатомия молчания» деген деректі повесінде.

Темірболат Ахметовтің сөзіне қарағанда, Нұрахметовтен кейін сөйлегендер де осы сарыннан ауытқымаған. «Тек КГБ-ның Алматы облыстық
ҰҚК генерал-майоры Тұрсын Айжолов. Алматы, 9 мамыр 2007 жыл.
басқармасы бастығының орынбасары, полковник Тұрсын Айжолов қана: «Біз тек қазақ ұлтшылдығына ғана крест жорығын жарияладық. Бірақ ұлыорыстық шовинизм фактілерінің де бар екені, көбіне солардың бірінші бастайтыны да белгілі ғой. Алайда, неге екенін қайдам, ол туралы ешкім ойға алғысы келмейді» деді».

Темірболат Ахметовтің айтуынша, Қазақстан КГБ-сының басшылығы бұл сөзінен кейін Тұрсын Айжоловты қызметінен ала қоймаған. Кейін ол тіпті генерал шеніне ие болған. Бірақ Қазақстанның батыс өңірінен келген басқа бір полковниктің жолы бола қоймаған тәрізді. «Атырауда ұлтшылдар жоқ» деген бұл полковникті дереу қызметінен алып тастады» дейді Т.Ахметов Азаттық радиосына.


МИРОШНИК ПЕН ҚОНАЕВ

Виктор Мирошниктің саяси портретіне келгенде Дінмұхамед Қонаевтың естелігін де қоса кеткен артық болмайды.

Кезінде Геннадий Колбин «Орталық Комитетке келгенімен, алаңға жиналғандар алдына шығып сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартты» деп Дінмұхамед Қонаевқа айып таққысы келгені мәлім. Алайда 1990 жылы «Бірлесу» («Единение») газетіне берген сұқбатында Дінмұхамед Қонаев болған жайды басқаша баяндайды:

«Орталық Комитеттің мәжіліс залында үш сағат күтіп отыруға тура келді. Алаңдағы жастар тағдыры Мәскеу мен Геннадий Васильевич Колбиннің кабинетінде шешіліп жатты... Арада үш сағаттан кейін маған Виктор Мирошник келіп, кете беруіме болатынын айтты. Түсіне алмай: «Сонымен мен сөз сөйлемейтін болдым ба?» деп қайта сұрадым. Осы үш сағат ішінде алаңға жиналған жастарға айтар сөзімді жұптап та қойған едім. Олардың әрбірінің жандарына жылы тиетін, бірақ қатаң да шешімді сөз айтпақ болдым. Олармен коммунист және ақсақал ретінде сөйлесейін дегенмін. Бірақ Виктор Михайлович мені өзі үйге жеткізіп салатынын, үйден шықпағаным дұрыс болатынын қайталап айтты. Келгеніме тағы да рахмет айтты. Толқып тұрғанымды байқап қалып, менің бұл іске қатысуымның қажеті жоқтығын қайталап түсіндірумен болды. Сөйтіп, мен шын мәнінде үйқамаққа алынған болып шықтым...»


МИРОШНИК КОЛБИНГЕ СІЛТЕЙДІ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы өте Қазақстан КГБ-сының қызметкерлері оқиғаға қатысқандар мен қатысуы мүмкін делінген күдіктілерді дереу жауапқа алды. Ал Мұхтар Шаханов басқарған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Комиссиясы құрылған соң республика КГБ-сы төрағасының өзі де жауап беруге мәжбүр болды.

Төменде комиссия мүшелері мен Қазақ ССР КГБ-сының бұрынғы төрағасы Виктор Мирошниктің арасындағы әңгіменің стенограммасынан үзінді берілді. Мұнда Мирошник комиссия сұрақтарына жауап береді. (Стенограмманың бұл үзіндісі «Огни Алатау» газетінің бұрынғы журналисі Юрий Шапоревтің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев (Сурет Д.А.Қонаев мұражайынан алынған).
Геннадий Колбиннің саяси бет-бейнесі туралы жазған очеркінен алынды. Очерк 1990 жылы жазылғанымен, 2005 жылы интернетте ғана жарық көрген).

(Виктор Мирошникпен әңгіме стенограммасы)

– «Антисоциалистік бағыттағы астыртын әрекет» деген нұсқа қалай пайда болды? Мұны ойлап тапқан кім? Бұл «астыртын әрекетті» ашуға кім бұйрық берді?

