Accessibility links

Бегемот Тұрсынбай және басқа да белгілі қазақтар


Тұрсынбайдың Душанбе зоопаркінде жүрген кезі.

Тұрсынбайдың Душанбе зоопаркінде жүрген кезі.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш оқиғаны ғана айтайын.


І. 11 МЫҢ 245 ДОЛЛАР

Ақпарат құралдарын оқып отырсам, Қазақстан халқы осы аптада зор қайғыға душар болған сияқты.

«Қаралы хабарды» бәріңіз естіген шығарсыздар - Тәжікстанның Душанбе қаласындағы зоопаркте отандасымыз, Шымкенттен барған бегемот (сусиыр) Тұрсынбай туған жерін сағынып, қайғыдан (медицина тілімен айтқанда, жүрек талмасынан) қайтыс болыпты.

Зоопарк қызметкерлерінің айтуынша, «үлкендердің кейде баланың ісін істеп, тас лақтыруы» мен марқұмның жүрек талмасына ұшырауының арасында еш байланыс жоқ-міс.

Көбінесе суда жататын Тұрсынбай марқұм көз жұмған күні Душанбенің ауа-райы 8 градусқа дейін суытқанының да құдайдан келген ақ өлімге қатысы жоқ екен.

Душанбеліктер Тұрсынбайды аларда шымкенттіктермен төрт жыл саудаласып, ақысына төрт құс - ерлі-зайыпты екі ақбас құмай, ерлі-зайыпты екі сақалтай беріп, әзер көндірген екен.

P.S. Тұрсынбай марқұмның бағасы (аруағы кешірсін) төрт құсқа емес, ақшаға шағып есептегенде қанша теңге боларын білмеймін.

Бірақ Қазақстан статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайыловтың айтуына қарағанда, қазір ел халқының шамасы бегемот болмаса да, бір қора қой сатып алуға әбден келеді.

- Халықтың тұрмысы жақсарды. Тұрғындардың нақты табысы өсіп, жұмыссыздық деңгейі азайды. Елдегі өндіріс көлемі артып, өткен жылғы ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға артып, 27,3 триллион теңгеге жетті. Доллармен есептегенде, әрбір тұрғынға 11 мың 245 доллардан келеді, - дейді Әлихан Смайылов

Бұйыртып жегізсін!

ІІ. ӘБЛЯЗОВ ПЕН «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

«Қайран Тұрсынбай сөйтіп бөтен елдің зообағында жатып, өскен жерін сағынып құсадан қайтыпты. Әйткенмен де Тұрсынбайдың осы тағдырының өзі бізге терең ой салғандай. Біздің ғой Батысты бетке алып безе жөнелетін қашқындарымыз туған жерді, артта қалған елді сағынбақ түгілі, көз жасын бір сығуға да жарамайды. Сонда олардың бегемоттан бетер, сусиырдан суық болғаны ма?» деп жазады бір сайт.

Бұдан соң «қиыр жайлап, шет қонған қазақтардың қалың шоғыры болса, елге жете алмай зарығып жүр» деген мақала авторы бір ақынның Тұрсынбайға «өлең арнағанын» да айтыпты.

«Батыс жаққа бағыт байлап жасын кіл,
Шекараны ши көрместен асып жүр.
Хайуандар сағыныштан мерт болып,
Ал адамдар шетел жаққа қашып жүр» деп жазады бегемоттың өліміне қайғырған ақын.

P.S. «Шетел жаққа қашып жүр» демекші, осы аптада Ұлыбритания жоғарғы соты қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовты «сотқа құрмет көрсетпеді» деп айыптап, активтерін құрсаулап, өзіне 22 ай түрме жазасын кесті.

Осы жаңалық әсер еткен болса керек, «Егемен Қазақстан» газеті Мұхтар Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Әблязовқа төтен құрмет көрсетіп, екі күнде үш мақала («Әбілезовтің айласы іске аспады», «Ойыны осылған олигарх», «Көп асқанға бір тосқан») арнапты.

«Мәселен, тек 2009 жылы ғана оның (Мұхтар Әблязовтің – ред.) сансыз дүние-мүліктеріне, соның ішінде 136 жер теліміне, 924 пәтер мен 12 коттеджге, 3 ұшақ пен 80 көлігіне тыйым салынғанын» еске алған «Егемен Қазақстан» ол адамның «әу бастан дұрыс еместігін» айтады.

«Таяуда Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаны да Әбіләзовтің өз мүддесіне пайдаланбақ болғаны жұртшылыққа аян. Әбіләзовтің бұл сияқты күтпеген жерден «өнер» көрсетуі бірінші рет емес. Дегенмен, оның бұрынғы және бүгінгі «өмірбаянын» біле отырып, Әбіләзовтің ел мен халық мүддесін ойлайтын шынайы жанашыр екендігіне сене қоюдың өзі де күлкілі болып шығар еді. Соңғы кездері Әбіләзовтің бірқатар шетелдік сайттарды қаржыландырғаны да белгілі болып отыр. Ол осы электронды ақпарат құралдары арқылы түрлі материалдар тарата отырып, өзін қудалауда жүрген саяси қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан. Әбіләзовтің мұндай қулығы да Лондонда өткен сот процесінде әшкереленді» дейді мақала авторы.

Ал мен ойлап отырмын: - «Батысты бетке алып безе жөнелетін», «бегемоттан бетер, сусиырдан суық қашқындар» «сағыныштан мерт болуы» мүмкін бе? - деп.

ІІІ. ТҰРСЫНБАЙ-СҰЛТАН, ҚҰЛЫБАЕВ-НАЗАРБАЕВ

Ата-бабасының отаны Африканы емес, туған жері Қазақстанды ойлап 7 жасында құсадан өлген Тұрсынбай марқұмды Шымкент зоопаркі де еске алып, қайғырды осы аптада.

Тұрсынбайдың әкесі Сұлтан да осы зоопаркте талай жыл өмір сүріп, 2004 жылы 27 жасында қайтыс болған екен. Тұрсекеңнің анасы Ламбада жесір қалған соң, оған 2006 жылы Польшадағы Гданьск хайуанаттар бағынан Сташко деген бегемот мырзаны әкеліп қосыпты. Бұл екеуінен бала болды ма, жоқ па – ол жағын білмедік.

«Атадан жалғыз Тұрсынбай марқұмның жат жер - Душанбеде жазған күнделіктері жарияланса екен, ағайын-туысы табылса екен» деп тілек айтамыз енді ақпарат құралдарына.

Жаңаөзенде қанша адамның қаза тапқанын, аты-жөндері кім екендігін кейін анықтай жатармыз.

P.S. «Атадан жалғыз Тұрсынбай» дегеннен шығады, атасы мен баласының әңгімесі осы аптада Батыста да сөз болды.

Швейцариялық ATS ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «отанына жандары ашитын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Астана, 4 қазан 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Астана, 4 қазан 2011 жыл.

бір топ қазақстандық азамат» осы аптада Женева сотына шағым түсіріп, «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның күйеу баласы Тимур Құлыбаев 400 миллион франкты (331 миллион еуроны) иемденіп кетті» десті.

Адвокат Бруно де Пренің айтуынша, арызданушылар:
1) Құлыбаевтың «ҚазМұнайГаз» компаниясының бір бөлігін 30 миллион долларға алып, 340 миллион долларға қайта сатып, одан түскен пайданы «өз адамына» тиесілі «Ойлекс» компаниясына аударып жібергеніне;
2) Назарбаевтың 2006 жылы «Хабар» телеарнасын Қазақстан үкіметі сатып алған кезде 100 миллион доллар пайда көргеніне наразы.

Бір қызығы, бұл деректі Әблязов туралы көбірек жазатын «бірқатар шетелдік сайттар» да, Әблязов жайлы екі күнде үш мақала басқан «Егемен Қазақстан» да айтқан жоқ.

Онысы несі екен, а?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG