Accessibility links

Назарбаевтың "энергетикасына" сүйсінген әйел


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш оқиғаны ғана айтайын.


І. «ХАЛЫҚҚА ЗИЯНДЫ ДЕМОКРАТИЯ»

Наурыздың 4-і Ресейде президент сайлауы өтіп, Владимир Путин Ресей федерациясының президенті болып сайланды.

Байқауымша, Путиннің жеңгеніне өзінен кейін қатты қуанған Қазақстан болды-ау деймін. Сайлау нәтижесі шыққан күннен бастап бір апта бойы «тыныштық пен тұрақтылықты қалаған ресейліктердің дұрыс таңдауы» Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ-қа сүйікті азық болды. Сол мақалаларды оқып, хабарларды көріп отырып, демократия туралы түсініктің де Қазақстанның өзіне ғана тән қисынмен тәпсірленетініне тағы бір мәрте көз жеткіздім.

Мәселен, «Егемен Қазақстанға» сұқбат беріп, Путиннің жеңісіне масаттанған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, саясаттанушы ғалым Камал Бұрхановтың айтуынша, «Ельцин мемлекет басқарған тұста Ресей өзінің ең бір қиын кезеңін басынан өткерді. Демократияға елігудің ретсіздігі соншалықты, бізше айтқанда, аудан әкімін облыс әкімі дұрыс қызмет атқармаған күнде орнынан да ала алмайтын, айтқанын да істете алмайтын. Өйткені, оны халық сайлаған».
Путинге наразы ресейліктер шеруінен көрініс. Плакат ұстаған адам "Путин болмаса, басқа кім президент бола алады" деген кең тараған клишені мазақ етіп тұр. Мәскеу, 10 наурыз 2012 жыл

Путинге наразы ресейліктер шеруінен көрініс. Плакат ұстаған адам "Путин болмаса, басқа кім президент бола алады" деген кең тараған клишені мазақ етіп тұр. Мәскеу, 10 наурыз 2012 жыл


Депутат мырза айтпақшы, «губернатор сотқа жүгінбесе, сайланбалы жолмен билік басына келген жергілікті билікке айтқаны жүрмеген хаос кезде» «үлкен державаны демократияға елігуден, яғни тарап кетуден сақтап қалған» Путинге деген «сүйіспеншілігімізді» біз де айта отырып, әңгімені демократияға қарай бұрайық тағы.

– Демократия – өте қажет дүние. Сізге бір нәрсе айтайын. Мына дүниеде отсыз тіршілік жоқ. Үйімізді жылытамыз, ас әзірлейміз, отсыз күнелте алмаймыз. Ал бірақ осы от орынсыз қатты жанып кетсе, жан-жағын жайпаған қырғын өртке айналады. Одан мал-жан да, үй-жай, қора-қопсы да, орман, қала да өртеніп кетуі мүмкін. Демократия да осы сияқты. Оның бой бермей лапылдап жанғанынан эволюциялық жолмен дамығаны дұрыс. Әрбір мемлекетті демократияландыру үдерісінің деңгейі халықтың саяси мәдениетінің деңгейімен сәйкес болуы керек. Мәселен, көршіміз – қырғыздардың басынан осы жәйт өтті. Елге халқының саяси мәдениетіне сәйкеспейтін еуропалық демократияның заңдылықтары келді. Заң жүйесі аспанда, ал халықтың саяси мәдениеті төменде жатты. Ақыры немен тынғаны белгілі, - дейді Камал Бұрханов.

Саяси сауаты «демократияны ұғуға жетпеген» қырғыз халқына жаны ашып, «басқаруға ыңғайлы қазақстандық демократияны» ойлап тапқан білгіштерге тәнті болып отырғанымда аптаның аяғына да жетіппіз. Теледидарды қосып едім, «Хабар» арнасы «Таразы» бағдарламасын көрсетіп жатыр екен.

– Владимир Владимирович Путин президент болып сайланған күні Ресейдің «Бірінші арнасы» «Москва көз жасына сенбейді» фильмін бір күнде екі рет көрсетті. Бұл да саяси қарсылықтың сұмпайы, бірақ сауатты түрі, - деп сөйлеп тұрды журналист.

Әріптесімнің сөзінен бір ұққаным: Путинді сынаушылар «Курск» сүңгуір қайығының суға батқанына, «Норд-осттағы» қырғынға, Бесландағы қасапқа Путинді айыпты санайды – «бірақ Ресей тағына енді мінген Владимир Владимировичтің шетелден қаржыландырылған топтармен күресуі де оңай болмапты ол кезде».

– Халық тыныштық, тұрақтылық сақталғанда ғана табысқа жетеді. Сондықтан Ресей халқына қайырлысы Путин шығар, сірә, - деп аяқталды «Хабардың» 10 наурыздағы хабары.

Мен ойлап отырмын: «Сайлауда жеңгенін естігенде Путин жылап жіберді. Егер ол жеңілгенде, Қазақстанда кім жылар еді?» деп.

ІІ. «БАЛАНЫ – ЖАСТАН...»

Осы аптада оппозициялық басылымдардың сүйікті тақырыптарының бірі – бала болды. Бала болғанда да анау-мынау емес, 4 наурызда «Барыс» пен «Металллург» хоккей клубтарының ойынын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оң жағында отырып көрген бала туралы.

Мен де бала туралы ойлап отырмын – марқұм Муаммар Каддафидің баласы Саади Каддафиді. Осы аптада Ұлыбритания соты осы елдегі Саадиге тиесілі, құны 15 миллион доллар болатын сарайды тәркілеп, Ливияның жаңа билігіне қайтарып берді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгісіз бір ұл баламен хоккей тамашалап отыр. YouTube вебсайтынан алынған сурет.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгісіз бір ұл баламен хоккей тамашалап отыр. YouTube вебсайтынан алынған сурет.


Нигерияға қашып барып, сол елден саяси баспана алған Саади Каддафиден де, кезінде әлгі сарайды сатып алушы атанған Capitana Seas компаниясынан да ләм-мим деген қарсылық болған жоқ.

Осы хабардан кейін «Форбс» журналының 2011 жылғы тізімінде 2,6 миллиард доллар байлығымен 938-орында тұрған ерлі-зайыпты Тимур мен Динара Құлыбаевтардың биылғы тізімге енбей қалғанын ойлағым да келмеді. «Олар өткен жылы Швейцариядан 75 миллион франкке сарай сатып алды ғой» деген сөзді мүлде айтпаңызшы Саади Каддафидің 15 миллион доллар ғана үйінен соң.

Қазір «Франция президенті Николя Саркозидің 15 жастағы ұлы Елисей сарайы маңынан өтіп бара жатқан полицей әйелді помидормен атқылап, әкесі соған бола кешірім сұрады» деген жаңалықты оқып, тіпті жүйкем жұқарып отыр.

Әлбетте, салауатты өмір салтына қызықпаған, хоккей тамашаламаған бала одан басқа не ермек тапсын.

ІІІ. «…ӘЙЕЛДІ – БАСТАН»

Қазақстан президенті Назарбаев халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірнеше әйелді қабылдап, мерекелерімен құттықтады.

Бұл кездесуде президент айтқан, «денсаулық сақтау мен білім салаларындағы қызметкерлердің 90 пайызы – әйелдер», «кредиттердің 40 пайызы әйел кәсіпкерлерге бөлінуде», «үкімет құрамында үш әйел министр қызмет атқарады», «парламент мәжілісінің 22 пайызы әйелдер – бұл тіпті Еуропалық одақ өлшемдері бойынша да жоғары көрсеткіш» деген бұрыннан таныс деректерге таңданған жоқпын.

«Біз медицинаны едәуір алға апардық. Жас босанған әйелдер мен жас балалардың өлімі едәуір төмендеді. Жүрек-қан тамырлары мен туберкулез аурулары азайып келеді. Осындай себептерге байланысты халықтың өмір сүру ұзақтығы үш жылға артты. Әлем елдерінде дағдарыс болып жатыр, өндіріс орындары қысқаруда, ал біз жаңа жұмыс орындарын ашудамыз. Барлық жерде еңбекақы мен зейнетақы көлемі қысқартылуда, ал біз оларды ұлғайтудамыз» деген президент сөзі де мені селт еткізген жоқ.
Назарбаевтың суреті салынған билборд тұсынан өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл

Назарбаевтың суреті салынған билборд тұсынан өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл


Мені тәнті қылған – президент Назарбаевқа тәнті екендерін айтқан әйелдер қауымының өкілдері.

– Қазақстандағы 8 миллион әйел, 8 миллион жүрек сіздің ерен еңбегіңізге тәнті болып отыр. Қазір бүкіл әлемнің сенімсіз халге түскенін сіз бізден артық көріп отырсыз – біз оны байқаймыз. Біздің елде балабақшалар, мектептер, парктер, университеттер, театрлар, концерт залдары, спорт ғимараттары салынып жатыр. Менің ойымша, бұл жасампаздықтың бәрі сіздің арқаңыз, қымбатты Нұрсұлтан Әбішевич. Сіз сондай нұрлы, жалынды, көрікті, сымбатты, тартымды адамсыз. Сіз бізді ерлікке жігерлендіресіз, – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова.

Одан кейін продюсер Баян Есентаева сөйледі, сөйлегенде бүй деді:

– Сіз бізге – әйелдерге ғана емес, ерлерге, әрине, балаларымызға да кумир адамсыз. Бүгін бізге талай жылы сөз айттыңыз. Сіз осы жерге кіріп келгенде мен бір өзгеше күйге түстім. Қуаныштан ба, бақыттан ба, білмеймін – көзім жасаурап кетті сол кезде. Сіздің энергетикаңызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Сезіліп тұра ма? – деп сұрады президент.

– Сезіліп тұрады. Қыздар, рас екеніне келісесіздер ғой, – деді продюсер.

Әңгіменің осы тұсына келгенде мұнша мақтауды тыңдап отырған менің өзім балқып кетіп, естен танып қалыппын. Бұл кездесудегі одан кейінгі әңгіме қалай болды – соны айтып жіберіңіздерші.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG