Accessibility links

Блэрді жалдау, КНБ-ны алдау һәм қол сүюді ақтау


Тони Блэр Ұлыбританияның премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Тони Блэр Ұлыбританияның премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. КАДДАФИ МАРҚҰМНЫҢ КЕҢЕСШІСІ НЕМЕСЕ ӘДІЛДІК

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 23-і күні Ұлыбританияның экс-премьер-министрі, одан да маңыздысы өзінің экономикалық реформалар бойынша кеңесшісі Тони Блэрді қабылдады.

«Кездесу барысында Қазақстан экономикасын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын әзірлеу мәселесі, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі кең көлемді мәселелер, атап айтқанда Еуропалық Одақ пен Таяу Шығыстағы жағдайлар талқыланды» деп жазады
akorda.kz сайты.

Блэр мырзаның экономиканы қаншалықты мықты меңгергені бұрыннан мәлім. Өйткені Ұлыбританияны еуропалық өлшеммен алғанда өте ұзақ (1997-2006) басқарған премьердің қызметтен кетуіне осы елдің экономикалық даму тұрақсыздығы себеп болған.

Ал Қазақстан президентінің жаңа кеңесшісінің Таяу Шығыстағы жағдайларды жақсы білетініне ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ оны Таяу Шығыс халқы түсінбейді ғой. Түсінсе, Палестина басшысы Махмуд Аббастың сенімді өкілі Мохаммед Штайех Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бойынша төрттікті басқарған Тони Блэрдің төрағалық қызметін қайта қарауға шақырар ма еді? «Біз оның жұмысына «пайдасынан зияны көп болды» деген баға береміз. Ол Израиль жағына қарай бұра тартты және өзіне деген сенімді жоғалтты. Біз төрт тарап бұл адамның осы міндетке тағайындалуын қайта қарайды деген үміттеміз» дер ме еді?

Кеңесші Блэрге өз отандастары да разы емес. «Дипломатиялық міндетінен гөрі өзінің іскерлік мүддесін алға қояды» деп айыптайды оны. JP Morgan инвестициялық банкінде кеңесші болғаны үшін жылына 2 миллион фунт стерлинг алған, оған қоса Tony Blair Associates деген мекеменің атқарушы директоры болған біздің Блэрдің ондай арам ойы болғанына мен сенбеймін. «Ол адал болмаса да, әділ делдал кісімсіп монтанысып жүреді» деген сөзді парламентарий-лейборист Пол Флинн іші күйген соң айтқан шығар.

Сондықтан сіздерге де айтарым – Тониге тіл тигізбеңіздер. Әне, ол Ирактағы соғысқа наразы шерушілер Джордж Буштың, Тони Блэрдің, Гордон Браунның қанға боялған маскаларын киіп шықты. Лондон, 24 қараша 2009 жыл.

Ирактағы соғысқа наразы шерушілер Джордж Буштың, Тони Блэрдің, Гордон Браунның қанға боялған маскаларын киіп шықты. Лондон, 24 қараша 2009 жыл.

кеңесші болған Муаммар Каддафи тақтан өлмей айрылмады ғой. Ал Блэрдің ақылын естуге татымаған Али Абдалла Салех (Йемен президенті) билікті өз еркімен өткізіп беруге келісті Назарбаев пен Блэр кездескен күні.

Каддафи мен Салехті айтып, сіздерді қорқытқалы отырған жоқпын. Ливия мен Йемендегі жағдайдың да Қазақстанға еш қатысы жоқ.

«Түсінікті, бостандық деген дұрыс, керек, біз оны ұмытпаймыз. Бірақ әңгіме әділдік жайлы – яғни аса бай мен қатты кедейдің айырмашылығы артып барады. Дағдарыс мұны одан әрі ұлғайтты. Еуропа елдері Солтүстік Африка мемлекеттеріндегі дағдарыстан кейінгі өмір сүру деңгейі нашарлауы осындай әрекеттерге қозғаушы күш болды. Сондықтан мен әлеуметтік әділдік мәселесін, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мәселесін, экономиканы осы бағытқа бұру жайын дәл қазір ең басты деп білемін» (Н.Ә.Назарбаевтың «Интерфакс» агенттігіне берген сұқбатынан).

P.S. Назарбаев пен Блэр кездескен күні тағы бір оқиға болды. Куала-Лумпурдағы әскери қылмыстар жөніндегі трибунал АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буш пен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрді «Ирактағы соғыс кезінде қылмыс жасаған» деп тапты. Трибуналдың жеті мүшесі айыптыларды бір ауыздан кінәлі деп танып, олардың Иракқа соғыс ашқанын заңсыз және бүкіл әлемге қауіп төндірген әрекет деп бағалады.

Ал сіздер қорықпаңыздар: Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамад 2007 жылы құрған бұл трибуналдың заңдық мәртебесі жоқ. Сондықтан президент Назарбаевтың кеңесшісі сотталмайды – Қазақстанға ақылын айтып, айына 1 миллион доллар ақысын же-е-еп жүре береді.

ІІ. ҰҚК-НІ ӨТІРІК БОМБАМЕН АЛДАУДЫҢ АҚЫРЫ

Ақпарат құралдарының жазуынша, осы аптада Батыс Қазақстандағы сот сараптама орталығының маманы Нұрлан Білекешов 5 жылға, оның әріптесі Мұрат Құлжанов 1 жыл 1 айға сотталды.

Оларға ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаменті «қару-жарақ және жарылғыш құралдар сатты» деген айып таққан.

Сотталғандар айыптары жоқ екенін мәлімдейді. «Бомбаны «Уахабшыларға» айғақ керек» деп арнайы қызмет өкілдері жасатты» дейді сарапшылар. «Иә, ол рас. Ісі күдікті сарапшыларды ұстау үшін айтқан едік» дейді арнайы қызмет.

Әңгіменің ұзын-ырғасы: биыл наурызда сарапшы Білекешовке облыстық ҰҚК департаменті қызметкері Өтеген Айнабеков келіп, «Атырау ішкі істер басқармасы ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкері едім» деп танысып, «діни экстремизмге байланысты күдіктілерге айғақ ретінде жапсыра қоятын бомба жасап бер» деп үш ай азғырыпты.

Білекешов ақыры көніп, бомба жасапты. Бірақ ішіне жарылмайтын Ақтөбе қаласы маңындағы Қызылжар ауылындағы осы үйге тығылған күдіктілер полиция келгенде өздерін-өздері жарып жіберген. 30 шілде 2011 жыл.

Ақтөбе қаласы маңындағы Қызылжар ауылындағы осы үйге тығылған күдіктілер полиция келгенде өздерін-өздері жарып жіберген. 30 шілде 2011 жыл.

материалдар салып, бомбаның муляжын жасап беріпті («муляждың» қазақшасын айтып жіберіңіздерші – «тұлып» десем, бомба бұзау болып кетпей ме?).

«Тұлыпқа» бола адамды соттай алмайсыңдар» деген адвокаттардың сөзі сотқа өтпепті, «Шын бомба десеңдер, полигонға апарып жарып көріңдер» деген Нұрлан Білекешовтің талабы ескерілмепті деп жазады «Республика» басылымы.

Сотталған сарапшы бұрын екі рет ҰҚК-нің «өтініштерін» орындамағанын айтып, «бұл - соның кегі» деп отыр екен.

P.S. Сотталған азаматтарды мен де айыптаймын. Жалған болса да, бомба жасап, ҰҚК қызметкерлерінің жүрегін ауыртқаны үшін! Онсыз да соңғы кездері жарылыстардан зәресі ұшып, қосүрей болып, шошымалы күйде жүрген арнайы қызмет жігіттерінің бомбаға тапсырыс беруі һеш мүмкін емес. Құдай сақтасын!

17 мамыр... Ақтөбе... ҰҚК ғимараты... Бомба... Жарылыс... Рахымжан Махатов.
24 мамыр... Астана... ҰҚК абақтысы маңы... Бомба... Жарылыс... Автокөлік.
31 қазан... Атырау... ҰҚК ғимараты... Бомба... Өзін-өзі жару... Бауыржан Сұлтанғалиев.
12 қараша... Тараз... ҰҚК-нің 2 қызметкерін өлтіру... ҰҚК ғимаратын РПГ-26 гранатометімен атқылау... Бомба... Өзін-өзі жару... Мақсат Қариев.

«Рас, бұлардың бәлендей бір ерекше ұйымдасқан тамыры жоқ. Бұл бізде Норвегиядағыдай болды – бір адам, яғни бандит жазықсыз жандарды қырып, өзін де өлтірмек болды. Тергеу барысы, өкінішке қарай, біздің осындай іске душар болғанымызды көрсетті. Терроризмнің шекарасы жоқ, мемлекеттердің бәрі онымен күресуі керек» (Н.Ә.Назарбаевтың «Интерфакс» агенттігіне берген сұқбатынан).

ІІІ. «ӘБІШ АҒА, КЕШІРІҢІЗ БІЗДІ...» НЕМЕСЕ ЖАРНАМА

Каддафи марқұмның кеңесшісін ақтадық, бомбадан қорқатын ҰҚК-ні жұбаттық – жә, жетер, енді өз қамымызды да ойлайық.

Қазақстанда Азаттық радиосын «жарнамалаушы» орыс тілді сайттар бұрыннан бар еді. Басқаны айтпағанда, апта сайын бізге бір «мақтау» арнап, «қырғиқабақ соғыс» жылдарының мақамымен «ода» айтып тұратындарды КТК-лық Красиенконы еске алайық.

Ол Азаттықты «АҚШ мемлекеттік департаментінің ақшасын алатын», «Қазақстанға жік салатын», «ібіліске адвокат болатын» ақпарат құралы деп атап, қызып кеткенде журналистеріміз жайлы «Атырау мен Тараздағы террористерден еш айырмашылығы жоқ бұлардың» деп тоқтаушы еді.

Бірақ бұлайша ойқастап шаппаған, Азаттықтағы белгілі бір мақаланы арнайы сөз еткен қазақ сайтына арнайы жарнама жасамасам, енді ұят-тағы.

Abai.kz сайтындағы «Әбіш аға, кешіріңіз бізді...» (авторы Серік Елікбай) деген мақала: «Тілі қазат, ойы азат «Азаттық» сайтындағы мақалада, жазарман уын аямай төгіпті, тілі жеткенше уыты өткенше, қаламын қанға салыпты. Құшарлана, ләззат ала, қалауын қандыра жазыпты. Қазақты қойдай қырған Ермак, Колпаковский, фон Таубе, 2 Николай, Анненков, Голощекин, Сталиндер туралы мұндай мақала көргенім жоқ. Мақала иесі ағаш оғын аямай атқан жан қазақтың бір туар ұлы Әбіш аға Кекілбаев! Иә, алпысыншы жылдары әдебиетке еркін еніп, төрін оңай жайлаған Ә.Кекілбаевты ел егемендігін алғанда жабыла талап жатырмыз. Қ.Жұмаділовтің бір замандасы айтқандай: «Мен ұйғырлардың ақымақ екенін білетінмін, бірақ осынша ессіз деп ойламаппын» деп басталыпты.

Ескерте кетейін – Азаттық радиосы ұйғыр ұлтының ақпарат құралы емес, АҚШ конгресі қаржыландыратын тәуелсіз ұйым. Оған қоса, адамды ұлтына қарай кемсіту де – біздің принципке жат.

Гәп Азаттықта жарияланған «Әбіш Кекілбаевтың саяси мансабы Назарбаевтың қолын сүюмен аяқталды» деген мақала туралы екенін енді түсіндік.

«Бүкіл жұрт Ә.Кекілбаев анау екен, мынау екен, шөп екен, сабан екен деп шулауда. Әбіш аға Кекілбаевқа қояр кіналары - «Елбасының қолын сүйіпті». Сөз - ақ... Сүйсе, осы елдің тұңғыш президенті, өзі де бірге Астанадағы «Бәйтерек» монументіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы. (Көрнекі сурет)

Астанадағы «Бәйтерек» монументіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы. (Көрнекі сурет)

құрысқан елдің басшысының қолын сүйді емес пе» дейді «Әбіш аға, кешіріңіз бізді...»-нің авторы.

Азаттықтағы мақала тек Әбіш Кекілбаевтың қол сүюі жайлы ғана еместігін - Қазақстан тәуелсіздік алған соң билікке араласқан қазақ зиялыларының автократиялық режимге қызмет етуі жөнінде екенін, «қол сүю» жазушының саяси карьерасы үшін символикалық «нүкте» ғана болғанын тағы айтамыз ба енді? Әйтпесе президенттің (премьердің, министрдің, ауылнайдың...) қолын (бетін, көзін...) сүю қылмыс емес қой, тәйірі!

P.S. «Батыстың ойшылы айтады: «Билікке фашистер келді. Біздің көшеде тұратын коммунисті ұстап әкетті, содан соң еврейді, славянды. Мен ештеме деген жоқпын. Ең соңында мені тұтқындады. Айғайладым. Көмектеспек түгілі дауысымды еститін ешкім де жоқ еді...» деп түйінделеді екен Серік Елікбайдың мақаласы.

Міне, міне! «Әбіш Кекілбаевтың саяси мансабы Назарбаевтың қолын сүюмен аяқталды» деген мақала да - «коммунисті», «еврейді», «славянды» «фашистер» ұстап әкеткенде үндемей қалатын мінез туралы еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG