Accessibility links

«Қаңғыған» араб, «жетім» кәріс және «жауынгер» қазақ


Ким Чен Ирді жерлеу кезінде қайғырып тұрған адамдар. 28 желтоқсан 2011 жыл.

Ким Чен Ирді жерлеу кезінде қайғырып тұрған адамдар. 28 желтоқсан 2011 жыл.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. «ЖЕЛІККЕН ЖАСТАР» НЕМЕСЕ «ПУТЬ К ТЕБЕ ОДНОЙ!»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда мәдениет пен өнер саласындағы президенттік және мемлекеттік стипендиялардың лауреаттарымен кездесті. Ол осы кездесуде «Жастардың бір бөлігі Африка және Еуропа елдерінде болып жатқан үлкен өзгерістерге желігіп жүр. Не айтылса соны дұрыс қабылдайтын жас ұрпаққа бізге қызғанышпен қарайтындардың бар екенін және олардың бізде бәрі жақсы болғанын қаламайтынын түсіндіру керек» екенін айтты.

– Шуылдақтың арасында бір-бірімен төбелесіп жатқан жап-жақсы елдердің экономикасы құлдырап, 10-15 жылға артқа кетті. 30 миллион Египеттің халқы 80 миллионға жетіп, жап-жақсы боп отырған болатын. Ең өркендеп өскен Африкадағы ел – Тунис болатын. Барлығының экономикасы артқа қарай кетті, халық қаңғып қалды. Соны біз жеткізе білуіміз керек. Біздің еліміз жаңадан тәуелсіздігін нығайтып келе жатқанда бірлік пен ынтымақ өте қажет, – деді Қазақстан президенті стипендия иелеріне.

Деді де 1957 жылы шыққан «Наш милый доктор» фильміндегі «Надо мной небо синее» деген әнді жұртпен бірге айтып, «Я пройду, И найду Путь к тебе одно-о-ой!» деп тарасты.

P.S. Президент Назарбаев айтпақшы, «бір-бірімен төбелесіп» «қаңғып қалған» «шуылдақ» араб елдерінің бірі – Ливия болатын. Осы аптада Гаагада орналасқан халықаралық қылмыстық сот сол Ливияның өлген соң ғана тақтан айрылған басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Саиф әл-Исламды «біздің қолымызға беріңдер» дегенді тағы айтты Ливия үкіметіне.

«Адамзатқа қарсы қылмыс жасады» деп айыпталған, әкесі Муаммар Каддафи қаза болғаннан кейін бір айдан соң қолға түскен Саиф әл-Ислам қазір Зинтан қаласындағы түрмеде отыр.

Әне, «үлкен өзгерістерге желіккен» араб жастарының «тапқан жолдарын» қараңыз!

ІІ. «ҰЛТ КӨСЕМІН» ЖОҚТАҒАН АЮЛАР

Тағы бір «бақытсыз» халық туралы сөз.

Ұмытпаған шығарсыздар, 2011 жылы 17 желтоқсанда Корей халық демократиялық республикасы зор қайғыға батты.

«Ұлт көсемі», «Ұлт әкесі», «Сүйікті, Сыйлы, Дана, Нұрлы, Жалғыз қолбасшы», «Ұлттың ұлы күні», «ХХІ ғасырдың әлемдік көсемі»... жиыны осындай 55 теңеудің иесі Ким Чен Ир 70 жасында «ой және дене еңбегінен зорығып», «халқын жетімсіретіп кетті» (Солтүстік Корея телеарнасының сөзі), яғни көз жұмды.

Көсемдерінің қазасына қайғырған «демократияшыл» кәріс халқының қаз-қатар тұра қалып, шашын жұлып, бетін тырнап, басын тоқпақтап жылағанын көргенде күлмеген адам сирек шығар. Сөйтсек Ким Чен Ирдің халқы бірдеңені біліп жылапты.

Ақпарат құралдарының айтуынша, Пхеньян осы аптада жарлық шығарып, елдің бұрынғы басшысының қазасына қайғырмаған, қаралы шеруге қатыспаған адамдарды, ҚХДР билігін сынаушыларды еңбек лагеріне алты айға жіберуге үкім еткен.

Әділ үкім! Солтүстік Кореядағы KCNA жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Ким Чен Ир қайтыс болғанда адам түгілі айуан да жылаған. «Ұлт көшбасшысының» қазасына орай өткен қаралы жиыннан келе жатқан адамдар жол шетінде қонжықтарымен бірге жылап тұрған аюды көріпті. «Бұл жолмен жуықта ғана Ұлт әкесі өткен екен – қыс ортасында ұйқысынан кенет оянып, далаға шыққан аюлар сол марқұмды жоқтап тұрған екен» дейді KCNA жаңалық агенттігі.

Айтпақшы, әкесі өлгенде Ким Чен Ир марқұмның баласы, ҚХДР-дың жаңа бас қолбасшысы Ким Чен Ынның жылағанын көрмедім ешбір телеарнадан. Оны да соттар ма екен алты айға?

P.S. ҚХДР арнайы қызметі өкілдеріне ескертіп қояйын – мен де жыладым Ким Чен Ир қайтыс болғанда. Муаммар Каддафи қайтыс болғанда да жылағанмын. Ол екеуімен замандас, өз халқына оқ атқан тағы біраз диктаторлар «ой және дене еңбегінен зорығып», халқын «жетім қалдырған» сайын жылауға және уәде беремін.

Бірақ диктаторларға өтініш – ақ қар, көк мұзда, қыс ортасында көз жұмып, байғұс аюлардың ұйқысын бұзбаса екен.

ІІІ. «ТАНКТЕР МЕН САМОЛЕТТЕР»

Осы аптада «Маңғыстаудағы оқиға жайлы енді не айтты екен» деп «Хабар» телеарнасын қосып едім, «Ақтауда әскер қатарына күзде шақырылған 175 сарбаз Қазақстан халқы мен Жоғарғы қолбасшыға адал қызмет етуге ант берді» деп хабарлап жатыр екен.

«Маңғыстауда азаматтық борышын өтеушілердің басым көпшілігі Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген бозбалалар» екенін, «жас жауынгерлер бір айға жуық уақыт дайындық курсынан өткенін» айтқан журналист былай деді:

– «Ішкі әскер қызметінде танктер мен самолет болмаса да, әскери борышты осында абыройлы өтеп шығу біз үшін аса құрмет және өте қажет» дейді сарбаздар.

P.S. Шынымды айтсам, Ақтаудағы жауынгерлерге танктер мен самолет бермегеніне мен де қайғырып отырмын.

Бірақ оқасы жоқ, «Батырға таяқ та – жарақ» деген мақал бар.

«Қазақстан халқы мен Жоғарғы қолбасшыға адал қызмет етуге ант берген» полиция мен арнайы жасақ Жаңаөзенге автомат пен сойыл арқалап барып-ақ «борыштарын» «адал» атқарды ғой, Құдайға шүкір.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күні болған оқиғалардан соң «қалада тәртіп орнатуға қатысқан» полицейлерін Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті марапаттап жатыр. Полицейлерге қол сағаттар, мақтау қағаздары мен алғыс хаттары беріліп, 460 қызметкерге алғыс жарияланды. Барлық қызметкерлерге ақшалай сыйлықтар берілді» дейді ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Әне, «адал қызмет етудің» ақысын қараңыз!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG