Accessibility links

Саясаткерлер жаңа парламенттің ескісінен айырмашылығы болмайтынын айтады


Парламент мәжілісінің депутаттары жиналыста отыр. Астана, 9 қараша 2011 жыл.
Парламент мәжілісінің депутаттары жиналыста отыр. Астана, 9 қараша 2011 жыл.

«Жаңадан сайланатын мәжіліс құрамы қандай болуы мүмкін?» деген сауалға келгенде билікшіл саясаткерлердің де, оппозициялық саясаткерлердің де ойлары алғаш рет үндес шықты.

Президент Назарбаев Қазақстан парламентінің мәжілісін таратып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде елде мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Азаттық тілшісі «Ендігі сайланатын жаңа парламенттің құрамында қандай партиялар болуы мүмкін?» деген сауалды ең әуелі бұдан бұрынғы парламенттің депутаты, 2007 жылы маусымда мәжілістің тарауын «сұраған» Нұрбах Рүстемовке қойды. Бірақ біздің сұрақтарымызға жауап бермейтіндігін бірден ескерткен бұрынғы депутат жаңа мәжіліс құрамына байланысты ойын ғана айтты.

– Жаңа заңға сәйкес, кемінде екі партия болады. Бірі – «Нұр Отан», ендігісі – «Ақ жол» шығар деп ойлаймын, – деп қысқа қайырды Нұрбах Рүстемов.

ДАҒДАРЫС ПЕН ПАРЛАМЕНТ

Оппозиция белсендісі Айнұр Құрмановтың сөзінше, мәжілісті таратуға шақырған 53 депутаттың басты уәжі – «әлемде болуы мүмкін экономикалық дағдарыс» – ақылға қонымсыз себеп.

– Парламенттің дағдарысқа еш қатысы жоқ. Дағдарыс өз бетінше, ал парламент өз бетінше, – дейді Құрманов.

Оның ойынша, «жаңа парламент мәжілісінің таратылған мәжілістен өзгешелігі болмайды».

– Әрине, кейбір фамилиялар өзгереді. Бірақ саяси құрамда олар
Оппозиция белсендісі Айнұр Құрманов. Алматы, 19 мамыр 2011 жыл.
Оппозиция белсендісі Айнұр Құрманов. Алматы, 19 мамыр 2011 жыл.
«нұротандықтар» болады. Мүмкін, арасында «ақжолдықтар» да кездесер. Кей болжамдарға қарағанда, «Ақ жолға» шашамен 20 пайыз берілуі мүмкін, – дейді Айнұр Құрманов.

Ол «екі емес, үш партия болуы да мүмкін» деп болжайды.

- Егер тағы бір партия қосқылары келсе, үшінші үміткер «Әділет» немесе «Руханият» болуы мүмкін, - деген болжам айтады Айнұр Құрманов.

«АСЛАН МУСИНГЕ АДАЛДЫҚ»

Құрманов жаңадан сайланатын парламент мәжілісі де «бұған дейінгідей, яғни Назарбаевқа адал адамдардан» құралатынын айтады.

– Кей пікірлерге қарағанда, мәжілістің тарауы – президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиннің ісі. Кезектен тыс сайлау арқылы жаңа парламент беделінен айырылған түрлі топтар мен рулық қауым өкілдерінен «тазартылады». Меніңше, онда депутаттар тек Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана емес, Аслан Мусинге де адал болуы тиіс, – дейді Айнұр Құрманов.

Алайда «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин бұл пікірмен келісейді:

– Меніңше, бұл туралы айтуға әлі ерте, себебі Мусин Назарбаевтың
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл.
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл.
көзқарасын қолдайды. Сондықтан оларды бөліп-жаруға болмайды,

Ол жаңа парламенттің құрамында «Нұр Отан» мен «Ақ жолдан» өзге партиялар болуы екіталай дейді.

– Басқаларының саяси, қаржылық және ұйымдастыру ресурстары жетпейді. Сондықтан парламент екі партиядан құралады. Ал жекелеген тұлғаларды мен атай алмаймын. Дегенмен, парламентке мемлекетшіл және биліктің ұстанымын қолдайтындар келетіні сөзсіз, – дейді журналист Бигелді Ғабдуллин.

«СЦЕНАРИЙДІҢ ҚАЙТАЛАНУЫ»

«Қазақстандағы парламентаризмнің даму қоры» қоғамдық ұйымының президенті Зәуреш Батталова «Қазақстанда демократиялық ашық сайлау болған емес, болмайда да» деген пікір айтып отыр.

– Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі мен парламентті таратудың өзі бұл сөзіме дәлел бола алады. Билік өз оппоненттерімен ашық бәсекеге түсуге дайын емес, – дейді ол.

Зәуреш Батталованың пікірінше, «бүгінгі күнге ұқсас сценарий бұрын да болған».

– Бұған ұқсас сценарий 1999 жылғы мәжіліс сайлауында да болған. Мен құрамында 5 саяси партия («Отан», Аграрлық партия, Азаматтық партия, «Ауыл» және Коммунистік партиялар) өкілдері бар парламентте жұмыс
«Қазақстандағы парламентаризмнің даму қоры» қоғамдық ұйымының президенті Зәуреш Батталова. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
«Қазақстандағы парламентаризмнің даму қоры» қоғамдық ұйымының президенті Зәуреш Батталова. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
істедім. Біз сол кезде партия мінберінен де ақпарат құралдарынан да парламенттегі фракцияға ие негізгі партиялар «Отан» партиясының еншілес кәсіпорны екендігін алға тартып, парламенттің іс жүзінде көппартиялы емес екенін айтқан едік. Біздің бұл айтқандарымыз 2004 жылы дәлелденді. Осы жылы парламент құрамындағы үш партия («Отан», Азаматтық партия, Аграрлық партия) және жаңадан құрылған «Асар» партиялары бірігіп, «Нұр Отан» партиясын құрған. Мен дәл осы сценарийді бүгін де көріп отырмын, – деді Батталова.

Ол жаңа парламент «көп дегенде екі партиядан тұрады» деген пікірді жақтайды.

– Максимум екі партиялық болады. Бүгінгі билік партия тұрмақ өзіне шынайы қарсылас болатын партияның бірде-бір өкілі депутат ретінде отырғанын да көтере алмайды. Сондықтан жаңа парламенттің құрамында билік партиясы және биліктің айтқанымен жүретін партия немесе балама бар екенін көрсету мақсатында биліктің өзі құрған партия отыруы мүмкін, – дейді Зәуреш Батталова.

«ШЫНАЙЫ ІС ТЫНДЫРЫП ЖАТҚАН – «НҰР ОТАН»

Бүгін тарап жатқан мәжілістің депутаты Владимир Нехорошев «Қазақстанда өкінішке қарай «Нұр Отаннан» өзге партиялар тек сайлау кезінде ғана жұмыс істейді» дей келе, елде «шынайы іс тындырып жатқан – «Нұр Отан» екендігін айтты. Оның айтуынша, «президент басқаратын партия парламентте міндетті түрде болады».

– Ал екінші орынға ие болуы мүмкін деп «Ақ жол» партиясын айта аламын. Оның мүмкіндігі мол. Олар қазір аймақтарда жақсы жұмыс істеп жатыр. Одан кейін Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы да өзін жақсы қырынан байқатып жүр. Енді олар сынап-мінемей, нақты істерін көрсетсе, мемлекет басшысы мен «Нұр Отан» партиясының қызметін мойындап, «барлығын өзара бөліп алайық» дегенен өзге ұсыныстар айтса, біздің дана халық өзі-ақ сайлайды, – дейді экс-депутат.

«ОПТИМИЗМГЕ НЕГІЗ ЖОҚ»

Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов парламенттің көппартиялы болғанын қалағанымен, «оған мүмкіндік жоқ» дейді.

– Сайлаудан өтудегі 7 пайыздық тосқауыл алынған жоқ, сайлауалды
Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.
Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.
науқанындағы саяси партияларды оқшаулау да заңмен реттелген жоқ. Мұның барлығы екі партиялық парламентке ұласады. Біз үшін одан да көп болғаны жақсы еді. Дегенмен қазіргі жағдайға қарап отырып, оптимизмге ешқандай негіз жоқ екендігін түсінесің, – дейді Қасымов.

Ал Қазақстан коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев жаңа мәжілісте өзінің партиясы болатынына сенеді. Бірақ жаңа парламентте «негізінен билікті жақтаушылар болады» дейді ол:

– Билік парламентке тағы да тілалғыш, жуас, өздеріне кедергі келтірмейтін адамдарды кіргізуге тырысады. Өмірді, мемлекетті басқарудың буржуазиялық стилін өзгертуге тырысатын бірнеше ғана адам болуы мүмкін. Бірақ ондай адамдар аз болғандықтан «барлық пікірлер ескеріліп жатыр» деп айтуға мәжбүр болады.

Владислав Косарев «билік партиясы парламентке «Ақ жолды» кіргізеді, одан кейін «Азат» ЖСДП мен біздің де мүмкіндігіміз бар» дейді.
XS
SM
MD
LG