– Мен ешқашан, еш жерде (ресми қағаздарда да, сөйлеген сөздерімде де) «мемлекетке қарсы ұйым бар» деп айтқан емеспін. Әрі КГБ-да мұндай материалдар да жоқ. Кейбіреулер өздерінің саяси бәсекелестерін жолдан тайдыру үшін мұндай ұйым ұстағысы келді. Республика КГБ-сы мен орталықтан келген жолдастардың барлық іс-әрекеттері текетірес пен қантөгіске жол бермеуге бағытталды. Біз Сыпатаев пен Савицкийдің қаза болғанына әлі күнге дейін өкінеміз. Кім өлтірсе де... анаға баласын қайтарып бере алмайсың. Алға қойылған тағы бір міндет – «жиынды біреулер ұйымдастырды ма, әлде өздігінен пайда болды ма» дегенді анықтау еді. Өздігінен пайда болған жиынның да өз жетекшілері болады. Біз соларды анықтаумен шұғылдандық... Ұлтшыл ұйымдар бар деген күдік-күмәндер дәлелденбеді. 600-ден астам адамнан жауап алынды, бірақ олардың ешқайсысы да өздерін біреу әдейі итермелегенін немесе ұйымдастырғанын айтқан жоқ. Бұл жайт процессуалдық тұрғыдан да дәлелденді.

– Болған оқиғаға қазір қандай баға бересіз?

– Қазір қарағанда бұл оқиға басқаша көрінеді. Желтоқсан оқиғасына байланысты қабылданған жазалау шараларының керегі шамалы еді. Кей тұстарда бұл шаралар кешігіп қалды. Ал кей тұстарда ашық кетіп, оқиғаны шиеленістіріп жіберді. Бұл – сирек кездесетін оқиға. Қан төгілмегені және оқиғаның облыстарға тарамағаны – қабылданған шаралардың қажеттігін дәлелдеп берді. Ол кезде жариялылық туралы декларация, адамдардың оны іс жүзінде пайдалануға дайындығы мен оған жол бермейтін аппараттың ескіше ойлау жүйесі алғаш рет қақтығысты деуге болады. Бұл жерде қайта құру алғашқы емтиханнан өтті.

– Жиынға қарсы билік неге күш амалдарын қолданды, басқаша саяси жолдарды неге іздестірмеді?

– Ол кезде Мәскеуден Соломенцев ұшып келді де, Мирошхиннен «Қайтеміз, жаңа пленум шақыруға бұйрық бересіз бе?» деп сұрады. Бюро мүшелері иықтарын қиқаңдатты да қойды, үндемеді...

– Комиссияның қолында жиынды күшпен басу, осы мақсатта елдің өзге өңірлерінен Алматыға ішкі әскердің арнаулы бөлімдерін жеткізу жөнінде шешімді СССР Ішкі істер министрі Власовтың КПСС ОК Саяси бюросымен келісімімен қабылдағаны туралы мағлұмат бар. Елдің жоғары саяси басшылығының мұндай шешім қабылдауы үшін өте салмақты ұсыныс болуы керек. Мұндай ұсынысты кім беруі мүмкін?

– Сіздер Колбин жолдас Грузия Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып тұрған кезде мұндай қақтығыспен кездескенін, Абхазиядағы егесті бастан өткергенін ұмыта бересіздер. Менің ойымша, бұл тұста оның сол тәжірибесінің пайдасы тиген сияқты. Өйткені ол ешкімнің де кеңесіне мұқтаж болған жоқ. (Виктор Мирошникпен әңгіме стенограммасының соңы)

Виктор Мирошниктің жоғарыда келтірілген соңғы жауабына орай «Шаханов комиссиясының» мүшесі Нинель Фокина мен Юрий Шапоревтің сұқбатында (1990 жылы 4 қазанда «Огни Алатау» газетінде жарияланған) мынадай мәлімет бар екенін де айта кетуді дұрыс көрдік: «Алаңға шекара училищесінің шағын сапер күрегімен қаруланған 600 адамнан тұратын жеке құрам келді. Шекарашы-курсанттарды алаңға әкелуге Қазақ ССР КГБ-сының төрағасы В.М. Мирошниктің өтініші бойынша СССР КГБ-сының төрағасы В.М. Чебриков бұйрық берді».


МИРОШНИК ҚАНДАЙ АДАМ?

Азаттық радиосы «Қазақстан КГБ-сының төрағасы лауазымында отырған кездегі Виктор Мирошниктің жеке тұлғасына сипаттап беріңіз» деп, «Шаханов комиссиясының» кейбір мүшелері мен КГБ-ҰҚК-нің бірнеше генералдарына өтініш айтты.

Алматы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина «Шаханов комиссиясын» «Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төралқасы құрғанын және комиссияның барлық материалдары Жоғарғы Кеңестің архивіне тапсырылғанын» айтты.

– Комиссияның атқарған жұмыстары туралы есеп «Казахстанская правда» газетінде жарияланды... Жарияланған құжаттардан басқа құжаттардың мазмұнын айтуға болмайтыны туралы комиссия мүшелеріне ескертілді, – деді Нинель Фокина.

Ақын Мұхтар Шаханов Азаттық радиосының тілшісімен қаңтардың 8-і әңгімелескенде Желтоқсан оқиғасы кезінде арнаулы қызметтің мейлінше
Мұхтар Шаханов, ақын, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
қатыгездік көрсеткенін, оған арнаулы қызмет жетекшілерін кінәлі деп санайтынын жеткізді.

– Қолға түскендерді қаладан 30-40 шақырым жерге апарып тастады. Қыздарды зорлап, жігіттерді естерінен танғанша аяусыз ұрып-соқты. «Кейін бала көтере алмасын» деп, қыздарды қарға отырғызып, тұрғызбай қойды, – дейді Мұхтар Шаханов. – Ал Виктор Мирошникпен кезінде көп әңгімелестім, өте айлакер адам еді.

Аты-жөнін айтпауды өтінген КГБ-ҰҚК генералдарының бірі Виктор Мирошниктің жақсы жағы туралы айта қоярлық ештеңе жоқтығын, ал жаман жағын айтқысы келмейтінін (анығы, әзірше айтпайтынын) жеткізді.

Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тұңғыш төрағасы Болат Баекенов 8 қаңтар күні хабарласқан Азаттық радиосының тілшісіне «мұндай күрделі мәселе бойынша» телефон арқылы пікір білдірмейтінін айтты.

Есесіне Темірболат Ахметов Виктор Мирошникке (оның алдындағы төраға Зақаш Камалиденов пен одан кейінгі мұрагері Николай Вдовинмен салыстыра отырып) сипаттама беруге келісті.

Темірболат Ахметовтың пікірінше, Зақаш Камалиденов Виктор Мирошниктен әлдеқайда жоғары тұр. Камалиденов – өте шыншыл адам, сезімтал жетекші. Ал Николай Вдовин моральдық бет-бейнесі мен шыншылдығы жөнінен Виктор Мирошниковке де жете алмайды.

Темірболат Ахметовтің сөзіне қарағанда, Қазақстаннан Мәскеуге қайтқан Мирошник кейін Алматыға инспекция құрамында келгенде болып-толған байбатша секілді маңғазданып жүрген көрінеді.


ҚАЗАҚСТАНДА МИРОШНИК ЖОҚ БОЛСА ДА, АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ӘДІС-ТӘСІЛІ – БҰРЫНҒЫДАЙ

Жазалау машинасының құрбандарының туған-туыстары КГБ-ның әдіс-тәсілдерін айтқанда әлі күнге жандары түршігеді. КГБ абақтысында құпия жағдайда көз жұмған Қазақстанның Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған інісі Талғат Рысқұлбеков Қайраттың өлі денесін алып кетпек болған ата-анасына КГБ-ның рұқсат бермегенін 8 қаңтар күнгі
Талғат Рысқұлбеков, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің інісі. Алматы, 2 қараша 2010 жыл.
сұқбатында Азаттық радиосына айтып берді.

– Ата-анама Қайраттың қайтыс болғанын хабарлап, оның сүйегін алып кетуге болатыны жөнінде түрмеден жеделхат келді. КГБ қызметкерлері ел ішінде толқу туғызбас үшін онда бармауды талап етіп, жібермей қойды. Содан соң совхоз директоры, парторг пен жұмысшылар комитетінің төрағасы жиналып, КГБ директорының көзінше ата-анама «Қайғырып отырмыз, бірақ бара алмаймыз» деген жеделхат жазғызды. Жеделхатты поштаға парторг алып кетті. Әскерден келгенімде оны парторгтың өзі мойындап, менің алдымда арылды, – дейді Талғат Рысқұлбеков.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты КГБ қызметкерлері тарапынан тікелей қысымға ұшырағандардың бірі – Тоқтар Рахметова. Тоқтар – 1986 жылы желтоқсанда қуғын-сүргінге ұшырап, Колымаға айдалған, кейін ақталып, 2003 жылы қайтыс болған Әркен Уақтың жұбайы. 1986 жылы күйеуімен қатар Тоқтар Ахметованың да үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ оның СССР КГБ-сының төрағасы Виктор Чебриковке шағымдануына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

– Мойнымда әлі күнге дейін қылмыстық іс ілініп тұр. Оны тек тоқтатып қойды, біржола жапқан жоқ. Бірақ ештеңеден қорықпаймын. Ол кезде шынында да қорқынышты еді. Маған КГБ қызметкерлерді қарадан-қарап қоқан-лоққы көрсететін, – дейді Тоқтар Рахметова Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде.

Тоқтар Рахметова «арнайы қызметтің әдіс-тәсілдері әлі де өзгермегеніне кем дегенде екі рет көз жеткіздім» дейді.

– 2005 жылы қазан айында Халық Қаһарманы Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова екеуміз президенттікке кандидатты (оппозициядан
Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова (сол жақта) және қазақ диссиденті Әркен Уақтың зайыбы. Тоқтар Рахметова. Алматы, 10 қазан 2005 жыл.
шыққан) қолдауға арналған жиналыстан шығып, гүл алып, тротуармен үйге қайтып бара жатқан едік.

Соңымызда да гүл ұстаған жастар келе жатты. Олар Желтоқсан құрбандарына арналған мемориалдық тақтаға гүл қоймақшы болды. Алайда жүз қадам аттатпай-ақ, қарсы беттегі автобустан полицейлер жүгіріп шығып, бізді тарпа бас салды да, әй-шайға қаратпастан автобусқа салып алып, Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне апарды. Сол жерде Желтоқсан оқиғасының қуғын-сүргіні көз алдыма келді, – дейді Тоқтар Рахметова.

Оның сөзіне қарағанда, ішкі істер бөлімінде қолға түскендердің барлығынан жауап алуға кіріскен. Сонымен қатар оны тінтпек болған. Осы кезде қуғын-сүргінге ұшыраған диссиденттің жесірі өзінің талай сыннан өткенін көрсетіпті.

– Полицейге «ешбір хаттамаға қол қоймаймын, телефон шалып, қай жерге шақырсаңдар сол жерге дәл уақытында барамын» дедім. Мені жеке кабинетке кіргізіп алып, әлдебір әйел тінтпек болғанда тінтуге рұқсат етілген санкцияны көрсетуін сұрадым. Санкция жоқ болып шықты. Дереу шу шығарып едім, әлгі әйел «сізге сот тек айыппұл ғана белгілейді» деп, мені тыныштандырмақ болды, – дейді Тоқтар Рахметова.

Ол бұл сөзден кейін одан ары ашуланғанын айтады.

– «Азғантай зейнетақымнан ешқандай да айыппұл төлемеймін. Оданша қылмыстық іс қозғасын» дедім. Полиция істі ақыры сотқа дейін жеткізді. Рас, маған да, Алтынай Асановаға да айыппұл белгілеген жоқ. «Жол жағасындағы көгалды таптағанымыз үшін» ескерту берді. Мен оған «Бейнежазбаны түгел қарап шықсаңыз, біздің тек тротуармен ғана жүргенімізді көресіз» дедім. Судья төмен қарады да, ескерту қағазына қол қойып берді, – дейді Тоқтар Рахметова.

«1986 жылдың желтоқсанының өзінде қылмыстық істі сотқа жеткізбеп еді, мыналар тәуелсіз Қазақстанда тұрып ұялмастан қылмыстық іс қозғап, оны сотқа тапсырды» деп ашуланады Тоқтар Рахметова.

«2007 жылы Шаңырақ оқиғасына байланысты өткен сот процесінде 1986 жылдың желтоқсаны тағы бір рет есіме түсті» дейді Тоқтар Рахметова.

– Арон Атабек пен Шаңырақты қорғаушыларға байланысты жүрген әрбір сот отырысына қалмай қатысып отырдым. Сондай бір отырыста фотоальбом ұстаған, азаматтық киімдегі бір адам отырғандардан «осы фотосуреттердің ішінен сотталушыларды танитындар бар ма?» деп сұрады. Сонда бір әйел олардың бірін «үстіндегі мәйкесінен таныдым» деп шықты, – дейді Тоқтар Рахметова. – 1986 жылы да әлдебір әйел сот отырысында көп фотоның ішінен «Қайрат Рысқұлбековты үстіндегі күртесінен таныдым» деп белсенген еді.

– Оны ату жазасына кесті ғой. Кейін әлгі күртенің басқа күрте екені белгілі болды. Қысқасы, әлгі жерде айқай-шу шығардым да, Қайрат Рысқұлбековтің үстінен өткен сот процесін айтып бердім. Судья сасқалақтап қалды, кейін ол фотоальбомды еске де алмады, – дейді Тоқтар Рахметова.

Тоқтар Рахметованың ойынша, Қазақстан арнайы қызметтерінің әдіс-тәсілдері Қазақ ССР КГБ-сының төрағасы Виктор Мирошник болып тұрған кезде қандай болса – әлі күнге дейін сондай.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG