Accessibility links

«Қыз Жібектің» жаңа нұсқасы немесе «Мәңгі Жұртбасы» жыры


Қазақ-қалмақ соғысы туралы мультфильмнен оқырманымыз түсірген көрініс.

Қазақ-қалмақ соғысы туралы мультфильмнен оқырманымыз түсірген көрініс.

Қазақстанда сайлау сайын үздіксіз дамып келе жатқан саяси технологиялар тәсіліне салып, «Қыз Жібек» эпосының сюжеттік желісін жетілдіріп, сценариіне реставрация жасап көрдік.


Қазақстандағы мерзімінен бұрын президенттік сайлау спектаклін бұл жолы Ұлттық саяси абсурд театрының ең дарынсыз фарс-труппасы сахнаға шығарды. Бұған дейінгілеріне халық қол соқпаса да, залдың алдыңғы қатарларын толтырып, қалғып-шұлғып отырып көріп кететін. Биыл билеттің үстіне ақша қосып берсе де, көрермен жинау қиын болады-ау. Тек ориенталистік экзотика іздеген шетелдік қонақтар тағы бір мәрте төңіректеп келуі мүмкін. Сапалы синхронды аударма жоқ болғасын олар да әдеттегідей спектакльдің қай жеріне күлуді, я жылауды түсінбей кері қайтпақ.

Дәл осы саяси қойылымның бас режиссері мен сценарисіне «Қыз Жібек» шығармасын сахналау туралы ой келсе, бастапқы әдеби сценарийі мынадай болып шығады-ау деп шамалауға әбден негіз бар (режиссерлік сценариймен шатастырмаңыз, оны таратып отыратын уақыт жоқ).

СЦЕНАРИЙДІҢ ӘЛҚИСАСЫ

Төлеген жағалбайлылар мекен еткен ит өлген жердегі Жайықтың жағасы емес, жер жәннаты Жетібұлақтың Төртсары атты жайлауында, шаруа отбасында дүниеге келеді. Туарынан бұрын сол өңірден өткен әулие мен батыр біткеннің бәрі шешесінің түсіне еніп аян береді. Біреуі қолына шиті мылтық ұстатады, екіншісі қылышын ұсынады, үшіншісі бөркін тапсырады дегендей.

Төлеген батыр тумысынан көпшіл болып өседі. Жо-жоқ, көпшіл дегенге таза қазақша түсініп қалып жүрмеңіз. Ол төртсарылық шайыр сасыған қойшы балалармен ғана ойнап ер жетпейді (қанша дегенмен шаруа деген малшыдан көш ілгері қауым емес пе). Болашақ батырымыз Алатау асып анда-мұнда салаң етіп келіп қалатын қырғыз барымташылармен де, олай өткенде Бұқараның дәмін, былай өткенде Қашқардың кілемін он есе бағамен өткізіп кететін сарт саудагерлермен де, айына бір мәрте шапқыншылық жасап тұратын жоңғардың жігіттерімен де достық қарым-қатынаста болады. Жасынан жұртты достыққа, бейбіт қарым-қатынасқа, тұрақтылыққа үндейді.

Бас кейіпкеріміздің қай молданың алдын көріп, әліп үйренгені анық айтылмайды. Бірақ, кішкентай кезінен зеректігі байқалып, қалмақша, парсыша, оғызша еркін сөйлеп, тіпті ән айтқаны баршаны тәнті етеді. Ол аз болса бозбала шағында аз уақыт Мәскеуиттер еліне барып көне славян тілінде («жетпіс жеті мақаммен боқтауды» деген әуелгі сөйлемге түзету енгізілді – сценарист) ел басқару мен шешендік өнерді үйреніп қайтады.

ЖОНДАНУ

Төртсарыға қайтысымен көпшілдік қасиеті оны туған жеріне сыйғызбайды. Қай кемеңгерді өз елі бірінші танып, құрмет қылушы еді? Көп кешікпей Сарыжонға ауып, ондағы жылқының еті мен қымыздан басқа түк көрмеген түземдіктерге кен қазып, егін салып, орыс моншасына түсуді үйретеді. Батырекең көшіп-қонған жергілікті жұртқа сарысақал кержақ шаруалармен тамыр болудың жолдарын көрсетеді. Теңіз патшалықтарының дәурені жүргесін Жібек жолының орнын ғана сипап қалған; от қарусыз қолы байланып, малы оттайтын шұрайлы жерден айрылуға шақ тұрған есі кіресілі-шығасылы жұртқа мәнсіз соғыстан мәнді құлдық артық екенін ұқтырады.

(«Ойбай, Қыз Жібек қайда?! Қыз Жібек?!!!» деп шарылдап, шыдамнан айрылған надан жұрт тыныш отырсын! Оған да жетеміз әлі – сценарист).

Сөйтіп Сарыжондағы қалың жұртқа өркениетке жету жолын нұсқағасын Кесіл өзенінің бойындағы ашамайға мінген ел ішіне келіп, ит байласа тұрғысыз, борсыған батпақты, саздауыт жеріне орда тігеді де, гүлстанға айналдырады. Өзін «Мәңгі Жұртбасымын» деп жариялайды. Бұл жерде Төлегеннің көпшілдігі келесі деңгейге көтеріледі. Мәскеу патриархы мен моғол империясының бас қазысын, Ватиканның кардиналы мен армян шіркеуінің епископын, қызылбастың имамы мен қос Американы ашып жатқан миссионерлерді арнайы алдырып, жаһандық достық пен бейбіт қарым-қатынасқа шақырады. Ас та төк дастарқан мен керуендеп артқан сый-сияпаттың күші қойсын ба? Меймандардың бәрі бір ауыздан Төлегенді «Бетпақдаланың ұлы шиебөрісі» деп танып, арқасынан қағып кетеді. Былай шыға «мәскеуиттің шүлен мырзасы» деп мырсылдай кекеткендері болады, әрине. Бірақ, жақсының артынан сөз ілеспей тағы тұрмайды.

(Жә, осы тұста Қыз Жібектеріңе де жетеміз – сценарист).

ЗАҢДЫ НЕКЕ

Сөйтіп, кемел ақылы мен мінсіз келбетіне теңеу табылмас батырымыз бір күні өзіне лайық, жо-жоқ лайық деген тым асыра айтқандық болады, өз дәрежесіне жетеғабылдау бір шүйкебасты жолықтырады. Көркіне көз тоймас ажарлы һәм ақылды екен дейді кейбіреулер. Бірақ, қайталап айтамыз, бас кейіпкер қай жағынан алғанда да Қыз Жібектен артық жаратылған; маңдайына туған топырағын қору, онда секеңдеп көшіп-қонып жүрген тобырды бір жебе атпай, қылышын қынабынан бір мәрте суырмай елге айналдыру жазылған тұлға. Ал Жібекті көп әспеттей берудің қажеті жоқ. Бар қасиеті – осындай адамның балтырын уқалау құрметіне ие болған көп ұрғашының бірі-дағы. Сондықтан салтанатты көштегі Жібектің күймесін сипаттаудан дәметпей-ақ қойыңыздар. (Дәл осы тұсқа келгенде сценарий үш рет өзгертілген. Соңғы нұсқаның ғана түпнұсқалық күші бар – сценарист).

Бірінші нұсқа. Бас кейіпкеріміз Қыз Жібекті заңды жарына айналдыру үшін Бекежан атты шектінің белгілі батырымен сайысқа түсуге мәжбүр болады... (Нұсқа жарамсыз деп танылсын – сценарист).

Екінші нұсқа. Бас кейіпкеріміздің Қыз Жібекті заңды жарына айналдыруына Бекежан атты тегі тұманды, аймақ деңгейіндегі бір қарақшы кедергі келтірмек болады... (Нұсқа жарамсыз деп танылсын – сценарист).

Үшінші заңды нұсқа. Бас кейіпкеріміздің Қыз Жібекті заңды жарына айналдыру әрекетіне есімі белгісіз бір есерсоқ «Жеті жарғыға» қайшы жолмен наразылық танытады. Оны естіген Төлеген батыр көптің берекесін алушы пәлекетке Шеге деген көмекшісін жіберіп, «Саған сонда не керек?!» деп сауалды төтесінен қойғызады. Қанша дегенмен батыр емес пе? Ана бейшара сонда үрейі ұшқан күйі: «Моя цель – Қыз Жібекті алу бәсекесінде екінші орын иелену» деп жауап береді. Сосын біраз ойланып барып: «Бірақ, если честно, Жібекке батырекең ғана лайық қой. Төкеңді айтам, конечно» деп қосып қояды. Сол кезде Шеге: «Мынауың қазақша да дұрыс білмейді ғой, ей! Қызға қайтіп сөз айтқалы жүр?» деп сорлының үмітін біржола үзеді. Үнемі езуін алдын-ала кергілеп, ыржиюға дайын тұратын игі-жақсы қыран-топан күлкіге батады.

Ары қарай адамзат алыбы Төлеген батыр мен оның заңды зайыбының неке қию рәсімі отыз күндік ойынға, қырық күндік тойға ұласады. Бұл той – тұтас дала жұртының достық һәм тұрақтылық тойы! Х-м, былайша айтқанда, мәңгі той!

СЦЕНАРИЙДІҢ СОҢЫ

P.S. Автордан: «Тіпу, әкес-с! Төлегеннің қазақ эпосындағы орны ерекше лирикалық кейіпкер екенін білеміз. Бірақ, мынауың бір мәрте атқа қонып, атойлап жауға шаппады ғой?! Ең құрыса қыз алдына шығып қырындаса болмай ма?!!» деп қарғанып-сіленіп отырған жұртқа айтарымыз – дүниеге Төлегеннің биігінен қарай алмайтын ергежейлілер, бас кейіпкерге тіл тигізуді доғарыңдар! Айтпақшы, екі түрлі маңызды жайттан хабардар болып жүрген жөн. Біріншіден, жырдың аты бұдан былай «Мәңгі Жұртбасы, тұңғыш һәм соңғы Төлеген батыр» болып өзгерді. Екіншіден, Сансызбайдан күдер үзіңдер. Соңғы нұсқада ол бөлімді талантты бас сценарисіміз өз қолымен қысқартып тастады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG