Accessibility links

Азған полковниктің ақыры һәм 51 пайыз дауыс жинаған Назарбай би туралы


Көтерілісшілердің қолына түскен Муаммар Каддафидің қаза болар алдындағы қалта телефонына түсірілген соңғы суреті. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.
Көтерілісшілердің қолына түскен Муаммар Каддафидің қаза болар алдындағы қалта телефонына түсірілген соңғы суреті. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайыншы.


І. МУАММАР КАДДАФИ

2011 жылы 20 қазан күні Муаммар Каддафи өлді.

1940 жылы Сирт қаласының маңында көшпелі каддафа тайпасының шаңырағында дүниеге келген Муаммар 16 жасынан-ақ отаршылдарға қарсы қозғалысқа қатысты; 21 жасында жасырын ұйым құрып, монархияны құлатуды мақсат етті; ақыры 1969 жылы 1 қыркүйекте төңкеріс жасап, ел патшасы І Идристі тақтан тайдырып, билікті қолына алды.

1969 жылы 16 қазанда жұрт алдына шыққан Каддафи өз саясатының бес қағидасын жариялады: 1) шетелдік базаларды Ливия жерінен түгелдей шығару, 2) бейтарап болу, 3) ұлттық бірлік, 4) араб бірлігі, 5) саяси партияларға тыйым.

Серіктерінің айтуынша, «мәдениетті, бекзат мінезді, нұрлы ақылды, арманшыл» революционер Каддафи ақырында «ұлттың әкесі» атанып, өз халқынан алыстап, байлығы артып, көп диктатордың біріне айналды.

1970-90 жылдары қарапайым халыққа көп жақсылық жасаған, тіпті мұнайдан түскен табысты тең бөліп, бензинді тегін таратқан, тұщы су мәселесін шешкен Каддафи 2000 жылдан бастап халқын ұмытып кетті дейді сарапшылар.

Өзі де офицер болған, таққа армияның арқасында келген Муаммар мемлекетті басқару жүйесін біртіндеп өзгертіп, ақыры билікті жеке меншігіне өткізіп алды. Халықтың қолдауына ие болып, монархияны құлатып, өз дарынымен президент болған Каддафи өмірінің соңына таман ұлдарын мұрагері ретінде жариялап, 42 жыл бұрын өзі тақтан қуған І Идрис патша болды да шықты.

Өмірден «диктатор» деген атпен кеткен Каддафидің әу баста демократияны армандағаны ертегі сияқты естіледі.

P.S. Демократия демекші, осы аптада «Егемен Қазақстан» газетінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сұқбатын оқыдым. Президенттің айтуынша, демократияның әр елге тән стандарттары болады екен, бір елдің демократиясы басқа елге залалды екен.

– Біз еліміз демократиялық қоғам құру жолында дейміз. Ал олар болса біздің демократияның еуропалық стандарттарына тез түсуімізді қалайды. Мұның біздің қоғамға қандай залалы боларында олардың шаруасы жоқ, – депті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Олардың» кім екені сұқбатта ашып айтылмаған.

– Маған да батыстың жолына түсіңіз, осыдан артық жол жоқ дегендер аз болмады. Түспедің деп сынады. Олардың ақылымен жүрсек, онда өз дәстүр, өз тамырымыздан айырылып, ел ішінде дау-дамай көбейер еді. Нешеме түрлі-түсті революциялардың ішінде жүрген халықтың өмірі мүшкіл болар еді. Оның бәрін көріп отырған жоқпыз ба? – деп сұрайды Қазақстан президенті.

Революционер Каддафидің 42 жыл билік құрғаны 4 жыл ғана президент болатын біреулерге ұза-а-ақ болып көрінетін шығар, бірақ 21 жыл ел басқарған кейбіреулер үшін – жер ортасы ғана ғой, тәйірі...

ІІ. «СОПЫЛАР СОТЫ»

Осы аптада Алматыда 1 жыл 2 ай бұрын қозғалған «сопылар ісі» бойынша бір топ адамға қатысты сот үкімі шықты. «Сопылық ағымның жетекшісі» Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев – 12 жылға, Ербол Исабеков - 9 жылға, Ербол Рахымбаев – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнур Куникин – 5 жылға, ал Әлия Әшірқұлова – шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айрылды.

Айтпақшы, 6 жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың екі баласы бар
6 жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың ері Қайрат Сатынқанов нәрестесін ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
6 жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың ері Қайрат Сатынқанов нәрестесін ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
екен: біреуі – екі жастағы, екіншісі – төрт айлық сәби.

Исматулла Әбдіғаппар мен Саят Ыбыраев «қылмыстық ұйым құрды» деп айыпталған болатын. Бұл 9 адамға «экстремизм», «маскүнемдік пен нашақорлықты адамдардың денсаулығына зиян тигізе отырып емдеу», «адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру», т.б. қылмыстар бойынша айып тағылған.

Адвокаттардың дерегінше, Исматулла Әбдіғаппар - 12 бап, Саят Ыбыраев - 6 бап бойынша айыпталған. Сот «екі азаматтың да мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жазаларын қатаң режимдегі түрмеде өтесін» деп шешті.

P.S. Түрме демекші, жаңағы «Егемен Қазақстандағы» сұқбаттан бұған дейін өзім білмеген (білмегенім үшін қатты ұялдым!) бірнеше дерек тауып, қуанып қалдым. Соның бірі – Қазақстан президентінің әкесінің «үш жүз арестантқа бригадир болғаны».

– Сол жерде (Үшқоңырда - ред.) жұрт әлі күнге «Арестанттар жолы» дейтін жол бар. Тауға шығатын айналма жол. Айтқандай, ол «арестанттардың» (қазақтар оны рыстандар салған жол дейді) кім екенін білесің бе? Әуре болмай-ақ қой. Ешуақытта ойлап таба алмайсың. Үшқоңырдағы жолды салғандар бай-кулактар мен… жер аударылған молдалар екен!.. Олардың арасында Бұқарада медресе бітіргендер де бар көрінеді. Сонда әкем үш жүз арестантқа бригадир болыпты, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев журналист Сауытбек Абдрахмановқа берген сұқбат кітабында.

Ескерте кетейін, президент Назарбаев бұл деректі әкесінің еңбекқорлығына дәлел ретінде айтып отыр.

«Сопылар ісі» бойынша сотталған азаматтардың қай жерде жол салатынын «бригадирлері» біледі.

ІІІ. НАЗАРБАЕВ ПЕН НАЗАРБАЙ БИ

Енді ең соңғы жаңалық: Саяси зерттеулер институты Қазақстанның 16 қаласында жүргізген зерттеуге сенсек, Қазақстан халқының үштен бірі басқа елге көшіп кеткісі келеді екен (немесе үштен екісі басқа елге кеткісі келмейді екен).

«Қазақстаннан көшіп кетсем деп ойлаған кезіңіз болды?» ма деген сауалға сұралған адамдардың 71,5 пайызы – «жоқ» деп, ал 28,5 пайызы – «иә» деп жауап беріпті.

Елден кеткісі келетіндердің 44,3 пайызы – Ресейге (олардың 69,5 пайызы орыс, 10,2 пайызы қазақ), 11,5 пайызы – Батыс Еуропаға (олардың 18,9 пайызы қазақ, 6,7 пайызы орыс), 9 пайызы АҚШ-қа (олардың 20,5 пайызы қазақ, 3,4 пайызы орыс) көшсем дейді.

Қазақстаннан кеткісі келген азаматтар мұның басты себептері ретінде материалдық-экономикалық ақуалды, кәсіби өсу мен жұмыстың болашағы жоғын, мемлекеттің тіл саясатын айтыпты. Шетелге көшкісі келетін азаматтың ұлты – орыс немесе қазақ, жасы – 30-49 шамасында, кәсібі – қызмет көрсету, сауда, шағын және орта бизнес саласы, мекені – Солтүстік немесе Батыс Қазақстан.

Мен бұл азаматтардың елден неге кеткісі келгендерін бәрібір түсіне
"Нұр Отан" партиясының мүшелері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап жатыр. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.
"Нұр Отан" партиясының мүшелері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап жатыр. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.
алмадым. Әлде осыдан жарты жыл бұрын, сәуірдің 3-індегі президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа 95,55 пайыз дауыс жинап берген 8 миллион 850 мың 958 адамның арасында бұлар жоқ па екен?

P.S. Сайлау демекші, жаңағы «Егемен Қазақстандағы» сұқбаттан өзіме бұған дейін беймәлім тағы бір дерек таптым. Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың атасы Назарбайдың би болғаны.

Обалы не керек, журналист бір сауалында – «Үлкен атаңыз Назарбай би де ақындықтан құралақан болмаған сияқты» деп, екінші сұрағында – «Сіз атаңыз туралы «Назарбай қолында мөрі бар адам болған екен…» деп қана айтумен шектелген едіңіз. Кейін қарасақ, ол кісі ауыл-аймақты басқарған, көп жыл би болған адам екен» деп, тағы бір жерде – «Назарбай бидің өзі өскен өлкеде белгілі бір із қалдырған тұлға екендігі сіздің кішілікпен айтқан әңгімеңізден-ақ аңғарылып тұр» деп, Назарбай биді немересінің есіне салуға тырысып-ақ баққан екен.

Тіпті Тортай Сәдуақасовтың «Назарбай би және туған өлке тарихы» деген кітабынан дерек келтіріп, «Ертеректе Шамалған өңірінде жасаған өзі бай, өзі болыс Алпысбай атты төреге сол елдегі Назар (бай) деген бидің жиында отырып, бір жағы сынап, бір жағы базына қылып айтқан тілек-батасын» да беріпті:

«Ел арасын егер қып,
Ер ісінен жазар ма?
Болыс болсаң бүтін бол,
Елдің құты әзалда.
Тепсінетін жөнің жоқ
Мәжілістесің Назарға».

Ескерте кетейін, Назар (бай) деп жазған – біз емес, «Егемен Қазақстан». «Назар» мен «бай» бұрын бір адамның есімі болып, кейін екіге айырылған ба, әлде болашақта араларын ашып тұрған жақшадан құтыла ма – оны кітап авторы Тортай Сәдуақасовтан сұраңыздар.

– Назарбай атамыз би сайлауына үш рет түскен көрінеді. Ана жылы маған Джонатан Айткен келген. Мына отырған сен сияқты оған да әбден әңгіме айтқанмын. Сол кісі архив құжаттарынан Назарбайдың ауқатты әрі елге сыйлы адам болғанын, 1900 жылы жергілікті төбебилікке сайланғанын анықтапты. Ол деректер бұрын да келтірілген еді. Жабық дауыс беру кезінде 58 рубасының 30-ы Назарбайды қолдап шыққанын жазған, – дейді Қазақстан президенті.

Ал мен өз көзіме өзім сенбедім! 58-дің 30-ы деген – 51,72 пайыз ғана ғой!

95,55 пайыз дауыс жинаған немересі атасы үшін (немесе атасынан!) ұялмай ма екен?
XS
SM
MD
LG